• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2011

Уақыт туындатқан міндеттер

520 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздік жылдарында құқық қорғау органдарының жүйесін реформалау мен көптеген ұйымдастыруларды бастан кешірді. Соның ішінде Әділет министрлігі де қайта құрулардан кенде қалмады. Біз, осы орайда, Әділет министрі Рашид Түсіпбековке жолы­ғып, әділет органдарының тәуелсіздік жыл­дарында қалыптасқан жағдайына, соның ішінде  тіркеу қызметі және құқықтық көмек көр­сету салаларына қатысты әңгімелескен едік. – Рашид Төлетайұлы, әңгімемізді заман талабына сай әзірленген «Неке және отбасы туралы» жаңа кодексті қабылдау мәселесінен бастасақ. Бұл заң жобасы ескірген нормалардан ары­лу және жаңа өзгерістер енгізу үшін дайындалған отбасылық қаты­нас­тарды реттейтін нормаларды жү­йе­ге келтіруге бағытталғаны белгілі. – Иә, мұндай нормалардың қажетті­лі­гін уақыттың өзі талап етіп отыр. Себебі, 2004 жылға дейін аудандардағы әді­лет органдары әділет басқар­ма­ларын­да құрылған АХАЖ бөлімдері ретінде жұмыс істейтін. Әділет органдарының азаматтық хал актілерін тіркеу саласын­да­ғы қызметі азаматтардың құқықтары мен заңдық мүдделерін қамтамасыз етеді, ал әділет құрылымдары берген құ­жат әрбір адамның өмірінде құқықтық реттеу құжаты болып табылады. Бүгінгі күні «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесі енгізілді және сәтті жұмыс істеп келеді, ондай ТМД елдерінде жоқ. Осы бағдарламалық өнімнің көмегімен АХАЖ бөлімдері азаматтық хал актілерінің жазбалары мен куәлік­те­рін қолмен толтырудан бас тартып, аза­маттық хал актілерін электронды түрде тіркеуді жүзеге асырады. Бұл бағ­да­р­лама арқылы берілетін мәліметтер «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қо­рын толтырудың бірден-бір көзі. Қазір үйден шықпай-ақ, интернет арқылы азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтаманы алуға болады. – «Нотариат туралы» заң жаңа нотариалдық жүйені құрайды. Жекеше нотариустың мәртебесі – ерекше заңгерлік мамандық болып белгіленген, ол құқықтар мен фактiлердi куә­лан­дыруға, сондай-ақ осы заңда көз­дел­ген өзге де мiндеттердi жүзеге асы­руға бағытталғаны анық. Бірақ нотариат атқарушы билік орган­дары­ның жүйесіне кірмейтіні де белгілі. – Иә, дұрыс айтасыз, нотариат жүйе­сі бұрынғы тәртіп бойынша атқарушы билік органдарының жүйесіне кірмейді, заңға сәйкес тікелей және дербес қыз­мет ететін, өзін-өзі реттейтін белгілі но­та­риаттық бірлестіктер аумағында қыз­мет атқарады.Тәуелсіздік жылдарында елі­міз­дің нотариаттық қызметін жетілдіру жөнінде көптеген шаралар қабыл­дан­ды, соның бірі жеке нотариатты енгізу мә­селесі. Президент «Нотариат туралы» заңға 1997 жылғы 14 шілдеде қол қойды. Аталған заң қабылданғанға дейін Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік нотариустар туралы» заңы қолданылып кел­ді. 1998 жылғы 25 сәуірде нотариат­тық қызметпен айналысу құқығына ал­ғашқы лицензиялар беріле бастады. 1998-1999 жылдары облыстарда, Астана және Алматы қалаларында 16 ау­мақтық нотариаттық палаталар құрыл­ды. 2000 жылдың басында Қазақстанда 900 нотариус жұмыс істеді, оның ішінде 600 жеке нотариус болды. 