Көкшетау қаласындағы №3 кәсіптік-техникалық лицейдің 121 түлегіне дипломдар тапсырылып, индустриялық-инновациялық жоба жүйесіндегі кәсіпорындарға жолдама берілді. Оқу орны мен жұмыс берушілер арасындағы екіжақты келісім шарттың құнды қайтарымын осыдан да көруге болады. Бұл кездейсоқтық емес. Озық үлгідегі 25 оқу кабинеті мен компьютер сыныптары, екі тігін цехы, құрылыс зертханасы, оқу полигоны, басқа да әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандары бар лицей түлектеріне сұраныс жыл санап артып келеді.
Салтанатта үлгі аларлық бастама көтерілді. Оқу орнын үздік дипломмен бітірген Қуаныш Жұмкенов пен Жанура Сәрсенбаеваның фотосуреті «Құрмет тақтасына» ілінсе, облыстық білім басқармасының бастығы Марат Ыбыраев Анатолий Мироновқа осындай дипломға қоса тұрмысқа қолайлы екі бөлмелік пәтердің кілтін тапсырды. Есіл балалар үйінде тәрбиеленген Анатолий өзінің туған қаласының құрылыс саласын өркендетуге үлес қосатын болады.
Пәтерді лицей оқытушылары өз қаражатына сатып алғанын да сөз орайында айта кетсек дейміз.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы.