• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2011

Мал бағуды кім үйретер бізге енді?..

1343 рет
көрсетілді

Саланың қазіргі жай-күйі осындай ойларға жетелейді Қазақстанда мал шаруашылығының қазіргі жағдайы қалай? Бұл сауалдың бү­гін­гі өмір туралы, ертеңгі болашақ ту­ра­лы түсінігі бар және тіршілік жөнінде толғанатын кез келген адамды алаң­да­та­ры анық. Өйткені мал дегеніміз – тамақ, киім және басқа да толып жатқан игіліктер. Ал тамақ дегеніміз – тіршіліктің нәрі. Кешегі кеңестік дәуірде елде мал басының көп болғаны сол уақыттарды көзімен көрген адамдар үшін өте жақсы мәлім. Бізге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, 1990 жылы Қазақстанда 36,8 миллион қой, 9,8 миллион ірі қара және 1,6 миллион жылқы болған екен. Соның арқасында ол замандарда май, айран, қаймақ, ірімшік тәрізді сүттен жасалатын тағамдар да дүкен сөрелері мен асханаларда молынан болды. Ол тағамдардың бүгінгідей ұнтақталған сүттен емес, сиыр­дан сауылған нағыз сүттен әзірлене­тіндігінен болар, ол кездерде сүт өнім­де­рі­не деген сұраныс та өте жоғары бола­тын. Ең бастысы, сондай жоғары сұраныс толығынан қанағаттандырылатын да. Өкінішке қарай, бүгінде жағдай мүлде басқаша болып отыр. Тағы да жоғарыда келтірілген мәліметтерге жүгінер болсақ, бүгінде 1990 жылмен салыстырғанда ет өндірісі – 57, сүт өндірісі 94 пайызға кеміген. Неге? Соның салдарынан ет те, малдан өндірілетін өзге өнімдер де сырттан тасымалдануда. Олардың сапасы мен тамақтық қасиеті де, жоғарыда өзіміз айтып өткен себептерге байланысты, үлкен күмән туғызады. Ал осы іске жауапты шенеуніктер болса, бағдарлама қабылдадық, енді бәленбай жылдан кейін бәрі де ас та төк болады деп уәде беруден жалығар емес. Ол жыл қашан келеді және ол жылдардың игілігін кімдер көреді – ол туралы ешкім ештеңе айтпайды. Сон­дық­тан болар кейбіреулер осы қаптап кеткен бағдарламалар көз алдау болып жүрмесін деген күдіктерін де айтып қалып жүр. Осы орайда «Астананың азық-түлік белдеуін жасау» мәселесі туралы да айта кеткен жөн. Бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғанына да біраз жылдың жүзі бол­ды. Әзірге нақты нәтиже көзге түсе қой­майды десек, онымыз нақа бір асырып айтқандыққа жатпайды. Біріншіден, Астана дүкендерінің сөрелері азық-түлікке сықасып тұр деп ешкім де айта алмайды. Әсіресе табиғи сүт тағамдары мен ет, оның ішінде Қазақстанда өндірілген сүт тағамдары тапшы. Бары ұнтақталған сүт­тен жасалған өнімдер мен сол баяғы «Буш­тың сирақтары». Олардың да ба­ға­лары ұшып тұр. Бүгінде базарларда сиыр етінің килосы 1500 теңгеге дейін жетті. Ал көкөніс пен жеміс-жидектің алыс-алыс облыстардан, кейде тіпті көрші республикалардан тасымалданатыны бар­ша­ға аян. Өткен қыста «Әсем» деп аталатын жабық базардың Пәкстаннан әке­лін­ген картопты сатып тұрғанын өз көзім­мен көрдім. Сонда «Астананың азық-түлік белдеуін» жасауға тиіс іргедегі Ақмола облысының басшылығы қайда қарап отыр? Әлде бізде берілген тапсыр­ма­ның орындалмауы қанға сіңген әдетке айналып кеткен бе? Кейбіреулер орынды атап көрсе­тетін­дей, Қазақстанда «Бойнг» ұшақтары мен «Мерседес», «Тойота» тәрізді автомобильдерді ойлап табу қиынырақ болар, ал енді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы кә­сіп қылған, сол арқылы күнкөрісін қам­та­масыз еткен мал шаруашылығының да­мы­май отыруын қалай түсіндіруге бола­ды?  «Ұмыттым деген сөзді ұмыт, өйткені ондай кемшілік ешбір ақтап алуға келмейді», деген екен ертеде бір ақылды кісі. Меніңше, біздің мал басын өсіре алмай отыруымызды да ешқандай сылтаумен дә­лелдеуге болмайды. Қазақстанда жер де, табиғи шабындық та жеткілікті. Екі қолға бір жұмыс таба алмай отырған жерлестіріміз болса анау –  жыртылып айыры­ла­ды. Олай болса кедергі неде? Осы мәселенің анық-қанығына жету үшін «Қазақстан фермерлер одағы» рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің пре­зи­дент-төрағасы Әуезхан Дариновке жолығып, әңгімелестік. Ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетудің стратегиясы мен идео­логиясына енгізілген соңғы өзгертулерге байланысты бізге елде  ірі қара өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының, ор­та және ұсақ ауылшаруашылық құры­лым­дарының басшыларынан көптеген хаттар келіп түсуде, дейді Ә.Даринов.  Нақ­тырақ айтар болсақ, Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігінің қазіргі басшылығы етті мал шаруашылығын жеделдете да­мы­туға басымдық беріп отыр. Біз мұны дұрыс бағыт деп есептейміз, өйткені ол жем-шөп дайындау, шалғайдағы мал ша­руа­шылығы мен жайылым мәселесінде қордаланып қалған проблемаларды шешуге жағдай жасайтын болады. Оның сыртында, етті мал шаруашылығын да­мы­ту жобасы, шаруа (фермерлік) қожа­лық­тары мен халықтың жеке меншік ша­руашылықтарының әлеуетін пайдалану­ды ескерген жағдайда, өңірлердің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына, жұмыс­сыз­дықтың  төмендеуіне ықпал ететін болады. Осылай дей келіп, фермерлер одағы­ның басшысы аталмыш стратегияның кейбір бағыттарымен өзінің келіспейтінін де білдіреді. Оның пайымдауынша, стра­тегияны жүзеге асыруда сыңаржақтылық орын алып отыр. Оны ол ірі қара мал еті­нің экспорттық әлеуетін дамытуда бор­да­қылау алаңдарының рөлі мен маңыз­ды­лы­ғына тым жоғары баға беріліп, ұсақ тауарлы өндіріс мүддесінің бұрмаланып отырғанымен түсіндіреді. Ә.Дариновтің айтуынша, Ауыл ша­руашылығы министрлігінің басшылығы бір мезгілде 3 мың және одан да көп басты бордақылайтын қуаты бар ірі  бордақылау алаңдарына, сол сияқты 300 бастан кем емес ірі қарасы бар ірі  ауыл­шаруашылық  құрылымдарына басты ба­сым­дық беріп, бордақылау жөніндегі мем­лекеттік қолдаудың барлық шара­ла­рын  соған  қарай  шоғырландырып отыр. Осының салдарынан биылғы жылы іс жүзінде шамамен 100 ауылшаруашылық құрылымдарынан өзге  Қазақстанда бар мал фермаларының бәрі дерлік мемлекет назарынан тыс қалып, жемазық үшін субсидия алу құқынан жұрдай болған. Ал Дариновтың ойынша  ірі  қара  малды бағумен айналысатын және қазіргі таңда ры­нокқа сиыр етінің айтарлықтай көле­мін жеткізіп беріп отырған ұсақ тауар өндірушілер де , ірі өндірісшілер сияқты, мемлекеттік қолдау алуға құқылы. Оның үстіне ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арт­ты­руда фермерлік шаруашылықтар мен ауыл тұрғындарының жеке аула­ларын­­да­ғы мал негізгі