• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2011

Әскери шеруге дайындық жоғары

397 рет
көрсетілді

Осы күндері Астана қаласының іргесінде жыл сайын Конституция күніне байланысты өтетін әскери шеруге дайындық шаралары өтуде. Оған Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрлерінде әскери борышын өтеп жүрген сардарлар мен сарбаздардың озаттары қатысуда. Биылғы шеруге дайындық 21 шілде күні басталды. Осы кезден бастап қаланың іргесінде ор­наласқан 68665 әскери бө­лім­де сарбаздар күн сайын таңер­тең­нен кешке дейін сапта жү­руге, әскери техниканың үлгі­ле­рін көрсетуге дайындалуда. Аталған әскери бөлімнің іргесінде жылдағы дәстүр бой­ын­ша ашылған шатырлы қала­шық­та 3000-ға жуық әскери қызмет­шілер орналастырылды. Олар­дың ішінде офицерлер, келісім-шарттағы әскери қызметшілер, әскери оқу орындарының кур­санттары мен мерзімді қызмет­тегі сарбаздар бар. Шатырлы қалашықты ұйымдастыру ісімен 200-ден астам әскери қызмет­ші­лер, оның ішінде бірінші болып қалашықты құруға Құрлық әс­кер­лерінің бөлімшелері айна­лысты. Қазір мұнда 170-тен астам шатыр тұрғызылған. Онда жатын орын ғана емес, басқарма штабы, медициналық пункт, да­лалық асхана және монша ор­на­ласқан. Кеше әскери шеруге дай­ындықпен танысу мақсатында осы қалашыққа барғанымызда, асхана мен кітапхана және басқа да демалыс орындары жұмы­сы­ның жақсы жолға қойылғанына көз жеткіздік. Мұнда сарбаз­дар­ды ас-сумен «Нұр ислам» ЖШС қамтамасыз етеді. Аталған фир­ма­ның директоры Жамалия Аса­теллаеваның айтуынша, олар жыл сайын сарбаздарды бір айдан астам уақыт күніне үш мезгіл тамақтандырып отырады. Асханада барлық тамақтар халал тағам­дарынан жасалады. Қазір онда өз ісіне шебер аспаздар жұмыс істеп, барлық әскери қыз­метші­лердің көңілінен шығып отыр. Ал кітапхана мен басқа да демалыс орын­дарын­да болғаны­мыз­да «Егемен Қа­зақстан» га­зеті­нің төрде орын алып тұрғаны көзімізге оттай ба­сыл­ды. Әскери қызметшілер мен басқа да сарбаздар еліміздің бас газетінен елдегі жаңалықтардан құ­лағ­дар болып жатқандарын жасыр­мады. Мәселен, өзін Әскери теңіз күштерінің лейтенанты Рустам Қалабаев деп таныстырған газе­ті­­міз­дің оқырманы Астанаға шеруге қатысу үшін Ақтау қала­сынан келгенін, әскери қызметке дейін Ал­матыдағы Политехни­калық институтта, одан кейін Санкт-Петер­бургтегі Әскери-те­ңіз институтын­да 6 жыл оқы­ғанын айтты. Бұл жерде адам санының көп­тігіне байланысты күн тәртібі қатаң талап етіледі. Ертеңгі ұйқы­дан тұру, дене жаттығулары мен сап түзеу – бәрі-бәрі бір ізге түсі­рілген. Сарбаз­дардың кешке теледидар қа­рап, жаңалықтармен та­ныс бо­луы­на, интернетпен он­лайн режімінде скайп бағдарла­ма­сы арқылы туған-туыс­қан­­дары­мен байланыс жа­сауы­на мүмкін­дік бар. Сонымен бір­ге, әске­ри қызметшілерге дема­лыс күндері қалаға барып, серуендеуге жағдай туғызылса, олар үшін әр жексенбі сайын концерттер де ұйымдас­ты­рылуда. Мәселен, 10 тамыз күні сарбаздар «Астана-Арена» ста­дионын­да футболдан Қазақ­стан мен Сирия құрамаларының арасында өткен жолдастық кездесуді тамашалап қайтыпты. Осы ша­тыр­лы қала­шық­тың бастығы, полковник Еркеболат Оспановтың ай­туынша, биыл парад есептоп­тары­ның саны көбейіп отыр. Был­тыр­ғыға қарағанда 800 адамға кө­бе­йіп­ті. Соның нәти­же­сін­де ша­тыр­лар­дың саны да біршама өскен. Биыл­ғы шеруде екі бірдей әскери әйел­дер­ден құралған есептоп та сап тү­зей­тін болады. Қазір әйел­дер ша­тыр­­лы қалашықта емес, әс­кери бө­лім­нің казарма­сы­на орналас­ты­­рыл­ды. Тағы айта­тын нәрсе, шеруге тау атқыштары ротасы да қосы­лып отыр. «Біріккен әскери оркестрге, әдеттегідей, Қорғаныс министрлігі Әскери-оркестрлік қыз­меті­нің бас­ты­ғы – бас әскери дирижер, полковник Александр Беляев жетекшілік ете­ді. Оның құрамында Қорға­ныс министр­лігінің Орталық әс­ке­ри оркестрі, Ішкі әскерлердің Ор­та­­лық әскери оркестрі, Рес­пуб­ли­калық ұлан­ның оркестрі, сон­дай-ақ ми­нистр­ліктің әскери оқу орын­дары мен бөлім­дерінің әске­ри оркестрлері бола­ды. Бар­лығы 245 му­зыкант шеруге қаты­сады. Офицерлік есептоптар па­рад­тық киім үл­гі­сі­мен сап тү­зе­се, қалған «қо­рап­тар» бас алаң­нан далалық киім үл­гі­сімен жү­ріп өтеді. Зымы­ран­шы­лар, артиллеристер, мотоат­қыш­тар, десант­шы­лар то­лық жаб­дық­пен сап тү­зейтін болады», – дейді ол. Бұдан басқа офицерден білгеніміз, биылғы шеруде әскери ұш­қыш­тар жоғары пилотажды фигуралар жасайтын болады. Жал­пы, әс­кери шеру ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналғандықтан, кең көлемді әрі қызықты болады деп күтілуде. Қазірдің өзінде жаяу лек­тердің дайындығына жақсы баға беріп отыр. Дастан КЕНЖАЛИН, Суретті түсірген Роман КАЗУНИН.