Биыл Қазақстан халқы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Бұл айтулы оқиға осы жылдар ішінде жан-жақты дамуымыздың қорытындысын жасау үшін оңды негіз болып табылады. Осы кезеңде еліміз тек халықаралық қауымдастыққа берік кірігіп қана қоймай, сонымен қатар онда аймақтық ірі мемлекетке сай лайықты өз орнын ала білді.
Ел тәуелсіздігі жылдарында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру сапалы құқықтық базаны іске асыруға әсерін тигізді. Тәуелсіздік жылдарындағы шынайы реформалық өзгерістер бізді тоталитарлық жүйенің бөлігінен қазіргі заманғы серпінді дамып келе жатқан елге айналдырды. Омбудсмен (Адам құқықтары жөніндегі уәкіл) институтын құру мықты құқықтық базаны іске асырумен қатар, бұл институт Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік тетіктің маңызды және ажырамас бөлігі ретінде бекіді. Еліміздің әлемдік қауымдастыққа белсенді енуін, халықаралық құқықтық құжаттарға қосылуын, әлемдік құқық қорғау ұйымдарының аясындағы қызметін Қазақстанда осы мекемені құруға ықпал еткен сыртқы факторлар қатарына жатқызуға болады.
2002 жылы ұлттық жаңа құқық қорғау органын құру барысында оны қоғамда насихаттау үшін, ең әуелі құқықтық шығармашылық және құқық қолдану практикасын жетілдіруге тигізер әсеріне талдау жүргізілді. Бұл процеске мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам, БАҚ, ғылыми мекемелер тартылды. Соның ішінде мұндай институттар бұрыннан жұмыс істейтін шетелдер Швеция, Финляндия, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайлары Қазақстанға ұқсас Литва, Польша, Чехия, Ресей секілді елдер омбудсмендерінің жұмыс тәжірибесі зерделенді.
Ал енді Қазақстанда Омбудсмен институтын ұйымдастыру туралы ой алғаш рет 1995 жылы Женевада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасы өткізген халықаралық семинарда айтылды. Онда Қазақстан делегациясы елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру мүмкіндігі бар екендігін жеткізді. Сөйтіп, 2002 жылғы тамыз айында Президент Н. Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына 7 жыл толуына арналған сөзінде Омбудсмен мекемесін демократиялық елдерге тән құбылыс ретінде атап өтті және Қазақстанда осындай институтты құру қажеттігін айтты. Осы жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін белгілеу туралы» тиісті Жарлығы шықты.
Көп ұзамай Уәкіл қызметін қамтамасыз ету мақсатында оның жұмысшы органы – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық құрылды. Жаңа институт өз қызметін бастай отырып, оның мақсаттары, міндеттері туралы, ең бастысы, мүмкіндіктері туралы халықтың хабардар болмауына байланысты кейбір қиындықтарға тап болды. Бірақ, уақыт өте келе ахуал түпкілікті өзгере бастады, мемлекеттік органдармен және халықпен тығыз байланыс жолға қойылды. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органдар ұсыныстарды қарап, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, тиісті лауазымды адамдарға шара қолдану туралы ақпараттарды міндеттті түрде беріп отырады. Соған орай азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар да Уәкілге өздерінің құқықтарын қорғау үшін жиі хабарласады.
Дегенмен, халық арасында құқықтық түсінік жұмыстарын белсенді жүргізуге қарамастан, азаматтар Уәкілге жүгіну мәселесінде шектеліп жатады. Бұл кең байтақ ел аумағының үлкен болуына сай өңірлерде оның өкілдерінің жоқтығына байланысты дейміз. Бүгінде бұл мәселе ел басшылығының қарауында жатыр және жақын арада шешіледі деген ойдамыз.
Заң жөнінде білімі бар азамат өз құқығын қорғай алуға, сонымен қатар оның бұзылуына жол бермеуге қашанда қабілетті келеді. Бұған қоса айтарым, еліміздің әрбір азаматы өз құқықтарының құндылығын түсінуі және адам құқықтарының қорғалуына мемлекет кепілдік беретінін білуге тиіс. Тек осындай жағдайда ғана құқықтық қызмет жүйелі сипатқа ие бола алады.