өзекке айналуы тиіс дегенді Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚазАгро ашықтан ашық мәлімдеп отыр. Қазақстан фермерлер одағындағы­лар­дың айтуларына қарағанда, жоғарыда айтылған сөз іс жүзінде жүзеге асып отырған жоқ. Соның салдарынан салмағы 200 кило және одан да жоғары тартатын 7-8 айлық тайыншаларды негізгі жеткізіп беруші болып табылатын бордақылау алаңдарының әлеуетті клиенттері субсидиядан қағылып, оның өзі олардың ынталарын кері кетіріп отыр. Мамандандырылған бордақылау алаң­дарына келсек, малды бордақылау малды төлінен өсіруге қарағанда, үлкен күш-жі­герді, уақыт пен қаржы ресурстарын  қа­жет етпейтін, ет өндірісі ісінің ең соңғы бөлігі, дейді Ә.Даринов. Сол сияқты, ірі қара малды ұстаудағы табыстың негізгі бөлігі бордақылаудың  қорытынды  бө­лі­гіне  тиесілі екендігі де баршаға, оның ішін­де, малшыларға да жақсы мәлім. Бұл мәселе де тиісті дәрежеде ескерілмей отыр. Фермерлер одағының өкілдері  бизнесті жүргізу үшін баршаға да бірдей жағдайлар жасалуы керектігіне қарамас­тан, ерекше жақсылықтың ірі бордақылау  алаңдарына  ғана  жасалып отырғанын айта келіп, сонымен бірге, елде жеткілікті дәрежеде бордақылау алаңдары желісінің әлі жасалмағанын да атап көрсетеді. Оның үстіне ірі мал бордақылау алаң­дары­ның тиімділігі іс жүзінде дәлел­ден­беген көрінеді. Мысал үшін айтсақ, пай­далануға берілген бордақылау алаңда­рын­дағы мал басы қазіргі күні олардың жо­балық қуатының 10-нан 30-ға дейін ғана пайызын құрап отыр. Соның салда­ры­нан жұмыста тиімсіздік пен шығын орын алуда. Егер Даринов мырзаның айтқанына сенсек, 4600 ірі қараға есептелген «Ақ бас» агрофирмасының борда­қы­лау алаңы 2009 жылғы қаржы-шаруа­шы­лық қызметінің қорытындысында 170 миллион теңге шығын шеккен. Фермерлер одағы басшысының айтуынша, оған тірі мал ретіндегі шикізат ресурстарының жетіспеушілігі мен бордақыланған мал басында 2-3 еселі айналымның болмауы себепкер. Мұның өзі аталған бордақылау алаңдарының құрылысына бағытталған қыруар қаржының тиімді жұмсалғанына күмән келтіреді. Қазақстан фермерлер одағы басшылығы сиыр етін өндіру ісіне мемлекеттік қолдау көрсету мәселесінде табиғи жайылымдарда жайылған, яғни экологиялық жағынан таза  мал етінің назардан тыс қалуын да үлкен қателік деп санайды. Шындығына келгенде, етті мал­дың экспорттық әлеуетін арттыру үшін мем­лекет қолда бар мүмкіндіктердің бә­рін барынша пайдалануы керек. Мұнда­ғылардың пікірінше, мал шаруашылығын дамыту орын алған проблемаларды шешуге кешенді көзқарас қалыптастыруды талап етеді. Олар қандай шаралар? Біріншіден, жем-шөп өндірісін да­мы­ту жөнінен түбегейлі шешімдер қабыл­дан­баған. Кепілді және теңдестірілген жем-шөп өндірісі индустриясын алдын-ала құрып алмай бордақылау алаңдарын салу жем-шөп тапшылығына соқтырып, етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасының тұй­ық­қа тірелуіне әкеліп соқтырады. Қазіргі таңда салынған мал бордақылау алаң­да­рында бұл проблема шешімін тапқан жоқ. Екіншіден, жергілікті жерлерде кадр­лар мен мамандар тапшылығы сезілуде.  