Қазақстандық теннисші Галина Воскобоева Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан сыйлық қоры 2 миллион доллардан асатын Rogers Cup 2011 халықаралық супертурнирінің ширек финалына шықты.
Канаданың ашық чемпионаты саналатын Canada Masters қазіргі кезде Rogers Cup демеушілік атауына ие және жыл сайынғы халықаралық турнир қатарына енгізілген. 2009 жылдан бері осы негізде Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) премьер турнирі категориясына жатады.
Бірінші айналымның матчында Г.Воскобоева турнирдің тоғызыншы ракеткасы, атақты француз Марион Бартолиді екі сетте (6:3, 6:3 есебімен) жеңіп, үлкен сенсация жасаса, қазақстандық спортшының келесі қарсыласы италиялық Флавия Пеннетта болатын. Г.Воскобоева бұл жолы да үлкен шеберлік танытып, қарсыласын үш партияда (2:6, 7:5, 6:2) тізе бүктірді. Ал бұрнағы күні түнде ол үшінші айналымда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен шлем» турнирінің жеңімпазы, атақты ресейлік теннисші Мария Шараповадан екі сетте басым түсті. Сөйтіп, қазақстандық спортшы екінші қайтара үлкен сенсацияның иегері атанды. Бүгінде М.Шарапованың әлемдік рейтингте бесінші сатыда тұрғанын да айта кетейік.
Галина Воскобоева ширек финалда белоруссиялық теннисші, турнирдің төртінші ракеткасы Виктория Азаренкамен шеберлік байқасатын болады. Айтарлықтай биікке көтерілген жерлесімізге сәттілік тілейміз.
«Егемен-ақпарат».