Мектеп, отбасы, қоғам
Соңғы кездері жастардың ата-анаға, ұстазға деген сый-құрметі төмендеді. Аға мен іні, әке мен бала, шеше мен қыз арасындағы қарым-қатынас күрделеніп барады. Асыл нұрдан жаралған таза жанға қауіпті «вирустарды» біз қайдан жұқтырамыз?
«Тағдырдың қалай ауатыны, бесіктің қалай тербелгеніне байланысты» дегендей, сәби есейіп, ер жетіп, ақыл тоқтатқанға дейін оның өміріне үлкендер жауапты емес пе?
Қоғамда болып жатқан өзгерістер отбасына да әсерін тигізбей қоймайды. Статистикаға сүйінсек, отбасының 73 пайызы сәтсіз болып есептеледі екен. Әрбір үшінші бала толық емес отбасында өсіп келеді. Жалғыз басты аналардың көбеюі әдетке айналып кетті. Бұл үлкендердің ғана емес, біздің балаларымыздың да проблемалары. Әрбір сәтсіз отбасының артында бақытсыз бала тұр.
Кейбір ата-аналар қайтіп үйімді қымбат жиһазға толтырамын, жақсы машина мінем деп аласұрса, тағы бір топ қайтіп тамақ табамын деп жанұшырып жүріп, бала тәрбиесін уысынан шығарып алуда. Қала берді, үйде отырған аналар да бала тәрбиесінен гөрі шетелдік сериалдарды бірінші орынға қояды. Ал отбасы тәрбиесіндегі әкелердің белсенділігі тіпті төмен.
Қазіргі кезде бала тәрбиесіне бағытталған мұғалім, ата-ана, қоғам арасындағы өзара байланыс қожырап кетті десек, артық айтқандық болмас. Бұл әлбетте, жас ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Мектептерде өтіп жатқан түрлі іс-шараларға ата-аналардың қосып жүрген үлестері жоқ дей алмаймыз. Бірақ, соның көбі қайырымдылық акциялармен, мейрамдарда өткізілетін кештерді ұйымдастырумен ғана шектеліп жатады. Осының өзіне де қатысатын «белсенді ата-аналар» әр сыныпта 20-30 пайыз ғана. Ал қалған ата-аналар қайда? Кейбірі тіпті мектеп табалдырығын аттап баспайды. Сонда оларды балаларының мектептегі өмірі, алып отырған білімі, мұғалімдердің талап деңгейі ойландырмай ма?
Ата-аналар ұйымының рөлін көтеру кез келген мектеп үшін оңай іс емес. Көп жағдайда бұл мәселе ата-аналардың жұмыстан қолы босамауы сынды объективті жағдайлармен түсіндіріледі. Дегенмен, оның себебін тек ата-аналар ортасынан іздеу дұрыс емес. Бастамашылық мектеп тарапынан басымырақ болуы керек. Өйткені, мектеп – қоғамның, отбасының және білім шаңырағының тәрбиелік іс-қимылын үйлестіруші қоғамдық институт. Егер білім шаңырағы тиісті мәселені тек өзінің ұстанымына сүйеніп жүргізсе, ал ата-аналар оларды іске асыру сатысында ғана қамтылса, өзара әрекеттестік нәтижесі төмен болады. Мектеп есігі ата-аналар қауымы үшін әрқашан ашық болып, өзара ынтымақтастық пен серіктестік жүйесін жетілдіруге бағытталып, олардың кез келген бастамасын көтермелеп отыруы қажет. Сонда ғана өзара байланыс орнайды.
Әрине, ұстаз – ол қашанда ұстаз. Әр кез құрметті, ардақты адам. Сол себепті қашан, қай жерде болсын ұстаз атына кір келтіріп, беделін түсіруге жол бермеуіміз керек. Әрине, бұл мүмкіндіктер бірінші ұстаздың өзіне байланысты болса, екіншіден, ата-аналар, яғни біздің қолымызда. Бұл істе бізге тек ынтымақтастық керек. Бүгінде ұстаздарға қойылатын талап өте қатаң.
Көпжылдық білім саласын басқарудағы тәжірибем бойынша, мұғалім беделін көтеру ол ұстаздың өзіне байланысты. Егер мұғалім оқушының білімге деген ынтасын оятып, сүйіспеншілігін арттырып, бала жанын түсіне білсе, онда ұстаздың беделі мен білімі айқын көрінеді. Баламен жұмыс істеу – өте жауапты дүние. Әр оқушының тәрбиесі әртүрлі. Соның кілтін таба білу қажет. Ол үшін мұғалім баланың жан дүниесін ұға білетін психолог та бола білгені жөн. Ал мұғалім беделі жойылып кетті деген жалпы сөз. Ұстаз беделі ешқашан жойылмайды. Қайта жыл өткен сайын жаңғыра береді.