Бұл жұмыс кадрларды ауылдық жерлерде тұрақтандырумен ғана шектелмей, село­ны әлеуметтік тұрғыда дамыту, онда тұ­ра­тын адамдардың тұрмысы үшін қо­лай­лы жағдайлар туғызу ісімен қоса жүруі тиіс. Үшіншіден, етті мал шаруашы­лы­ғы­ның экспорттық әлеуетін арттыру үшін оған шаруашылықтың көлеміне, оның ұйымдық құрылымына қарамай, мал бағумен айналысатын адамдар түгелдей тартылуы қажет. Сөйтіп ол жекелеген құрылымдардың ғана еншісі болып қал­май, бүкілхалықтық іске айналуы тиіс. Сонымен бірге олардың барлығына бірдей жағдайлар туғызудың да маңызы зор. Тек осындай жағдайда ғана өзінің бәсе­кеге қабілеттілігін дәлелдеген өміршең құры­лымдар озып шығып, ел игілі үшін өз үлестерін қосатын болады. Мал шаруашылығы саласымен айна­лы­сып жүрген адамдардың кейбірінің пікірлері міне, осындай. Бір ескерте кететін жәйт, фермерлер одағының басшылығы осы мәселелерді айтып Мемлекет басшы­сының атына хат та жазыпты. Әрине, біз бұл саланың маманы емеспіз, сондықтан, елдегі онсыз да азғантай  малдың бір бө­лігіне қолдау көрсетіліп, екінші бөлігіне қол­дау көрсетілмейді деген ұстаны­м­ның түсініксіздеу екенін біле тұрсақ та, қандай көзқарастың дұрыс, қайсысының бұрыс екеніне баға беретін де біз емес. Бірақ бүгінде бізге де, жалпы қазақ­стан­дықтарға да бір мәселе айқын. Ол – елде мал шаруашылығын, соның ішінде етті мал шаруашылығын дамытамыз деген у-шу­дың көп, бірақ нақты нәтиженің әзірге жоқ екендігі. Биыл бұйыртса, Қа­зақ­стан өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтпекші. Тарихи мерзіммен алғанда бұл онша көп уақыт болмағанымен, ықы­лым заманнан мал бағып келе жатқан қа­зақ үшін мал өсіруді дұрыс жолға қоюға әбден жетерліктей-ақ уақыт. Бірақ, амал қанша, біздің жоғары лауазымды шенеуніктеріміз істен гөрі сөзді жақсы көреді, сөйтіп өздерінің қолдарынан жұмыс келмейтінін бос сөзбен бүркемелеуге тыры­са­ды. Өкінішке қарай, суша сапырылған сөздің халыққа азық болар түрі көрін­бейді. Бәлкім, өзіміздің икеміміз келмегендіктен, кен орындарын шетелдіктерге беріп игеріп жатқанымыз тәрізді, мал шаруашылығы саласын да шетелдіктерге беріп, халықты ет пен сүтке жарытуымыз керек шығар. Ол үшін ұялатын ештеңе жоқ. Одан да  гөрі ұлан-байтақ  жерді мекен ете отырып мал өсіре алмағанымыз, аузымыздың аққа жарымағаны ұят. «Қазақ жеріндегі шаруашылық – мал бағу мен егін егу. Мал бағу қазақтың көп­тен істеп келе жатқан ісі, ата кәсіп. Мал бағу жайын ешкімнен үйренбей-ақ, өзіміз де білеміз деп жүр. Қазақ мал бағу жайын білмейді деп біз де айтпаймыз. Бірақ білім дәрежесі неше қабат. Қазақтың мал ұс­тау турасындағы білімі ең төмен қа­ба­тында. Қазақтың бұл білімі жердің мол­шы­лығында ғана білім болып жүр. Жер та­рылса, бұл біліммен мал бағып күн көруге болмайды»,  деген екен Ахмет Бай­тұрсынов.  Содан бері арада жүз жылға жуық уақыт өтсе де, ұлы ұстаздың осы сөзі әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған тәрізді.  Демек,  біздің  шаруашылық  жүргізу  турасындағы біліміміз әлі де ең төмен қабатта қалып отыр. Әлде, жұрт айтып жүргендей, шыны­мен де жеке бас пайдаларын ғана күйт­тей­тін шенеуніктерді елдің, жердің бо­ла­ша­ғы еш алаңдатпайтын болғаны ма? Олай болса, мал бағуды бізге кім үйретер?.. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.