ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ӘРКІМНІҢ БАР ТАЛАСЫ
Қырғыз еліндегі президент сайлауы бір кезеңнен асты – үміткерлерді ұсыну аяқталды. Сөйтіп, Орталық сайлау комиссиясы 83 адамның өтініштерін тіркеді. Сонша адам Қырғыз Республикасы дейтін елге президент болғысы келеді.
Осының өзі ақпарат құралында біраз әңгімеге арқау болып отыр. Оны «Гиннестің рекордтар кітабына» енгізуге болатынын да айтады. Елдің халқына шаққанда 65 мың адамға бір үміткерден келеді екен. Жалпы, қырғыз ағайындар саясатқа құмар халық. Оларда 150-дей партия бар. Сол партиялар өздерінен бір үміткерден ұсынғанда, олардың саны қазіргіден де көп болар еді.
Бірақ партиялардан ұсынылғандар саны – 16. Басқалары – өзін өзі ұсынғандар. Олардың арасында кімдер жоқ дейсің! 15 адам – мемлекеттік қызметтегілер, 42 адам бизнеске қатысты, 19 адам жұмыссыз, ал 8 адам парламент депутаты екен. Бір зейнеткер де бағын сынамақ.
Әрине, бұлардың бәрі күреске түспейді. Алда ресми тіркеу бар. Одан біразының өте алмасы анық. Тіркелу үшін әр үміткер өзін жақтайтын 30 мың адамның қолын жинап, 2,2 мың доллар кепілдік қаржы құйып, 1,1 миллион доллар сайлау қорын құруы керек. Оған жұмыссыздың ғана емес, жалпы жалақымен өмір сүріп жүргендердің шамасы келе қоймас. Мемлекеттік тіл жөніндегі сынақ және бар.
Үміткерлердің көптігін сарапшылар әртүрлі түсіндіреді. Белгілі қырғыз саясатшысы Марк Сариевтің пікірінше, олардың көпшілігі белгілі бір мақсатты көздейді. Ең алдымен, олар үлкен тұлғалармен саудаласпақ – өз сайлаушыларының дауысын беремін, ал сен кейін қызмет бересін, әйтпесе ақша бер, демек. Ал біреулер өз атын шығармақ ойда.
Көп адамның назарын аударатын жәйт – бұл сайлау елдегі саяси жағдайды бұрынғыдан да қиындата түседі. Елдің солтүстік және оңтүстік болып бөлінуі күшеймек. Негізгі теке-тірес осы екі аймақтың арасында өтпек. Қазір-ақ сол аймақтардан кімдердің негізгі үміткер болатыны айқын. Солтүстіктің туын қазіргі премьер-министр Алмазбек Атамбаев, генерал-майор Өмірбек Суваналиев және Бішкек қаласының бұрынғы әкімі Нариман Төлеев ұстаса, оңтүстік атынан күреске «Бүтін Қырғызстан» партиясының серкесі Адахан Мадумаров, «Атажұрт» партиясының тең төрағасы Қамшыбек Ташиев, парламент депутаты, бұрынғы қаржы министрі Марат Сұлтанов шығады.
Сарапшылардың сөзіне қарағанда, басқалардың әрекеті бос әурешілік. Жеме-жемге келгенде, осы екі аймақ өз араларынан біреуге тоқтап, соның сойылын соғады. Дауыстарын саудаға салу, азын-аулақ бедел жинау – осыған дейінгі шаруалар.
Аймақ арасындағы күрес дегенде де, сірә онда келісімсіз іс бітпейтінін қазір жұрттың бәрі біледі. Ондай келісімге қол жетпесе, бір жақ жеңгенмен, екінші жақ күресін, қарсылығын тоқтатпайды. Сарапшылар, содан да, екі жақ елдегі билікті келісім арқылы бөлісетінін айтады.
БАРАК ОБАМА ДА ПЕНДЕ, ОЛ ДА ДЕМАЛАДЫ
Үлкен тұлғалардың жүріс-тұрысы да жұрттың көз алдында, сонымен бірге, ол үлкен саясатқа да қатысты. АҚШ президенті Барак Обама осы тамызда жазғы демалысқа шықпақ еді, оның оппоненттері шулап қоя берді. Сондағысы – ел қиын жағдайда тұрғанда неге демалысқа шығады дейді.