Тағы да бір көңіл аударатын мәселе, бұл тәрбиені ата-анасынан емес теледидардан, компьютерден алатын жастар буынының қалыптасып келе жатқандығы. Соңғы он бес жылдың көлемінде кабельді және спутниктік телеарналардың өрісі кеңейе түсті. Балалардың кітап оқуға деген құмарлығы төмендеп кетті. Әкесі мен шешесі жұмысқа кеткен жас жеткіншектің күнұзақ көретіні теледидар емес пе? Расында да, рухани дерттің «микробын» сәби атаулы ұятсыз кино мен арсыз бейнеклиптен жұқтырады. Экран балалар үшін отбасы мүшесі сияқты тәрбиеші рөлін алып, өзіне тәуелді етіп қойды. Баланы жастай теледидар көру мәдениетіне үйрету – маңызды шаралардың бірі. Ақпарат құралдарынан нені көріп, тыңдап, оқып жүргенін қадағалап отыру өз жемісін береді. Елдің болашағы, ертеңі – балалар. Сондықтан олардың өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру үшін балаларға арналған бағдарламалардың сапасы мен санын арттырып және оның тұрақты жолға қойылуын қадағалау қажет. Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларына арналған мультфильмдерді көптеп шығару және оның ана тілінде болуы маңызды болып табылады.
Тағы да тоқтала кетер маңызды мәселе, кешегі кеңестік идеологияның пәрменімен дүниеге келген «октябрят», «пионер» ұйымдары келмес сапарға аттанғанда, оның орнын толтыратын балама ұйым құра алмадық. Әрине, бұл бағытта мүлдем ешқандай ілгерілеу болмады деген артықтау шығар. Жеке ұстаздар, мектеп ұжымдары бала тәрбиесіне қатысты шаралар атқарды. Демалыс лагерьлері, музыка, көркемсурет мектептері әр жерлерде ашылып, олардың жұмысы жандана бастады. Десек те, мектептен тыс уақытта шұғылданатын ісі жоқ болғандықтан түрлі зиянды әрекеттердің жетегінде кетіп жатқан балалардың көбейіп отырғаны да ащы шындық. Мектеп жасындағы балалардың басым көпшілігі әлі де болса оқудан тыс шараларға толық қамтылмайды. Жасөспірімдер таңның атысы, күннің батысы далада жүреді, оларға арналған демалыс орындары жоқтың қасы. Балалар мен жасөспірімдер клубтарының да мәселесі толық шешілмеген. Ақылы лагерьде ұл-қызын демалдыруға көптеген ата-аналардың қалтасы көтермейді. Мектепте сабақтан тыс уақытта оқушының таңдауына сәйкес келетін, олардың қабілеті мен ішкі қажеттілігін қамтамасыз ететін іс-әрекеттерді ұйымдастыру көбірек қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді. Соған сай олардың қабілетін ашуға мүмкіндік туғызатын спорт, дене еңбегі, қолөнер, техникалық шығармашылық, тағы басқа үйірмелер мен секциялар ұйымдастыруға болады. Аула клубтары көбірек ашылып жұмыс жасаса, әр оқушы кез-келген үйірмеге, секцияға, ақысыз өз жүрегінің қалауымен қатынасып, жеке қабілетін дамытуға мүмкіндік алады.
Бүгінгі таңда үлкендерге қойылатын талап, жастарға қоятын талаптан әлдеқайда жоғарырақ десек, қателеспеппіз. «Қадірін білмеген елде інжу де құнсыз» дегендей, барымызды бағалап, бір-бірімізді қолдап, береке мен бірлікте болашақ үшін ерінбей еңбек етуіміз қажет. Ертеңгі күн елес емес, ол көзді ашып-жұмғанша келе қалары анық. Демек, бала тәрбиесі мектеп, отбасы, қоғам – үштігінің бірлесе әрекет етуі арқасында ғана қол жеткізілетін жетістік екендігін шанайы түрде мойындап, нақты іске көшетін уақыт жетті. Өзімізден кейінгі ұрпақты қайтсек жаман әдет-қылықтан аулақ қылып, рухани, адамгершілік қасиеті жоғары, білімді, тәлімді азамат қылып шығарамыз десек, оған қоғам болып атсалысуымыз қажет. Көршінің баласына да өзіңдікіндей қарап, жаңашырлықпен жөн сілтеп отырғанда ғана тәрбие жұмысы өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Ал негізгі тәрбие отбасынан басталатындығын естен шығаруға болмайды.
Дания ҚЫДЫРБАЕВА, «Алматы облысының ата-аналар комитеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.
Алматы облысы.