Кеше Астанадағы «Тұран-Профи» халықаралық кәсіптік академиясында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында «Бизнес негіздері» курсы бойынша шағын және орта бизнес өкілдері мен жұмыспен қамтылмағандар үшін кәсіпкерлік дағдыларын оқып-үйрену сабақтары басталды. Тапсырыс беруші Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп жөніндегі басқармасы болса, бағдарламаның операторы аталған академия жанындағы «Біліктілікті арттыру институты» мекемесі болып отыр.
Аталмыш бастаманың тұсаукесеріне арнайы келген Ақмола облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Бақыт Есімова бұл курстың кәсіпкерлікті жаңа бастаған және әрі қарай дамытқысы келетін азаматтар үшін тигізер пайдасы мол екенін айтты. Сондай-ақ, ол кәсіпкерлердің жаңа жобалар жасау мен бір-бірімен тәжірибе алмасуда көмегінің көп екенін де назардан тыс қалдырмады.
– Курста болашақ кәсіпкерлерді бизнеспен таныстыру, яғни оларға идеядан бастап оны құрудың және кәсіп ашудың тиімді жолдары үйретіледі. Оқытушылары – практикалық жұмыста жинақтаған тәжірибесі мол бизнес-тренерлер мен кеңесші мамандар. Сонымен қатар, ойын сабақтарын осы әдісті шетелдерден үйреніп келген білікті оқытушылар өткізеді, – дейді «Тұран-Профи» халықаралық кәсіптік академиясының проректоры Дарын Қаппаров.
Жалпы саны 150 адамды қамтыған курстық оқулар 27 тамызға дейін жалғасады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.