• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2011

Қазақстандық азаматқа қол ұшын беруде

371 рет
көрсетілді

Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның ресми өкілі Асқар Абдрахманов журналистер үшін кезекті брифинг өткізді. Брифинг барысында А.Абдрахманов 12 тамыз күні Астанада Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтетінін мәлімдеді. «Кездесуге қатысушылар халықара­лық ахуал мен ұйымның жауапкершілігіндегі аймақта саяси тұрақтылықты сақтаудың жолдары жөнінде пікір алма­сады. Күн тәртібінде Солтүстік Африка және Таяу Шығыстағы жағдайдың дамуын қоса алғанда, ғаламдық және ай­мақтық қауіп­сіздік мәселелері қаралады», – деді ол. Сонымен қатар, ресми өкілдің сөзіне қарағанда, ұйымға төрағалықты атқару­шы Беларусь тарабының қауымдастықтың басым бағыттары бойынша көтерген бастамаларының жүзеге асырылу барысы талқыланбақ. Бұдан кейінгі кезекте ресми өкіл пав­лодарлық студент қыздың Аме­рикадағы госпитальдардың бірінде ес-түссіз жат­қан­дығына тоқталып өтті. Оның айтуын­ша, А.Ахметова өзі жұмыс істейтін қонақүйдің хауызында белгісіз жағдайда ес-түсінен айырылған күйінде табылған. Полиция қызметкерлері келіп жеткенше, ол судан шығарылған. «Біздің дипломат­тардың мәліметтері бойынша, А.Ахметова өте ауыр жағ­дайда ес-түссіз болған», – деп атап өтті ресми өкіл. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Айнұрдың апайының шұғыл арада АҚШ-қа ұшып баруы үшін виза алуға жәрдем берген екен. Қазіргі уақытта ол Америкада. Сонымен қатар еліміздің Нью-Йорктегі Бас консулдығы да оған қажетті қолдау көрсетіп отырған көрінеді. А.Абдрахманов сонымен қатар, Қытайда мотоциклдің мас жүргізушісін қағып өлтірген қазақстандық жөнінде де мәлімет берді. Төтенше оқиға Қытайда, Қоталғаш елді мекеніне таяу жерде орын алған. Қаза тапқан қытайлық азаматтың қан құрамынан ішімдіктің белгілері та­былған. «Жол-көлік оқиғасы салдарынан қытай азаматы қаза тапты. Ел заңнамасына сәйкес, автобус жүргізушісіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, ол әлі аяқталған жоқ», – деді ресми өкіл. Сонымен қатар, А.Абдрахманов елі­міздің азаматынан Қытайдың құқық қорғау органдары істі жабу үшін ірі көлемде ақша талап етті деген ақпаратты жоққа шығарды. «Бұл орайда әңгіме қаза болған азаматтың отбасына өтемақы төлеу жайында болып отыр», – деді ол. «Егемен-ақпарат».