Комитет жинақтайтын құқықтық статистикалық ақпарат прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру кезінде, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар шешімдер қабылдаған кездерде де негізгі дереккөздің бірінен саналады. Сонымен қатар, ол жеке және заңды тұлғаларды қоса алғанда барлық пайдаланушыларға ақпарат жеткізіп беруші болып отыр. Мәселен, 1998 жылы мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың 33 мың сұрауына жауап берсе, 2008 жылы бұл көрсеткіш 60 есе артып, 2 миллион 102 мыңға жетті.
Қазір комитетте 5 ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр, олар: «Біртұтас біріктірілген статистикалық жүйе», «Тұрғындардың арыз-шағымдарының біртұтас есебі», «Арнайы есептер», «Автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйе», сондай-ақ 24 мемлекеттік және 8 құқық қорғау органдарына қызмет көрсететін «Ақпараттық сервис».
Аталған жүйе өз қызметінде уақыт талабына сай, заманауи әдістерді енгізуді дәстүрге айналдырып келеді. Мәселен, келушілердің арыз-шағымдарын есепке қоюдан жасырып қалуды барынша азайту мақсатында хабарлама талонның электронды нұсқасын енгізу қолға алынды. Бұл бойынша арыз беруші өз арызы бойынша қабылданған шешімді интернет, CALL-орталық немесе SMS арқылы біліп отыру мүмкіндігіне ие болады.
Бұл сынақ өткен жылдың аяғына таман Ақмола мен Алматы облыстарында жүргізіліп, жақсы нәтижелер көрсетіп үлгерді. Соның арқасында осы облыстарда қылмыстар туралы хабарламалар мен шағымдар сәйкесінше 8,3 және 33,6 пайыз артты. Сынақ жүргізілген 2 ай ішінде ғана арыз берушілерге 4 мыңдай талон берілді. Олар арқылы 2 мыңға жуық арыз беруші комитет сайтына, CALL – орталыққа кірді немесе SMS хабарлама жасады. Демек, олар мекемелердің табалдырығын тоздырмай-ақ өз шағымдарының нәтижесін біле алды. Мұның нәтижесі азаматтар мен заңды тұлғалар өз арыз-шағымдарының қаралу барысын интернет арқылы біліп отыруға мүмкіндік беретін «Айқын» жобасын жасауымызға алып келді.
Аталмыш жоба Ақмола облысы әкімдігінің жекелеген бөлімшелерінде сынақтан өтіп, Көкшетау қаласының мемлекеттік органдарында қолдауға ие болды. Осы сынақ кезінде Ақмола облысының жергілікті атқару органдары келушілердің арыз-шағымдарын қабылдау және тіркеу кезінде оларға 6 613 талон берді. Олардың 4 415-і, яғни 66,8 пайызы комитет сайтына кіріп, арыздарының одан арғы тағдырын біліп отырды. Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша енді бұл жобаны барлық орталық және жергілікті атқару органдарына енгізу мәселесі жасалу үстінде.
Әрине, құқықтық статистиканы одан әрі дамыту жолында басқа да жобаларымыз бар. Мәселен, өткен жылы «Өкілетті органдардың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауының нәтижелері туралы» №1-АД деп аталатын статистикалық есептің жаңа түрі енгізілді. Бұған дейін елімізде бұл сала бойынша нақты ақпарат болмайтын, соған орай әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу жөніндегі жұмыстарды жақсартуға да мүмкіндік жоқ еді.
Аталмыш жобаны енгізгеннен кейін еліміздегі бұл саладағы ахуалды айқын көре алатын болдық. 2008 жылы – 47 миллиард, 2009 жылы 37,5 миллиард теңгенің айыппұлы мемлекет қазынасына түспей қалған. Ал өткен 2010 жылы 80 миллиард теңгеге жуық немесе жарты миллион доллар айыппұл қайтарусыз қалған! Өндірілмеген айыппұлдар жөнінде Алматы қаласы (16 млрд.теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы (10 млрд. теңге) алдыңғы қатарда тұр.
Біз бүгінде жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік органдар билігіне өздері бақылау жасау мүмкіндігін беріп отырмыз. Бұл жөнінде электронды арыздарды тіркеу кітапшасы, электронды талон, «Бизнес тірегі» және «Айқын» сияқты инновациялық жобалар зор мүмкіндіктерге жол ашты. Осылардың арқасында есепке алу-тіркеу тәртібінің бұрынғы ұғымы мүлдем өзгеріп, ол жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Ол бүгінде арыз-шағымдарды қабылдау және тіркеу дегенді ғана білдірмейді, ол енді арыздарды қарау және оның бұзылмауын қадағалау сияқты мәселелерді қоса қарастыратын болды.
