Шымкентегі Көркемсурет галереясында “Қазақстанның үздік тауарлары” өңірлік көрме-конкурсының қорытындылары өтті.
Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов көрме-конкурстың «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсы және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 Жарлығына және Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің 2010 жылғы 3 тамыздағы «Жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсын өткізу туралы» қаулысына сәйкес өтіп жатқанын айтты.
Конкурс үш номинация бойынша, атап айтқанда, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Халық тұтынатын үздік тауарлар»; «Үздік азық-түлік тауарлары»; «Қазақстанның үздік тауары» түрінде өтті.
Тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл ішінде қалай өзгергенін бір ғана оңтүстік кәсіпкерлерінің дайындап жатқан өнімдерінен-ақ көруге болады. Жұмыр басты пендеге керектің бәрі бар. Ас атасы – наннан бастайық. “Корона” фабрикасы ұн өнімдерінен не дайындауға болады, бәрін саудаға шығарып отыр. Қазекең саусақтарын салып жіберіп сұғына жейтін жаймадан бастап, макарондардың түр-түрінен көз сүрінеді. Түркістанда тұрып-ақ мақта алқабынан терілген ақ мақтадан 92 түрлі өнім дайындап жатқан “Фараб” ЖШС-нің дайын бұйымдарын еш қысылмай шетелдің тауарларының жанына саудаға шығаруға болады. Отандық ғалымдардың өнімі МЭРС тыңайтқышы жер қыртысын тыңайтуда керегін тауып беруде үлкен жетістіктерге ие болып келеді. Сайрам ауданында 10 мың гектар жерге тыңайтқышын пайдаланып отырған серіктестік тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты МЭРС-тің бағасын бастапқы құнынан 2 есеге төмендетіпті. МЭРС зауытының директоры, “Ана-Жер” ғылыми өңдірістік бірлестігінің вице-президенті Махмұдов Жамалдин Усманулы – біздің тыңайтқышты елімізде 1 млн. 200 мың гектарға пайдаланып отыр. Шетелдер де назар аудара бастады. Ағылшындардың Корольдер Сарайы біздің тыңайтқышпен өсірілген 12 гектар жердегі көкөніс, бау-бақша өнімдерін ала бастады. Экологиялық таза, химиялық қоспалары жоқ өнім болғаннан кейін Францияда жүзім плантацияларына пайдаланып жатыр, дейді.
“Гауһар” тігін фабрикасының директоры Әнипа Халбаевамен тілдестік. Сарыағаш ауданы, Шымкент қаласы әкімдерінің орынбасары дәрежесіне дейін қызмет етіп, іс-шараларда жаны тынбай зыр жүгіріп жүретін осы кісіңіз мемлекеттік қызметті кәсіпкерлікке ауыстырған. Бір күнде емес, әрине. Әкімдік қызметке келгенге дейін негізін салған бизнесіне оралған. “Гауһар”тігін фабрикасы тіккен киімдерде мін жоқ. Сәнді, тігісі мықты. Заман талабына сай. Әсіресе, оқушыларға арнап тіккен киімдері көз қуантады.
Баяғыда шошқа майы қосылмаса колбаса өнімдері шығарылмайтындай көрінер еді. Айтқанға ғана екен. Мұсылманға харам талпақ танаудың сүбе майының орнын жылқы іш майы мен қой құйрығы ауыстырып жатыр. Халал өнім дайындайтын “Қарқын” ЖШС колбаса-шұжықтың алуан түрін ұсынып отыр. Ірі қойдың құйрық майының иісі шығады. Сондықтан тоқты-торымның майы пайдалы деседі. Өздерінің мал бордақылайтын фермалары бар. “Хамит” селолық тұтыну кооперативі Шардараның көлінен сүзген балықтарын мұзға қатырып, Қазақстаннан бөлек, Ресейге де жөнелтіп жатыр.
Соңында өңірлік көрме-конкурсының нәтижесі шығарылды. Үш номинация бойынша бірінші орынды «HILL Сorporation» ЖШС, «ШТФ «Түркістан» ЖШС және «Ордабасы құс» ЖШС жеңіп алды. Екінші дәрежелі дипломмен «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС, «Фараб» комбинаты» ЖШС және «Корона» макарон фабрикасы» ЖШС марапатталды.
Қорыта айтқанда, «Қазақстанның үздік тауарлары» байқау-көрмесі шағын, орта, ірі кәсіпкерлік өкілдеріне өздері туралы мәлімдеме жасау үшін қолайлы алаң болып табылады.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.