ЕҚЫҰ және Еуропалық комиссияның көмегімен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шағым беру тәртібі туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпараттық материалдар үнемі шығарылады. Оның интернет ресурсы тұрақты түрде жаңартылып тұрады және онда ағымдағы қызмет туралы, сондай-ақ шағымды электронды пошта арқылы беру мүмкіндігі жөнінде кең көлемді кеңес беріледі. Осыған сәйкес Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз қызметінде адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруге ықпал ету және оны жалпы қабылданған халықаралық нормаларға сәйкестендіру жөнінде барлық қолда бар мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалануға ұмтылады.
Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Президент жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңеске мүшелігі оған тек қатысу емес, аталған үрдіске белгілі мөлшерде оң ықпал жасауға мүмкіндік береді. Одан басқа Уәкіл Президент жанындағы рақымшылық жасау мәселелері жөніндегі комиссия жұмысына, Парламент Сенаты мен Мәжіліс комитеттерінің отырыстарына, конференциялар мен семинарларға және басқа да форумдарға қатысады. Атап айтқанда, Уәкілдің жоғарыда тізбеленген мүмкіндіктері консультативтік кеңес органдарына және іс-шараларға қатысуы арқылы құқық қорғау саласындағы орын алатын және оларды шешу жөніндегі мәселелерге назар аудару мақсатында пайдаланылады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Мемлекет басшысы атына өз қызметі туралы жыл сайынғы есебін ұсынады, ол қолдау тапқаннан кейін барлық мемлекеттік органдарға, Парламентке, Үкіметке, үкіметтік емес ұйымдарға және халықаралық ұйымдарға пайдалану үшін жіберіледі. Уәкіл республикада адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету барысында өзара іс-қимылдар нысандары мен әдістерді жетілдіру мақсатында Жоғарғы Сот Төрағасымен, Бас Прокурормен, Ішкі істер және Әділет министрліктерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойғаны белгілі. Сот қауымдастығы басшысымен жасалған жоғарыда аталған құжат ерекше қызығушылық танытады. Өйткені осы арқылы Омбудсмен сот тәжірибесін қорытындылау тәртібінде кез келген сот инстанцияларына шағымдар туралы ақпарат беруге мүмкіндік алады.
Елімізде азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігі туралы заң жобасы әзірленіп, ол Уәкіл институтын айтарлықтай институттық тұрғыдан нығайтуға болатын «Омбудсмен+» үлгісін көздейді. Сонымен қатар, халықаралық, олардың ішінде БҰҰ, ЕО, ЕҚЫҰ жүйесінің ұйымдарымен тиімді ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта біз ЕҚЫҰ-мен және Адам құқықтары жөніндегі Дания институтымен Омбудсмен қызметін институттық жетілдіру жөнінде; ЮНИСЕФ-пен балаларды қорғау мәселелері бойынша нақты екі жоба бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі хаттарын қарап шешу Уәкілдің негізгі қызметі болып табылады. Шағымдану тәжірибесі әртүрлі, көпшілігі жеке қабылдауға келуді қалайды, оны неғұрлым тиімді жол деп санайды. Кейбіреулері жазбаша хат жолдайды, кейбір жедел араласуды талап ететін жағдайларда азаматтар телефон немесе электронды байланысты пайдаланады. Бірде-бір хат, жазбаша не ауызша болса да назарға алынбай қалмайды және берілген құзыреттер шегінде қаралады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызмет ету кезеңінде оның атына азаматтардан 13,5 мыңға жуық хат келіп түсті. Шағымдар мен хаттардың негізгі саны соттардың шешімдерімен келіспеушілікпен байланысты. Екінші орында құқық қорғау органдарының әрекеттері мен әрекетсіздігіне шағымдар мен хаттар көп түседі. Одан басқа хаттардың авторлары жер, тұрғын үй, дін және діни сенім құқықтары мәселелерін, жергілікті және орталық атқарушы органдарда әкімшілік ету, білім алу, балалар құқықтарына қатысты мәселелерді көтереді.
