Кімдердің табанының ізі қалмаған топырақ бұл?! Тағдырдың айдауымен талай жайсаң жерін басып, ауасын жұтып, суын ішіп, отын оттаған ғой. Кейбірі бізді зерттеу үшін келсе, енді бірі айдауға түсіп келді. Қазақ топырағында талайдың ізі сайрап жатыр.
Сондай адамның бірі – Виктор Цой. Білетіндер, бала Витяның Сырдың суына сирағын батырып, ыстық күніне арқасын қыздырғанын айтады. Шаңына аунап, қаратірсектермен қағысып ойнағанын жеткізеді. Балалық шағының біршама бөлігі Ақмешіт алқабында өтіпті. Қауын-қарбызын жепті. Балығын аулапты. Кейіннен Виктор Цой сол кездегі Кеңес Одағындағы жастардың кумиріне айналды. Ол айтқан ән ауыздан-ауызға тарап жататын. Ол түскен кино аншлагпен өтетін. Кейде «Оның әнді нақышына келтіріп айтуы Сырдың суын ішкенінен емес пе?» деген ойдың келетіні де жасырын емес. Ғұмыры ерте үзілді демесеңіз, атақ-даңққа кенде болмады. Оның аруағына табынатындар әлі де бар. Цой туралы дерек көрсетсе, тележәшіктің ішіне кіріп кетердей болып отыратындарды бүгін де кездестіреміз. Тіпті, әр үйдің сыртына «Цой жив» деген сөзді қашап жазғандарды да көргенбіз. Қысқасы, бүгінде әншінің екінші өмірі дүркіреп өтіп жатыр. Оны енді жасыра алмаймыз.
Осыдан біраз бұрын біздің құлаққа «Қызылордада Виктор Цойға ескерткіш орнатылайын деп жатыр» деген әңгіме жеткен. «Бұ қалай?» деп елеңдеп қалдық. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демейтін бе еді? Сол әңгіме расқа айналғалы тұр. Ескерткіштің авторы Рүстем Әлжанов деген азамат екен. Оның айтуынша, Қызылордада Цойдың туған-туыстары мен атасы Максим тұрады екен. Әлжанов Цой әулетімен етене араласқан көрінеді. Виктордың Петербургте инженер болған әкесін де, мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген шешесін де білетін сияқты.
– Ескерткіштің жобасын тек қалалық құрылыс басқармасы ғана емес, әншінің бар туысы, достары да қолдады. Тек «Кино» тобының гитарашысы Юрий Каспарян мен Виктордың әкесі ескерткіштің Петербургте болғанын қалады. Бірақ мен келіспедім. Қазақстанға орнатылады деген ойымнан қайтпадым, – дейді Әлжанов.
Гитарасын ұстап, қасқайып тұрған әншінің қоладан құйылған бейнесін қала басшылығы қайда орналастыруды ойлап жатыр екен. Ескерткіштің орталық алаңның қақ төріне орналасуы мүмкін екені де айтылып қалды.
Қош деп әңгімемізді осы жерден бір түйіп қоялық. Осы біздікі не? Неге алдымен өзімізді жарылқамаймыз? Ескерткіш қойсақ, өзіміздің мықтылар жоқ па? Біздің пайым былай: ұлт алдымен өзін біліп, тануы керек. Өз тұлғаларына құрмет көрсетуге тиіс. Сонан кейін барып қана өзгелерге бет бұруы қажет. Қараңыз, қайбір жылы Алматыда атақты «Битлз» тобына ескерткіш қоямыз деді. Бір кездері «Битлздың» әніне билеген бозбалалар, бүгінгі бизнесмендер өздері пір тұтатын топқа сондай құрмет көрсетпек болған екен. Бұл бастаманы естіген зиялылар қатты қарсылық танытты. Дегенмен, «Битлзыңыз» қазір Көктөбеде қасқайып тұр. Алматыдан орын табылмағаннан кейін ақшалы «жомарт» жігіттер Көктөбеден орын сатып алыпты. Сөйтіп, сонда орнатыпты.
Қателеспесек, Таразда да сондай бір ескерткіш бар. Ол «Джентельмены удачи» фильмінің кейіпкерлеріне қойылған. Оның не керегі бар еді? Мәселен, Ақтөбеде Әбдіжәміл Нұрпейсовтің атақты шығармасы «Қан мен тердің» кейіпкерлеріне орнатылған композиция тұр. Қарасаң, көз тояды. Көңіл марқаяды. Енді бізге «Джентельмены удачи» кейіпкерлері жақын ба, әлде «Қан мен тердегі» Еламан мен Ақбала жақын ба? Біздіңше басы артық сұрақ.
Бүйректен сирақ шығарып отыр демеңіз. Болмаса, тырнақ астынан кір іздеушілердің де қатарынан емеспіз. Біздікі жанашырлық. Ұлтқа деген жанашырлық. Ақшалы азаматтар аз емес Алашта. Дегенмен, бір қынжылыс бар. Олардың дені өзге елдің мәдениетімен, руханиятымен тәрбиеленген. Ащы да болса айтайық, тамырынан үзіліп қалған. Сондықтан өзгеге қарап елеңдеп, соларға құрмет көрсетіп, құрақ ұшуға дайын тұрады.
Енді дейміз, Қызылордада ескерткіш қоятын тұлға туған жоқ па? Әдебиет пен мәдениеттің, қоғам мен мемлекеттің қайраткерлерін айтпай-ақ қоялық. Өнерде бағы жанған, тұтас халықтың көзайымына айналған әншілер Сыр топырағынан көптеп шыққан жоқ па? Халқы «Ақбаян» атап кеткен Мәдина Ералиеваға неге ескерткіш қоймайды? Ал қойғыш екен, Мәдинаға қойсын. Сырнай сазды сыңғырлаған дауысымен тұтас халықты тербеткен Мәдина кімнен кем? Сәукелесін жел тербеп ән айтып тұрған Мәдинаның ескерткішін қою қиын ба? Өле-өлгенше сахнадан түспеген, кеше ғана арамыздан озған Роза Бағлановаға неге қоймайды? Цойдан бұрын Роза дүрілдетпеді ме, әрісі төрткүл дүниені, берісі Кеңес Одағын? Мүйізі қарағайдай делінетін бірінші хатшы біткеннің бәрі оның әнін ұйып тыңдамады ма? От пен оқтың арасында ән салып, сарбаздарды жігерлендірген де Бағланова емес пе еді? Әрі-беріден соң Роза Бағланова Отанымыздың Халық қаһарманы ғой. Ескеркіш қоюға лайық адам жоқ емес, бар. Тек көз болғанмен ұлттық рух кемшін соғып, оны қоя алмай жүрміз. Сыр өңірінен соңғы жылдары жарқырап шыққан бір жігіт болды. Есім-сойы – Нәби Аймұратов еді. «Ең алғашқы махаббат» деп танылып, «Мүмкін емес» деп дүниеден озды. Алып ескерткіш демейміз, осы Нәбиге ең болмаса бір бюст орнатуға болады ғой. Оған не кедергі?
Цойға деген ешқандай қарсылығымыз жоқ. Қасиетті кітапта: «Алдымен өзіңді жарылқа, сонан соң барып қана өзгеге қолұшын соз», деп жазылған екен. Сол секілді алдымен өзіміздің ардақтыларға құрмет көрсетілсе деген тілек біздікі. Басқа ниеттен адамыз.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.