Облыс орталығындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында осындай ойын алаңы ашылды. Орталықтың үш қабатты ғимараты бұдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген-ді. Алайда, ғимарат алаңында кезінде бұзылған мекеменің қоқыстары қалған. Орталық басшылығы біраз құрылыс мекемелерімен сөйлескенімен ешқайсысы құлшыныс таныта қоймаса керек. Бұл шаруаны облыстағы «Жастар болашағы» қоғамдық бірлестігі қолға алып, ата-ана қамқорлығынан айырылған бүлдіршіндерге әдемі сый жасады. Азамат Қайратұлы басқаратын бұл бірлестіктің мүшелері орталық маңынан 1200 тонна қоқысты шығарып, ауланы тазартты. Аулаға отыз «КамАЗ» қиыршық құм төкті. Жастардың мұндай бастамасына қаладағы түрлі мекемелер қолдау көрсетті. Орталыққа жылына орташа 600 бала түседі екен, өткен жылы бұл көрсеткіш 230 балаға дейін азайыпты.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы жаңа ойын алаңының салтанатты ашылуына қатысқандар бүлдіршіндерге ізгі тілектерін білдірді, «Жастар болашағы» қоғамдық бірлестігі ойыншықтар сыйлады... Бұл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты «Қазақстанның болашағы үшін» патриоттық-азаматтық кең көлемді марафон-бастама аясында өткізілген игі шара болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.