• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2011

Жиын-терін басталды

424 рет
көрсетілді

Тамыз айы тамылжып, дала жұмыстарының қар­баласты­ғы­мен ерекшеленуде. Диқандар ас атасы –  нанның молдығы үшін тер төгіп, көктемнің әр күнін тиімді пайдаланды. Нәти­же­сінде 391094 гектарға себілген дәнді-дақылдың қазіргі кезде  133243 гектарына орақ түскен. Және 254707 тонна алтын дән бастырылып, қамбаға құйылды. Қазір береке бастауы сана­ла­тын жауапты науқан өңірдің барлық аудандарында қауырт жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Талғар, Көксу, Іле аудандарының диқан­дары өзгелерден алда. Орақ түскен сәттен бастап, келесі жылға тұқым құю жұмысы да қарқын алды. Келесі жылға қажетті 92429 тонна тұқымның алды тиісті орындарға жеткізілгені осының дәлелі. Жетісудың топырағы торқа, жапырағы қамқа екені белгілі. Құнарлы жерге отырғызылған масақты дақылдан кейінгі бағалы тағам – картоп жинау барлық аудандарда жалғасқан. Ағымдағы жылы облыстағы 35278 гектарға себілген картоптың 4300 гек­тары жиналды. Өнім Алматы мен Талдықорған қаласының тұтынушыларына ұсынылып, базар сөрелерінен орын алды. Орта есеппен әр гектардан 138,3 центнерден түсім жиналуда. Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жам­был, Ескелді, Талғар аудан­дары мен Текелі қаласының диқандары аталған дақылды жинауда белсенділік танытса, картоптың жалпы түсімі 38511 тоннаға жетті. Биыл жетісулықтар 27175 гектарға көкөніс түрлерін ор­на­ластырса, 5236 гектар алқаптың өнімі жиналды. Жалпы түсім 128150 тоннаны құрады. Бақша дақылдарынан алы­на­тын өнім де жоғары. Осы­лайша жазғы дала жұмыстары ұйымшылдықпен атқарылып, диқан қауымы оны ысырапқа ұшыратпай, дер кезінде жинап алуға кіріскен. Қазіргі таңда облыста ал­тын астықты сақтап, өндіріске жеткізетін 28 кәсіпорын мен элеватор бар. Талапқа сай жыл сайын астық қабылдау меке­мелерінің біліктілігі және жаңа астық қабылдауға дай­ын­дығы тексерілген. Оңтүстік аймақ өкілдігі бойынша Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы 2010 жылы тендерлік негізде Көксу ауда­нында орналасқан «Боздақ» астық қабылдау кәсіпорнын мем­лекеттік астық қорын сақтауға таңдап алған еді. Онда 200 тонна екінші класты арпа сақталған. Қазіргі кезде облыстағы астық қабылдау кәсіпорында­ры жаңа астықты қабылдау кезінде материалдық-техни­ка­лық базаларды, оның ішінде астық сақтайтын қоймаларды, астық кептіргіштерді, астық тазарту өлшеу құралдарын, зерт­хана­ларды, таразыларды және тағы басқа қажет­ті­лік­терді толық дайындап, іскерлік танытқанын да атап өтуге болады. Нан болса, береке мен бай­лыққа берік негіз қаланады. Осыны ескерген жетісулық ди­қандар ауа райының қолай­лы сәтін пайдаланып, алқап­та­ғы қызу еңбекті жалғастыруда. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.