Танымал тұлғалар туралы ел арасында неше түрлі әңгімелер айтылады. Осылардың аңызы қайсы, ақиқаты қайсы, көбінесе айырып болмайсың. Содан шындыққа көз жеткізу үшін сол тұлғаларды көргендердің естеліктеріне жүгінесің. Дауылпаз ақынымыз Қасым Аманжолов жөнінде де ел арасында біраз әңгіме бар. Таяуда Қазақ радиосын тыңдап отырып, ақиқат әңгімеге жолықтық деп ойлаймыз. Онда әдебиетіміз бен мәдениетімізде үлкен із қалдырған өнер иелері ақынның жары Сақыпжамал апай туралы сөздерін сабақтады. Радионың «Алтын қорынан» алынған бұл «Жыр жазамын жүрегімнен» хабарын диктофонға жазып алып, кейін қағазға түсіруді жөн көрдік. Соның сәті енді түсіп отыр десем, Мәриям Хакімжанова апамыз былай депті:
«Мен Қасымды 1932 жылы, февраль айы – қысты күні көрдім. Ол былай болған еді. Әскер күніне Казполкке барып, концерт қоятын болдық. Бірнеше күндей дайындалдық. Мерзімді күніміз жақындағанда жауапты дайындыққа жиналдық. Бір кезде бастығымыз Иса ағай келді. Қасында Шәрбат және орта бойлы, ашаң жүзді балаң жігіт бар. «Мына бала менің жақын інім. Жаңа көріне бастаған жас ақын. «Лениншіл жас» газетінде қызмет істейді. Беталысы жаман емес. Мен кісі танысам, ақыл тісі балғадай ақын болайын деп-ақ тұр. Тірі болсаңдар, келешекте көрерсіңдер.Біздің қолға алынып жатқан кешімізде ақындар жағы аздау ғой. Мен, Мәриям, Тәшібай – үшеуміз-ақ қой. Тым болмаса төртеу болайық деп осы Қасым Аманжоловты әдейі ала келдік», – деді Иса ағай.
Мен Қасымды екінші рет 1936 жылдың жазында, Алматы қаласында көрдім. 1938 жылы Жамбыл атамыздың ақындық өнеріне 75 жыл толған тойы болды. Осы мерекеге Қасым «Жамбыл тойына» деп арналатын әйгілі поэмасын жазды. Сол тойда Орта Азия мен Қазақстан ақындары бас қосқан шаршы топтың алдында оқып берді. Қасымның өз шығармасын өзі оқығанға не жетсін! Жиналған халық таңдайын қағып, тамсанып-ақ қалған еді.
1939 жылы мен Жазушылар одағында «Халық ақындары» бөлімін басқардым. Қасым «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет істеді. Ол кезде халық ақындары болсын, жас ақындарымыз болсын – авторлардың қатысуыменен еңбектеріңе «читка» өткізетінбіз. Сол жерде айтатын пікірлерімізді айтатынбыз. Сондай жиындарға Қасымды жиі шақыратын едік. Ол оқылған шығарманың жақсысын – жақсы деп, нашарын – нашар деп былқылдатпай турасын айтар еді...»
Ал енді Қасым Аманжоловтың жары Сақыпжамал апайды тыңдап көрелік:
«1946 жылы соғыстан кейін шықтым мен Қасекеңе. Қасекең сонда Городская 69 деген үйде тұратын ағасымен бірге. Ахметжан деген жалғыз ағасы болды ол кісінің. Ол кісінің 2 бөлмелі үйі болды. Кішкентай бір қараңғы бөлмеде аға бар (онда Дариға жоқ), Қасым үшеуіміз тұрдық. Үйімізде жалғыз ғана төсегіміз бар, темір пеш жағатын едік. Сонда Қасекеңнің жазатын, үстел қоятын, қонақ қабылдайтын да жеріміз жоқ. Құйттай ғана қара шабаданымыз болатын. Сол қара шабаданның үстіне қойып Қасекең өлең жазатын. Ол кезде Қасекең Лермонтовтың «Маскарадын» аударды, «Полтаваны», «Қысқы кештерді» аударды, көп нәрсені аударды. Сол құйттай үйде тұрып, бірталай жұмыс істеді. Өзі соғыстан келген беті.
Ол кісі өлең жазғанда ылғи ойланып жүретін. Өлең жазуды түнгі сағат 12-де бастайтын. Кешке жақын маған самаурын қойғызатын. Онда самаурын ғой, газ жоқ. Самаурынды қайнатамын, жайнатып дастарқан жасап қоямын... Гармонь, домбыра, скрипка сияқты инструменттерде ойнайтын еді. Түнде бастап, сағат 3-тің кезінде біраз жазып тастап, мені оятатын. «Сәпен тұр, біраз бітіріп тастадым, сен қарап жіберші», – дейтін...
Өлеңдерінің бәрін жатқа білетін, содан шығар қағаздардың бәрін жыртып тастайтын. Сонда маған айтатын: «Менің өлеңімді бүкіл СССР біледі, халқым да жатқа біледі, солардан жинап аласың», – дейтін. Мен: «Қойшы, қайдағын айтпай» дейтінмін. Сол айтқандай, өлеңінің көбін жұрттан жинап алдық, үйдегісін шығарттық».
