Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы:
– Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып отырған бұл шара өте құптарлық бастама. Бүгінде егемен ел болғанымызға 20 жыл толды. Бұл біздің ел болып, бір белесті бағындырып, жаңаша қырымыздан танылуымыздың жолы іспеттес. Соның дәлелі ретінде ұйымдастырылып отырған Спорт форумының мақсаты – спорт саласына жаңадан келіп жатқан теорияларды, инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізу, оларды ежелгі спорт түрлерімен сабақтастыра отырып, одан әрі дамыту. Себебі, ХХІ ғасыр жаңа технологиялар ғасыры екені баршаға мәлім. Оны өскелең ұрпақ ұлттық дәстүрімізбен бірге байланыстырып отыруды әдетке айналдыруы шарт. Дамушы ел ретінде спортқа да ерекше серпін беріп, оны түрлі жағдайда құбылтып, сол арқылы тәуелсіз еліміздің жетістігін көрсете білу – баршамызға міндет.
Спорт – ежелден келе жатқан, тамырын тереңге жайған сала. Бүгінде қанатын кеңге жайып, өзінің сан қырлы тармақтарын әлемге паш етуде. Алдағы уақытта да, шырағы сөнбей, одан әрі дами түсетіні еш шүбәсіз. 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасында біздің спортшыларымыздың басымдық танытқаны, биылғы жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарындағы Қазақстан спортшыларының ең биік сатыдан көрінуі арқылы еліміз әлемге танылып жатыр. Бұл – қуанарлық жәйт. Елбасының бастамасымен көптеген спорт нысандары ашылуда. Демек, оның болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Бұл ретте біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Яғни, сол архитектура жағынан дамыған елдердегі ірі нысандармен иық теңестіре алатын спортқа арналған нысандарымыз, халықаралық аренадан ойып тұрып орын алатын спорт сарайларына лайықты бапкерлер мен жаттықтырушылар, сапалы спортшылар дайындауымыз қажет. Ұстаздан шәкірт озады демекші, біздің соңымыздан өзіміз сияқты Олимпиада чемпиондарының көптеп шығатынына сенімім мол.
Руслан Сәмиев, Ақтөбе облысы, Темір ауданы №3 орта мектебінің дене тәрбиесі мұғалімі, спорт нұсқаушысы:
– Биыл тұңғыш рет өткізіліп жатқан Спорт форумының маңызы орасан зор. Форумға жан-жақтан қатысушылар келіп жатыр. Спорттың дамуы туралы үлкен мәселелер қозғалды. «Ел Қайраты» республикалық, ауылдық дене тәрбиесі-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрылып жатыр. Осы арқылы үлкен жетістіктерге жетеміз деп үміттенеміз. Билік тарапынан қолдау болып жатса, ауыл спорты көтерілуі тиіс. Еліміздің спорт деңгейі, құдайға шүкір, жоғары қарқынмен дамып келеді. Ауылдағы жастарды спортқа тарту арқылы көрсеткіштерімізді бұдан да жақсартамыз деген ойымыз бар. Ауыл спортын көтеру барысында спорт құралдары алынып, спорт алаңдары мен жаттығу кешендері талапқа сай салынатын болса, ауылдағы балалар үшін үлкен талпыныс болар еді. Еліміз бойынша үлкен спортты қаржыландыру мәселелері дұрыс жолға қойылған, ал ауылдың спортында қаражат жетіспеушілігі байқалады. Бірақ, осы жолы өткізілген форумнан кейін бұл олқылықтардың да орны толар.
Майра Исаева, Қарағанды облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы:
– Қарағанды облысы бойынша бүгінгі таңда 40-қа жуық балалар спорт мектебі, облыстық интернаттар, жоғары деңгейлі спорт кешендері бар. Осылардың бәрінде 24 644 оқушы спорттық тәрбие алады. Сонымен қатар, 1500-ден астам бала «Қазақмыс»ҰК» АҚ-тың демеушілігімен ашылған жеке мектептерде білім алуда. Бюджеттің жыл сайынғы көбеюіне байланысты спорт мектептеріндегі сайыстар саны да артып келеді. Соңғы 5 жыл ішінде спорттық іс-шаралардың көрсеткіштері едәуір деңгейге көтерілді. Әлемдік жеңімпаздар, Азия жеңімпаздары бізден шығып жатыр. Бұл – еліміз үшін үлкен мақтаныш. Спорт мектебіне жыл сайын келетін балалардың сандарынан-ақ олардың спортқа деген қызығушылықтарын анық байқаймыз. Барлық мектептерде спорттың 63 түрінен, ал оның ішінде 37 олимпиадалық ойын түрлерінен балалар сабақ алады. Облыстық спорт мектептеріндегі балалардың барлығы тегін оқиды. Ең бастысы, олардың спортқа деген ынталары болса жеткілікті, қалған жағдайдың бәрін өзіміз және демеушілер тарапынан қанағаттандыруға тырысамыз. Көптеген облыстар өзге облыстардың талантты жастарын өздеріне қаражат көздерімен шақырып жатады. Ал бізде олай емес. Барлық таланттар түгелдей өзіміздің облысымыздан шыққандар.