Нақты азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін адам құқықтарын бұзуға жол берген мемлекеттік мекеменің қызметі тексеруді қажет етеді. Уәкілдің сұратулары мен ұсыныстарынан кейін мұндай жағдайларда тиісті мемлекеттік органдар араласуға тиіс. Одан басқа, бұл жағдайда Уәкілдің араласуы, оның нақты жағдайды бағалауы, шағымданушылардың нақты мәселе бойынша кеңес алуы да маңызды болып табылады. Шағымдармен жұмыс істеу, азаматтарды қабылдау қызмет көрсетудің деңгейін жетілдіру мен арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың қызметіне әсер етуге мүмкіндік береді.
Бізге түсетін хаттар саны азаюда деп айтуға болмайды. Оған себептер жеткілікті: жекелеген шенеуніктердің кәсіби емес әрекеттері, мемлекеттік қызмет деңгейінің төмендігі, кейбір жағдайларда іс-қимылдарды үйлестірудің болмауы әсер етеді. Басты фактор сыбайлас жемқорлықтың болуы сөзсіз. Ал Мемлекет басшысының оған қарсы күрес жариялағаны белгілі.
Құқықтық саясат тұжырымдамасында аталған әкімшілік жүйесіне қойылатын үміт зор, оған сәйкес азаматтар әртүрлі инстанцияларға, соның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге хат жолдамай-ақ, өз құқықтарын сотта қорғайтыны көзделеді.
Уәкіл өз қызметінде ұлттық заңнаманы, сондай-ақ республика ратификациялаған халықаралық шарттарды басшылыққа алады.
Егер халықаралық ынтымақтастық туралы айтсақ, ол уәкіл қызметінің басым бағыттарының біріне айналды, оның аясында өткен ақпараттық, білім беру, тәжірибе алмасу бағыттарын атауға болады. Соңғы жылдары шетелдік делегациялармен кездесулер кезінде уәкіл мекемесі елімізде адам құқықтары мәселесі бойынша негізгі сарапшы ретінде жиі көрінді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жүргізген дайындық жұмыстарының мазмұнды және ұйымдық шаралары Қазақстанның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні орындау барысы туралы баяндаманы (2010 жылғы маусым) ойдағыдай қорғауға, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде жалпы мерзімдік шолу рәсімін жасауға (2010 жылғы ақпан), БҰҰ-ның азаптауларға қарсы арнайы баяндаушысы М.Новактың Қазақстанға инспекторлық сапармен келуінің қорытындысы бойынша есебін қарауға (2010 жылғы наурыз), сондай ақ өткен жылдары елімізге БҰҰ-ның азшылықтар және жеткілікті тұрғын үй мәселелері бойынша арнайы баяндаушылар Г.Мак-Дугал мен Р. Рольниктің, Еуропалық Одақты, ЕҚЫҰ-ны, басқа да халықаралық үкіметтік емес ұйымдарды білдіретін жоғары деңгейдегі бірқатар делегациялардың сапарлары ойдағыдай өтуіне тұтастай ықпал етті.
Қазақстан халықаралық құқықтың толық құқықты субъектісі, адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты жалпы халықаралық шарттардың, олардың ішінде «адам құқықтарын қорғаудың халықаралық құралы» деп аталатын БҰҰ-ның 7 құқықтық қорғау конвенцияларына қатысушы ел.
Мен жоғарыда өз қызметімізде еліміздің үстіміздегі жылы 16 жылдығын атап өтейік деп отырған Конституциясын басшылыққа алатынымызды айтқанмын. Конституция – бұл тікелей күші бар құжат, сондықтан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өзінің мемлекеттік органдарға жіберетін ұсыныстарында, сұратуларында, ең алдымен, конституциялық құқықтардың бұзылуына, одан кейін басқа құжаттарға сілтеме жасайды, осылайша Конституцияның маңыздылығын көрсетеді. Біз тұрақты түрде еліміздің Конституциясына арналған тамыз оқуларын өткізіп тұрамыз. Осы жылы біз Астана қаласында 2011 жылғы 26-27 тамыз аралығында өтетін «Мемлекет және тұлға: Қазақстанның прогресс жолымен дамуына 20 жыл» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны ұйымдастыруға ат салыспақпыз.
Жалпы, Омбудсмен институты өз міндетін атқарып келе жатқан мерзім ішінде мемлекеттің құқықтық жүйесінде лайықты орнын алды, мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғамға, сонымен қатар азаматтарға танымал болды деп айтуға әбден болады.
Асқар ШӘКІРОВ, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.