2003 жыл­ғы 5 мамырда «Нотариат туралы» за­ңға енгізілген өзгерістер мен толық­тыру­ларға сәйкес нотариустар кәсіпкерлер болып та­нылмайды, бірақ нотариус­тар­дың жал­пы санына шектеу қойылды, но­тариустың бос орындарына орналасуға конкурс енгізіліп, нотариаттық мұра­ғат­тар көзделді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы «Конститу­ция­лық заңына өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы» заң жобасы ведомство­аралық комиссияда әзірленді және ма­құл­­данды. Аталған заңды қабылдау жекеше нота­риустардың мөрінде Мемлекеттік Ел­таң­баны бейнелеуге рұқсат етеді және же­кеше нотариустың қызметi жария-құ­қық­тық әрі жеке-құқықтық сипатта бола­ды деп танылады. Сөйтіп өз­герістер мен толықтырулар негізінде бір­ыңғай нота­риат­тық ақпараттық жүйесі енгізіліп, нотариустар барлық жасаған нотариаттық іс-әрекеттерді қағаз және электронды тізілімдерде тіркеуді жүргізеді. – Адвокатура азаматтардың құ­қық­тарын қорғауды қамтамасыз етуде мемлекеттік тетіктің маңызды бір буыны болып саналады. Осы орайда адвокатура реформалауды қажет етеді дегенге қалай қарайсыз? – Тәуелсіз Қазақстандағы адвокату­ра­ны дамыту қажеттілігін анықтаған бірінші құжат Президенттiң «Қазақстан Рес­публикасындағы құқықтық реформа­ның мемлекеттiк бағдарламасы туралы» қау­лы­сы болып табылады. Онда сот жү­йесi тиiмдi жұмыс iстеу үшiн жоғары дең­гей­де мамандандырылған адвокатура керек деп атап көрсетілді. Өйткені, ол уақытта адво­каттық қызметтiң тәуелсiз, өзiн-өзi басқа­ратын ұйымдық нысан­дары­ның көп түр­лiлiгi, оны мiндеттi түрде лицензиялау, қорғаудың және өкiлдiктiң нә­ти­же­лi­лiгi үшiн кепiлдiктер, азаматты қорғауда және басқа заң көмегiн көрсе­ту­де адвокат­тардың қызметiне қол сұқпау­шы­лық, кез келген мемлекеттiк және мем­ле­к­еттiк емес органдар мен мекемелердегi сот iсiн жүр­гiзудiң кез келген сатысында кәсiби заң көмегiмен қорғауға құқығы, заңмен белгi­лен­ген адам­дарды қорғау үшiн шыққан шығысты мемлекет есебi­нен өтеу секілді мәселелерді шешетін адвокатура туралы қолданылып жүр­ген заң­дарды қайта қарау­ды көздейтін құқық­тық реформаларды қажет етті. Экономикалық салада орын алып жат­қан ауқымды үдерістер, Қазақстанның әр түрлі халықаралық шарттарға қосылуы және нарықтық реформалар барысында заңнаманың өзгерістері адвокаттардың жоғарғы кәсіптілігін, арнайы білімдерінің болуын талап етеді. Қоғамның және қо­ғам­дық қатынастардың даму сатысында уақыт адвокатураның алдында жаңа талаптар мен жаңа міндеттер жүктеді. Соған орай адвокатураның әрі қарай даму бағыты Президенттiң Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­нал­ған Құқықтық саясат тұжырым­да­ма­сында көрсетілді. Тұжырымдамада адвокатура терең реформалауды қажет етеді деп түйінделді. Өйткені, адвокатураны одан әрі дамыту үшін стратегиялық жобалау, адвокаттардың тәуелсіздігін күшейту, тәртіптік рәсімдердің ашықтығы және оның нәтижесін адвокатура институты шегінде шағымдану, ішкі басқару, адво­кат­тарды дайындау жүйесін және жалпы этикалық нормаларды белгілеу, адвокатура қызметін насихаттау секілді маңызды міндеттер шешімін таппай келеді. Сондықтан, Әділет министрлігі адвокатурада өзін-өзі басқару институтын да­мы­ту және оған мемлекетке тиесілі емес функ­цияларды беру керек деп есептейді. Оның өзін-өзі басқару арнасында дамыту­ға және қазіргі институттық негізде реформалар жүргізу мүмкін емес. Бұдан басқа, министрлік қазіргі тағайын­дал­ған адвокат­тар­ға ақы төлеу және халыққа кәсіби құқықтық көмек көрсету ережелерін тұжырымдамалы түрде қайта қарауды көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халыққа кәсіби құқықтық көмек көр­сету жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасын әзірлеуге кірісті. – Жылжымайтын мүлікке құқық­тар­ды мемлекеттік тіркеу саласында қандай жаңалықтар бар? – Тәуел­сіз­дік жылдары кезінде мүліктік қатынас­тар саласы, әсіресе жылжымайтын мүлік­тік құ­қықтарға ауысу айтарлықтай ұлғай­ды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру, жер телімдеріне жеке меншік енгізу жә­не оларды нарықтық қатынастарға тарту, жылжы­май­тын мүлік саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізудің қажет­ті­лігі жылжы­май­тын мүлікке құқықтардың бір­ың­ғай мемлекеттік тізілімін енгізуді қажет етті. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тір­кеуді міндеттеу нормасы алғаш рет Аза­маттық кодекстің 118- бабында бекітілді. Осы нормаға сәйкес жылжымайтын зат­тар­ға меншік құқығы және басқа да құқықтар, құқықтарды шектеу, олардың туындауы, өтуі және тоқтатылуы мемлекеттік тіркелуге жатады. Елбасының «Жылжымайтын мү­лiк­ке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу туралы» Жарлығына сәйкес жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу жөніндегі қызмет шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген «Жылжымайтын мүлiк жөнін­дегі орталықтар» республикалық мемлекеттік кәсiпорындарына жүктелді. «Электронды үкіметті» құру мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шең­берін­де Әділет министрлігі Байла­ныс және ақпарат министрлігімен бірге электронды ақ­па­раттық қызметтер көрсету тәжірибесін құ­ру және енгізу жөнінде жұмыстар жүр­гіз­ді. Егер қағаз нұсқасында жылжымайтын мүлктің бар (жоқ) екендігі туралы, жыл­жымайтын мү­лікке тіркелген құқық­тар туралы анықта­ма­лар 3 күн ішінде берілген болса, 2010 жыл­­дың мамыр айынан бас­тап аталған анық­тамаларды ХҚКО электронды форматта өтініш беруші өті­ніш жасаған сәттен бастап 30 минут ішінде ұсынады. Бұдан басқа, кез кел­ген аза­маттың электронды цифрлық қол­таң­басы болған жағдайда аталған анықтама­лар­ды интернет арқылы «электронды үкімет» порталында дербес ала алады. Үстіміздегі жылдың басында Әділет министрлігінің бастамасымен жылжы­май­тын мүлік құқығын жедел түрде тіркеу үшін алым мөлшері жеке тұлғалар үшін пә­терге, жеке тұрғын үйге, тұрғын үйге жат­­пайтын құрылысқа, заңды тұл­ғалар үшін тұрғын үйге жатпайтын құры­лысқа тиісті мөлшерде төмен­детіл­ді. Алым мөл­шерін төмендеткеннен кейін же­дел түрде тіркеу қызметіне өтініш біл­діргендердің саны 10 есеге, бюджет қорының сомасы 40 пайызға өсті. – Жылжымайтын мүлікті ресімдеу кезінде қаржылық шығындарды қыс­қарту мақсатында, заңда жаңадан құ­рыл­ған жылжымайтын мүлікке және жылжымайтын мүлік қайта жөн­­делген, қайта жоспарланған жағ­дай­да техника­лық тексеру жүргізі­ле­тіні айтылған ғой. – Әрине, меншік иесі жылжымайтын мүлік объектісін айырбастаған жағдайда оның техникалық паспорты өзінің заң­дық күшін сақтайды және сатушыдан жыл­жымайтын мүлікті сатып алушыға бе­реді. Сондай-ақ, техникалық паспорт­ты дайындау жөніндегі қызметтердің құ­нын есептеу тәртібін оңтайландыру және азаматтар мен заңды тұлғалардың оны әзірлеуге қаржылық шығындарын кеміту мақсатында жаңа бірыңғай баға­лар прейскуранты бекітілді және оған сәйкес жұмыстар құны жылжымайтын мүлік нысаны мен жер телімінің 1 шаршы метр бағасы бойынша айқындалады. Бұдан басқа, қазіргі уақытта Әділет министрлігі нотариаттық куәланды­рыл­ған жағдайда жылжымайтын мүлікке құқық­тар­ды электронды тіркеу тетігін пысықтап жатыр. Электрондық тіркеу өтініш беру­ші­нің ХҚКО-на жүгінуінсіз, нотариустың бірыңғай нотариаттық ақ­парат­тық жүйе­ден құқықтық кадастр­дың ақпараттық жү­йесіне өзінің электрон­ды қолтаң­басымен куәландырған құқық белгілеуші құжаттар­ды электронды түрде жолдауы арқылы жү­зеге асыру болжанып отыр. – Әділет органдарына алғашқы рет заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу міндеті 1995 жылдың тамыз айында қабыл­дан­ған «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы» заңымен жүктелгені белгілі. Ал бұрын заңды тұлғаларды тіркеуді әр түрлі мемлекеттік органдар, мысалы, әкімдіктер, салық органдары, статистика органдары, ведомстволар, ұйымның құрылу профилі бойынша министрліктер жүзеге асыратын. – Иә, расында да кезінде бұл жәйт шашыраңқылыққа әкеп соқтырды, мәлі­мет­тер әр түрлі болды, өзекті болмады, заңды тұлғаның даму тарихын ешкім жүр­гізген жоқ, мәлімет алу мүмкін бол­ма­ды. Бүгінде әділет органдары заңды тұлғаларды тіркеу жүйесін оңтайландыру үшін барлық шараларды қабылдады. 2004 жылдың 20 қыркүйегінен бастап «бір терезе» қағидаты енгізіліп, оған сәйкес, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу бір рәсім шегінде, заңды тұлғаны тіркеу жолымен, оны салық және статистика есебіне қою арқылы жүзеге асырылады. Тіркеуші органға бір өтініш ұсыну нәтижесі бойынша заңды тұлғаға бірден үш құжат беріледі: олар – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, статистика кар­та­сы және салық төлеушіні тіркеу туралы куәлік. Бұрын, тіркеудің осы тетігі енгізілгенге дейін, әділет органдары, статистика және салық органдары осы рәсімді бөлек-бөлек, шашыраңқы түрде жүзеге асыра­тын еді. «Бір терезе» қағидаты негізінен тіркеуге құжаттарды дайындауда және тіркеуші органдарда осы құжаттарды ресімдеуде уақытты көп жоғалтпай, оны үнем­ді жұмсағанға қолайлы болды. Сон­дай-ақ, оңтайландырып тіркеу тәртібін енгізу заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мерзімін қысқартуға негіз болды. – Бірыңғай дерекқор құру қажет­тілігі неден туындады? Мәселен, «Заң­ды тұлғалар» мемлекеттік деректер қоры туралы айтсаңыз? – Иә, қазіргі уақытта «Заңды тұл­ға­лар» мемлекеттік деректер қоры ақпа­рат­тар жүйесі жұмыс істейді, оның көмегі­мен бірегей нөмір – Бизнес-сәйкес­тендіру нөмірі қалыптасады (қысқаша БСН), ол бойынша кәсіпорындар әділет, статистика және салық органдарында тіркеледі. Ал­да­ғы уақытта «Заңды тұлғалары» мемлекеттік деректер қоры БСН енгізу негізінде, белгілі бір субъектіге жататын мәлі­меттерді тіркейтін жалпы жүйеге көшуін қамтамасыз етеді. Бірыңғай дерекқор құру қажеттілігі, ол бұрынырақта өзексіз мәліметтерден тұ­ра­тын, шашыраңқы ақпараттар жүйе­сінің болуынан туындады. Нәти­жесінде, «Заң­ды тұлғалар» дерекқоры, барлық тір­кел­ген заңды тұлғалар туралы мәліме­т­терінің эталоны болды. Сонымен қатар, барлық жұмыс істейтін шаруашылық субъектілер БСН алулары қажет, нәтижесінде қазір қолданып жүрген мынадай идентифи­ка­торларды: тіркеу нөмірі, СТТ және статистика органының шартты белгілер жүйесін (ЭҚНК) ауыстыратын болады. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап, барлық заңды тұлғалар үшін бірыңғай құжат есебінде қызмет ететін, БСН-мен мемлекеттік тіркеу туралы куә­лігі бо­ла­ды. 2008 жылдың шілде айынан бір­қа­тар жаңалықтар енгізілді, ол кәсіпо­рын­дарды тіркеген кездегі әкімшілік кедергілерді қыс­қартуға бағытталған, атап айтсақ, егер олар қызметін үлгілік жар­ғы­ның негізінде жүзеге асыратын жағ­дайда, шағын, орта және ірі кә­сіп­керлік субъектілері болып табы­латын заңды тұлғаларды тір­кеу­дің бірыңғай мерзімі енгізілді, бұрын­ғы қолданыстағы 10 күннің орнына 3 жұмыс күні болды. – Әңгі­меңізге рахмет.  Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.