Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ұжымынан хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Хат иелері Оңтүстік өңіріндегі 75 жылдық тарихы бар, педагогтар даярлайтын қарашаңырақтай байырғы оқу орнының қалпына келтіріліп, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ретінде қайта ашылуының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы игілікті іс болғанын қуанышпен жазады.
Одан әрі: «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Бүкіл елімізде болып жатқан оң өзгерістер, жоғары білім саласындағы жетістіктер Сіздің сапалы білім беру ісіне мемлекеттік тұрғыдан жете көңіл бөлгеніңіздің арқасында халықаралық стандарттарға сай дамып отырғанын жұртшылық қауым жақсы біледі», делінген хатта. Елбасыға ризашылық сезіммен алғыс айтып, зор денсаулық тілеген ұжымдық хатқа белгілі ғалымдар – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ш.Молдабеков, академик О.Балабеков, профессор Қ.Исламқұлов, профессор Ә. Мұсақұлов, профессор К.Шойбеков, профессор С.Сермаңызов және т.б. қол қойған.