АҚШ үлкен экономикалық қиындыққа душар болғаны да белгілі. Одан әупірімдеп шыққаны да шындық. Біреулер сол қиындыққа апарған да Барак Обама десе, екіншілері бұл елдің тығырыққа тірелері заңды еді, қайта қазіргі АҚШ президенті оны құлатпай алып шықты дегенді айтады. Қалай дегенде де, алып держава қаржы дағдарысынан өтіп, біршама қалыпты жағдайға көшті. Оны республикашылар да біледі. Сөйтсе де, сәті түсіп тұрған кезде, қалай да Обаманы халыққа қаралап көрсеткісі келеді. Ел басына қиындық туғанда қайтіп қана демалады, қайтіп тыныш ұйықтайды деп өрекпігендердің сөзінде қисын да бардай көрінеді. Халыққа, елге жаны ашымайтындар ғана сондай әрекетке барады дегенге талай тоғышардың иланатыны да анық. Сондай сөзден президенттің рейтингісі біршама төмендеуі мүмкін. Республикашылардың көксегені де сол.
Пікір айтылған соң оған жауап беру де керек. Ақ үйдің ресми өкілі Джей Карни бұған ыждағаттықпен жауап берді. Осы тамыздың екінші жартысында Обаманың өз отбасымен бірге демалмақтығы да рас екен. Массачусетс штатындағы Мартас-Виньярд аралында табиғаты көрікті бір жекеменшік фермада отбасымен бірге демалуды жоспарлапты. Басқа бір елдердегідей тегін емес, өз қалтасынан аптасына 35-50 мың доллардан төлейді екен.
Қазір бұл елде дәстүр бойынша саяси тыныштық кезеңі. Парламент те ай басынан бері демалыста. Тек қыркүйекте оралады. Сол парламенттің төменгі палатасында республикашылар – көпшілік. Елге жандары ашығыш болса, олар неге демалысқа кетеді дегенді ескертіп, Джей Карни, демалыста жүрсе де Обаманың билік тізгінін тастамайтынын айтты. Президенттік қашан да президентпен бірге көшіп жүреді деген қанатты сөз де айтып тастады. Байланыс жақсы: күн сайын ұлттық қауіпсіздік командасы мен экономикалық команда жағдайды президентке баяндап отырады.
Тіпті қажетті жағдай туа қалған күннің өзінде Обаманың Ақ үйге ұшып келуі де қиын емес. Басқалардай шетелде емес, өз елінде демалады.
Әрине, Барак Обама да өзінің рейтингін, қарсыластарының әрекеттерін қадағалап отырады. Алда президент сайлауы да бар. Оның мүлт кеткен сәтін республикашылар қалт жібермейді.
Ал алдағы сайлауға қатысты айтқанда, республикашылардың жағдайы жақсарды дей алмайсың. Әзірге олар араларынан Обамамен тайталасатындай үлкен тұлға таба алған жоқ. Бір жаңалық – күреске Техас губернаторы Рик Перри қосылды. Өз штатында беделі жоғары болғанымен, АҚШ-тан бөлініп шығуды ұсынып жұрген сепаратист қайраткерді америкалықтардың көпшілігі қолдай қоюы екіталай.
Бір жағы сол өз оппоненттеріне жауап ретінде болар, Барак Обама да үш күн бойы автокөлікпен елдің үш штатын аралап, өзінің сайлау алдындағы науқанын бастап кетті. Елдің басына түскен қиындықтан қалай шықпақтарын айтты. Оның халықты иландыратын сөз айтар қабілеті жоғары екені белгілі.
Осындай жағдайда Барак Обаманың жұрт сияқты демалысқа кетпек ойын қарсыластарының оған қарсы пайдаланбақ болғаны оншалықты әсерлі бола қоймас. Қайта бұл президенттің елдегі жағдай апатты сипатта емес, демалуға да болады деген сенімін аңғартқандай.
Мамадияр ЖАҚЫП.