Үстіміздегі жылдың басынан бастап ішкі істер органдарында бұрын сынақ ретінде жүргізіліп келген хаттарды электронды тіркеу тәртібі жаппай енгізілуде. Ол өз кезегінде арыз-шағымдар туралы мәліметтерді күн тәртібінен қалдырмай, оларды уақтылы қарауға тікелей ықпал ететін болды. Бұл жүйе негізінен құқық бұзушылықтың орын алуын анықтауға ғана емес, оның алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ бұл жүйе кәсіпкерлерді негізсіз тексерудің жолын кесуге де қызмет етеді. Осы мақсатпен электронды тіркеу мен тексерулерді есепке алу бағдарламалары біріктіріліп отыр.
Бұған бір мысал, комитеттің Алматы қаласы бойынша басқармасына «Дәулет-Құрылыс» компаниясы» ЖШС-не тексеру жүргізу туралы ұйғарымымен салық комитетінің қызметкері келеді. Тексеру арызды тіркеу кітапшасына тіркелген материалдар бойынша тағайындалған. Алайда, электронды тіркеу кітапшасы арқылы ол материалдар бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылғаны белгілі болды. Ал салық комитеті оған тергеу алды тексеруден жарты жыл өткен соң барып тағы да тексеру жүргізбек болған. Сөйтіп, өткен жарты жылдықта тексеру тағайындау туралы 230 мың акті тіркелген болса олардың жартысынан астамы кәсіпкерлерге қатысты болып отыр. Мұны әрі қарай тарата түссек, тексерулердің жалпы санының 65 пайызы жоспардан тыс қана екен де, тек 35 пайызы ғана жоспар арқылы болып отыр. Міне, осы жоспардан тыс тексерулердің бизнеске тұсау болатыны мәлім, сондықтан бұл бағытта қадағалау қызметін күшейткен жөн. Ал жекелеген өңірлерде жоспардан тыс тексерулердің өзіндік салмағы тіпті 70 пайыз және одан да көп. Мәселен, Астана қаласында бұл көрсеткіш 77 пайыз, Ақтөбе облысында 76, Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында 72 пайыздан.
Сондықтан біз назарымызды заңсыз тексеру фактілерін анықтаудан көрі оларды тағайындау мен тіркеу кезінде алдын алуға аударып отырамыз. Өткен кезең ішінде 552 заңсыз тексеру анықталды, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе аз. 1660 тексеруге тіркеуден бас тартылды, бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 43 пайызға жуық артық.
Заңсыз тексерулер жүргізулер Ішкі істер министрлігінде (214), Ауыл шаруашылығы министрлігінде (121), санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарында (94) және әкімдіктерде (56) көбірек болып отыр. Сондай-ақ заңсыз тексерулер Жамбыл (82), Оңтүстік Қазақстан (77), Қарағанды (67), Шығыс Қазақстан (62) және Ақтөбе облыстарында да көп байқалады.
Арыздарды электронды тіркеу тіркеу кезінде адам факторын неғұрлым азайтып, оларды жедел қарауға, құқық қорғау органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге және олардың процессуалдық шешім қабылдаудағы жауапкершілігін арттыруға мол мүмкіндіктер туғызатыны анық.
Оған осы жобаның нәтижесінде арыздарды жедел қарау соңғы 5 жылда алғаш рет 23 пайыз артып, 58 пайызға жеткені дәлел.
Бұл әдісті биылғы жылдан бастап қаржы полициясы органдарына да енгізіп жатырмыз. Мұнда да басқа міндеттермен бірге кәсіпкерлерге осы органның өзі тағайындаған заңсыз тексерулерді жою жөніндегі қосымша міндеттер көзделінген.
Бұл үшін арыздарды электронды тіркеу мен тексерулерді есепке алу бағдарламалары біріктірілді. Соның нәтижесінде, тіркелген арыз-шағымдар туралы электронды мәліметтердің арқасында прокуратура органдары қаржы полициясы қызметкерлері тарапынан болатын негізсіз іс-әрекеттерді барынша азайтып, мұндай заң бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмау жөнінде шаралар қабылдайтын болды.
Үстіміздегі жылы өткен Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің шешімімен 1 маусымнан бастап бұл жоба барлық құқық қорғау органдарына жаппай енгізілетін болып, оны Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қылмыстық-атқару жүйесі органдарына да енгізу мәселелері қарастырылу үстінде.
