• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2011

«Менің Қазақстаным» пойызының жұртшылықпен жүздесуі жалғасуда

329 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойына тарту ретінде жол­ға шыққан «Менің Қазақ­станым» арнайы пойызындағылар белгіленген бағыттары бойынша Қостанай облысының Рудный қа­ласы, Сол­түс­тік Қазақстан облы­сы­ның Та­йын­ша ауданы, сондай-ақ Қараған­ды облысының Теміртау қаласы мен Жаңаарқа аудан­дары станса­ларына табан тіреп, жергілікті жұрт­пен жүздесті. Атал­ған жерлерде оларды жергілікті билік өкіл­дерімен бірге, тұрғындар салтанат­ты жағдайда күтіп алды. Арқалықтан бет алған арнайы пойыз Рудный қаласының вок­залы­на келгенде күтіп алушылар са­нын­да есеп болмады. Пойызды асыға күткен қала жұртшылығы алдында сөз алған «Нұр Отан» ХДП Орта­лық аппаратының ар­найы өкілі Қаз­бек Қазкенов «Ме­нің Қазақ­станым» пойызының мақ­саты жа­йын тағы бір пы­сық­тап өтсе, Руд­ный қаласы әкімінің орын­басары Әбдірахман Ешмұ­хан­­бетов Астанадан атбасын тіреген қауымға риза­шылығын жеткізді. Халық үшін деп Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылдығына орай дайын­дал­ған бұл пойыздағы мәдени іс-шаралар мен тұрғындардың талап-тілектері бойынша жүргізіл­ген заңдық ке­ңес­тер көпшілік көңі­лінен шығып, олардың сол саладағы өздерін толғандырған түрлі мәселелерден мағлұматтар алуына мол мүмкін­діктер берсе, осы күні түстен кейін «Рудный дауысы» радиосы бұл пойыз жа­йында тікелей эфир ха­барын ұйымдастырды. Рудный қаласында бүгінде түр­лі салалар бойынша іргелі жұ­мыс­тар жүргізілуде екен. Олар­дың қатарында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойын­ша 900 орындық №7 қазақ орта мектебі мен жалпы саны 170 балаға арнал­ған қалалық балалар ауруханасы кешенінің ғимарат­тарының пайда­лануға берілгенін айтуға болады. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да біршама жұмыстар атқарылыпты. Алпыс жылға жуық тарихы бар бұл шағын шаһарда 130 мыңға жуық халық тұрса, 12 мектепке дейінгі балалар мекемесі мен 23 орта мектеп, соны­мен қатар, 1 жоғары оқу орны, 4 кол­ледж, 3 кәсіптік лицей білім ала­мын деген жасқа өз қызметтерін ұсынуда екен. Өнді­рісті қаланың өнеркәсіп саласы да жақсы дең­гей­дегі көрсеткіш­термен толығуда. Мұнан кейін «Менің Қазақ­станым» арнайы пойызын Сол­түс­тік Қазақстан облысының Та­йын­ша ауданы тұрғындары қарсы алды. 12 мыңнан астам халық тұ­ра­тын аудан орталығының мә­де­ниет үйінде «Нұр Отан» ХДП Ор­талық аппаратының өкілдері мен Нұрғали Нүсіпжанов, Айжан Нұр­мағамбетова сынды өнер тар­лан­дары арнайы жүздесулер өтк­і­зіп, 20 жылдағы жетістіктеріміз жа­йында ой бөлісті. Сонымен бір­ге, пойыздағы медицина сала­сы­ның өкілдерімен бірге жұмыс жасаған Ақмола облысының дәрігерлері ауруына ем іздеген 70-ке жуық жанды қарап, кеңес­терін ұсынды. Осы ретте аудан тұрғындары Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» және Данияр Саламатовтың «Бәй­терек» киноленталарын көріп, та­машалады. Тайыншалықтар мен аудан қо­нақтарын кешкісін болған эстрада жұлдыздарымен өткен думанды концерт ерекше көңіл-күйге бө­леді. Күні бұрын хабарланған бұл кешке Көкшетау қаласынан ар­найы келген Қуаныш Мағзұмов­тың қуанышында шек болған жоқ. «Қазақ әншілері келеді екен дегенді естігенде, әсіресе, соның ішінде замандастарым Нұрғали Нүсіпжанов пен Алтынбек Қораз­баев бар деген хабар құлағыма тиісімен үйде жата алмадым. Алматыға, Астанаға барып концерт көруге расы керек, елдегі ағайынның қалтасы көтере бермейді ғой. Сол үшін осындай шара ұйымдастырып, дүйім жұрт­тың көңілін серпілтуге ұйытқы болған «Нұр Отан» партиясына алғысым шексіз. Мұның бәрі де, сайып келгенде, егемендігіміздің арқасы екені даусыз. Сондықтан да тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!» – деген ақжарма тілегін жеткізді ақсақал. Теміртаулықтардың да бұл пойызды асыға күткендіктерін аңғару қиын емес еді. Салтанатты жағдайда күтіп алудағы асқан қонақжайлық осының дәлелі. Түр­лі сала бойынша келген мамандар ішінде Ұлттық банк өкілі Құман Садықов тұрғындарға несие алудың алғышарттарын түсін­діріп, олардың сұрақтарына жауап беруі мен «Нұр Отан» ХДП өкілдерінің тұрғындармен алуан мәселелер төңірегінде ой өрбі­ту­лері де ешкімді де бей-жай қал­дыр­мады. Сондай-ақ Роза Рым­баева, Жеңіс Сейдоллаұлы, Жазира мен Жанболат, Әлішер Каримов және Жұбаныш Жексенұлы сынды өнер саңлақтарының концерттік бағдарламасын қала жас­тары асқан ризашылықпен тың­дап, ерекше құрметтерін көрсетіп жатты. Ән мен жырдың мекені, Сә­кен­дей ақын серіні, даңқты спорт­шыларды өмірге келтірген Жаңа­ар­қа жұртшылығының «Менің Қазақстаным» пойызын күтіп алуы делегацияны ерекше сезімге бөледі. Мұнда да бағдарламаға сәй­кес пойыздағы партия өкілдері мен мамандар өз жұмыстарына кірісіп кетті. «Нұр Отанның» қо­ғам­дық қабылдаулары партияның Жаңаарқа аудандық филиалында өтсе, өзге заңдық кеңестер Сәкен Сейфуллин мектебінде жалғасын тапты. Әлеуметтік қамсыздан­ды­ру мен банк саласындағы кеңес алушылар саны мұнда да аз бол­мады. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағы­тында несие алу жайында кеңес сұрай келген жеке кәсіпкер, көп балалы ана Бағы Исина да бұл пойызды күткенін айтса, Еңбек және ха­лықты әлуметтік қорғау министрлігінен бөлінген маман Гүл­зира Сәлемова 22 адамның қа­был­­дауын­да болғанын және олар­дың дені жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, зейнетақы мөл­шері жайын­да ке­ңес­тер алуға келгенін жеткізді. «Менің Қазақстаным» арнайы пойызының іс-шарасы кеше кешкісін орталық Тәуелсіздік саябағын­дағы эстрада жұлдыздарының гала концертімен өз жалғасын тапты. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Суреттерді түсірген Құралай  ШЕРИЯЗДАНОВА.