Енді ақын Қалижан Бекхожиннің «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты естелігіне құлақ түрелік:
«1937 жылдың күзі болса керек. Мен ҚазПИ-дің үшінші курсында оқимын. Біздің жатақ үйіміз бұл кезде қазіргі Төлебаев көшесінің бұрышында, жұпыны бір үйде болатын. Сол тұста студенттер мейлінше көңілді болушы едік. Мен өзіммен сабақтас оншақты қызбен адал дос, шын сырлас та болып кеттім. Дәйім таңертең сол ақжарқын қыздармен мәз-мереке сөйлесіп институтқа қарай жүріп бара жатсақ, алдымыздан ылғи кесе-көлденеңдеп орта бойлы бір жігіт өтеді. Күзге лайық үстінде сұрғылт плащы бар, басына былғары картуз киген сол жігіт өзінше тәкаппар пішінде. Сірә, бізді көз қиығымен байқаса да, көрмегенсіп қыздарыма да, маған да қарамай, аяғын шірене басады. Жайшылықта байсалды Ғайни деген қыз әлгінің күн сайын алдымыздан кес-кестеп өтетінін ерсі көрді ме: «Қалижан, мынау кім өзі?», – деп сұрады бір күні. Басқа бір жігітті білгісі келіп таңырқай қалса, еркек біткеннің жақтырмайтын әдеті ғой, мен де сәл іркіліп қалдым. Әйтсе де қыз көңілін қалдырмайтын басым: «Осы жігіт, сірә газеттерге өлең жазып жүрген әлгі Қасым Аманжолов деген болу керек. «Лениншіл жас» редакциясында қызмет істейді, білем», – дедім.
Сол жылғы күздің жаңбырлы кешінің бірінде, қасымда белгілі Абдолла Жұмағалиев атты жас ақын досым бар, Октябрь көшесіндегі бір асханада сұхбаттасып отыр едік... Әрқашан сенгіш Абдолла бір сәтте бұйра шашты басын артына бұрып, шеткі терезе алдында шылым шегіп отырған біреуге қолын бұлғады. Бізді алыстан бақылап отырса керек, ол басын тік ұстап, қайқия басып біздің столға келді де, орындыққа отырмастан маған бір қарады да, мені арқасымен көлегейлеп, Абдолламен сөйлесе кетті. Мен бұл қыңыр жігіттің кім екенін, әрине, іштей біліп тұрмын. Сонда да: «Әй, жолдас, ту сыртыңды беріп, қырындамай дұрыс отырмайсың ба?! Және темекіңнің түтінін менің мұрныма ұйытқытпай әрі жібер», – дедім тұрысын жақтырмаған пішінде. «Ә, мұнда сіз бар екенсіз ғой», – деді ол маған жалт бұрылып. Кенет Абдолла бұл жайсыздықты сезе қалды да: «Қалеке, танымайсың ба? – Бұл ақын Қасым Аманжолов қой деді де мені нұсқап – Қалижан Бекхожин, танысыңдар», – деді. Қасым екеуіміз ресми адамдарша қол алысып таныстық та, аздан кейін бұрыннан бері дос адамдай сұхбаттасып кеттік. Қасым Абдолланы Орал қаласында әскери қызметте жүрген кезінде, одан кейін редакцияда газет жұмысымен айналыса бастаған шағынан біледі екен.
Біраз тіл табысу ұласқаннан кейін мен Қасымға: «Жаңа қисая тұрып, маған қыр көрсеткенің қай қылығың?», – деп қалдым. Қасым да іркілген жоқ, ішіңе түйіп жүр екен, айтып салды: «Ал өзің ше? «Лениншіл жас» редакциясына күн сайын келесің де Жұмағалимен ғана шүйіркілесіп сөйлесесің, маған сен де жауырыныңды беріп тұрасың. Жұмағалиды ертіп кетесің, маған неге амандаспайсың? Ол ол ма, күн сайын таңертең паркте жеті қыздың ортасында масайрап өтесің, өзіңнен басқа жігіт бар деп ойламайсың-ау, ішім күйіп жүр еді» – деп жайраңдап күле сөйледі.
Сол күні біз ұзақ сырластық. Поэзия туралы, өзімен тұстас ақындардың өлеңдері туралы, қыздар жайында қызыға, құлшына әңгімелестік. Сол түні үйі алысырақ болғандықтан, Қасым менің жатақханама қонды. Демалыс күні еді, таңертең Қасым төсектің бас жағында тұрған домбыраны қолына алып, «Қарғам-ау» әнін шерте бастады. Мен бұл әнді бала кезімнен шешемнен, апа- ағаларымнан естіп өскенмін. Әсіресе, атақты керекулік Майра құйқылжытып шырқаған «Қарғам-ау» менің жүрегімді шымырлатып, дәйім көкірегімде тұратын.
Ардагер ақынның асыл бейнесі менің әрқашан есімде. Ақын досым, тұрғыласым Қасым жайында есімде сақталған қызық жайттар аз емес. Жиындарда, Мәскеуде өткен съездерде, онкүндік сапарларда Қасым ерекше көзге түскен ақындардың бірі болды. Ал екеуіміздің оңаша сапарларымыз, әсіресе Павлодар, Баянауылға жасаған 1939 жылғы саяхатымыз өзгеше қызық бір хикая. Баянның кербез тауының бауырында ауылдың қыз-келіншектерін жинастырып алтыбақан құрғанымыз, ақсүйек ойнағанымыз, Қасымның тебіреніп ән салғаны, тағысын тағылар бәрі де есімде».
Жоғарыдағы радиохабарда Қасым Аманжоловтың шығармашылығына тамаша баға берген ақын Сырбай Мәуленов пен Қасымның өлеңдеріне ән жазған композитор Ғазиза Жұбанованың пікірлері берілген. Осы пікірлерді де қағазға түсіріп, Қасым жайлы естеліктер кітабына қоссақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ.
Қарағанды облысы.