Тексерулердің ашықтығын арттыру мақсатында кәсіпкерлерге өздеріне жүргізілетін тексеру тіркелген бе, өзіне қатысты жоспарлы тексерудің негізі бар ма деген сұрақтарды бірден біле алатындай мүмкіндіктер жасалды.
Бұл үшін кез келген кәсіпкер біздің www.pravstat.kz сайтымыздағы ақпараттық жүйеге актідегі тіркеу нөмірі арқылы кіріп, оны тиісті жолаққа енгізіп, ол тіркеудің анықтығын, тексеруші органның атын, тексеру мәселесі мен оның жүргізілетін кезеңін, тіпті тексеруге келген адамның өзі туралы да ақпараттарды қолма-қол ала алады.
Сонымен қатар, комитет кәсіпкерге құқықтық көмек те беріп, ол тексеру парағымен, тәртібімен, тексеруші жақтың, сондай-ақ өзінің де негізгі құқықтары және міндеттерімен таныса алады. Тексеру туралы осындай ақпаратты тіркеу нөмірін 1012 деген қысқа нөмірге жіберу арқылы да дереу алуға болады.
Тексеру жүргізу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларымыздың бірі біз енгізіп отырған «Бизнес тірегі» жобасы болып отыр.
Кәсіпкерлер өз құқықтарын жетік білмегендіктен көбіне заң бұзушылықтарға өздері жол беріп жататыны жасырын емес. Сондықтан да біздің сайт арқылы олар өздеріне тексерумен келген органның тексеру парағымен және тексеру тәртібі берілген жауаппен танысуының мәні зор.
Бұл жобаның бір артықшылығы, кәсіпкерге тексеруші тексеру кезінде құқық бұзушылық жасаса оны дереу хабарлауға мүмкіндік берілген. Мұндай ретте бұл жүйе кәсіпкердің ол хабарламасын ол заңсыздық орын алған аймақтың прокуратура органына автоматты түрде бірден түсіреді.
Мұндай хабарламаға Бас Прокурордың нұсқауымен аумақтық прокуратураларда арнайы құрылған жедел топтар бірден араласады. Құрамына аумақтық прокуратуралар, комитет басқармалары қызметкерлері, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кіретін топтар кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуының кез келген дабылына дереу араласып, ол жерге бірден жетіп, кәсіпкердің өзіне тікелей жолығып, мәселенің анық-қанығын сол жерде-ақ шешіп кетеді.
Бұл арада кәсіпкерлердің прокурорларға хабарласудан қауіптенетін ешбір жөні жоқ, өйткені, жедел топтардың әрекеті өздерінен көмек сұраған кәсіпкерлерге қарсы ешбір жағдайда да жұмсалмайды. Кейбір жағдайларда кәсіпкерге тиісінше түсіндірулер айтылуы мүмкін.
Бұл жоба қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр. Ол қосылғаннан кейінгі бірінші айдың өзінде бір жарым мың кәсіпкер интернет арқылы өз тіркеулерін тексеріп үлгерді, ал олардың 550-і оны мобильді байланыс арқылы-ақ жүзеге асырған.
Ал кәсіпкерлерден келіп түскен хабарламалардың 62 пайызында заң бұзушылықтың орын алғаны расталып, олар бойынша 23 адамға әкімшілік іс қозғалды, қалғандары бойынша ықпал етудің басқалай шаралары қолданылды.
Мәселен, Павлодар облысының Успен ауданының прокуратурасы кәсіпкер Әбілдиновтің электронды портал арқылы жасаған хабарламасына дереу араласып, заңсыз тексеру жүргізудің жолын кесті. Сөйтіп, оған кінәлі Ауыл шаруашылығы министрлігінің екі қызметкері әкімшілік жауапқа тартылды.
Бұл жоба енгізілгеннен бері осы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда екінші тоқсанда заңсыз тексерулерді тіркеуден бас тарту саны 65 пайыз артты.
Енді кәсіпкерлердің тіркеуді тексеріп, ол дұрыс болмаса дереу прокуратура органдарына дереу хабарлай алатынын білетін мемлекеттік органдар бұдан былай тіркеусіз тексеру жүргізбейтін болды, ал оның барысында негізсіз тексерулердің жолы кесіліп отыратыны сөзсіз.
Жалпы алғанда, бұл әдісті енгізу заң бұзушылық туралы хабарламаларға араласудың жеделдігін бірден арттыруға мүмкіндік беріп, заңсыз тексерулердің алдын алып, олардан кәсіпкерлерге келетін келеңсіз салдарларды азайту жөніндегі жұмыстардың тиімділігін еселей түсері сөзсіз.
Марат АХМЕТЖАНОВ, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы.