• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2011

Аманжол ҚАЛЫҚОВ: «Адам – көңілдің құлы»

648 рет
көрсетілді

«Қабанбай көшесімен жүріп келесің де, «Целинныйға» жетпей, солға бұрыласың. Мен үйдің тұсында күтіп тұрамын». Аманжол аға телефонмен осылай деген. Содан жүргізушіге айтқанмын, «Қазір Қабанбай мен Амангелдінің қиылысына барамыз. Жа­­сы тоқсанға толған ақсақалмен жо­лығып, сөйле­семін», деп. Жаңағы айтқан жерге жақындай бергенде көше бойлап келе жат­қан ағаны көріп, «Тоқтай қал» дегенімде жүргізушінің таңданған даусы оқыс шы­ғып кетті. «Осы кісі тоқсанда ма?..». Ра­сында да, сыптай денесіне Алматының ыстық күніне сай бастан аяқ аппақ киімі сондай жарасып, жеп-жеңіл жүріспен аяқ­жолмен асыға басып бара жатқан Аманжол ағаға тоқсан тұрмақ, сексеннің өзін қима­ған­дайсың. Осыдан жиырма жыл бұ­рын Сабырхан Асановтың бұл кісіге «Аға­жан» деген өлең арнағаны, сонда «Ағажан, құт­ты болсын жетпісіңіз, Тарих боп болашақ­қа кетті ісіңіз. Көп болса елулерге келді-ау дегем, Жетпіске ұқсамай тұр тек түсіңіз» деп жазғаны ойға оралды. Бірақ, шындығы сол: Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар республиканың басшы органдарында жемісті жұмыс істеген, Қазақстан компар­тиясының алты съезіне қатысып, соның үшеуінде Орталық коми­теттің мүшелігіне сайланған, оны аз десеңіз қатарынан төрт рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған қадірменді ағамыз Аманжол Қалықов енді екі күннен кейін, 22 тамызда дәл тоқсан жасқа толады. Біз бұл кісімен сонау партия заманы­нан тәп-тәуір таныс-біліспіз. Аманжол аға Қазақстан компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия­лық бақы­лау комиссиясының төрағасы болып тұр­ған тұста мен «Социалистік Қазақ­станның» партия тұрмысы бөлі­мі­нің меңгерушісі, редак­ция­лық алқа мүшесі едім. Жұртшылықтың газетке арыз-шағымды көп жол­дай­тын кезі, солардың арасында әртүрлі деңгейдегі басшы­лардың (ола­р­дың бәрі коммунист екендігі белгілі) жолсыздығы жөнінде жазыл­ған хаттар да аз кездеспейді. Журналис­тің өз күшімен басы ашыла қоймайды-ау дей­тіндей кей хаттарды Аманжол аға­ның алдына апарып, Партиялық ба­қылау комиссиясы қызметкерлерінің тексеріп беруін сұрайтынмын. Беделді де білікті органның сарабынан өткізіп барып қолға алған соң, әрине, ма­қаланың салмағы да арта түсетін. Менің 1987 жылдың басында Орталық комитетке қыз­метке шақырылуыма газеттегі партия тұр­мысы бөлімі ұй­ым­­дастырған мақалалардың себі де тиген болар деп шамалаймын. Кезінде сондай нақты көмегін көрген Аманжол аға Қалықовтың мүшелді ме­рейтойы алдында ол кісімен сұхбаттасып, өмірі, өскен ортасы, ұстаздары мен тұстастары туралы ойларын жұрт­шы­лыққа жеткізуді өзіме інілік парыз санадым. Енді сол әңгімеге назар салыңыз, қадір­менді оқырман. – Торқалы тоқсаныңыз құтты болсын, аға. Мерейтойыңыздың қарсаңында балаларыңыз, не­мерелеріңіз сізге әдемі тарту жасаған екен. Өзі­ңіздің жазған-сызғандарыңыздың, сіз тура­лы ма­қа­лалардың, өлең-жырлардың басын қо­сып, әде­мі кітап шығарып беріпті. Арнайы қолтаң­бамен Астанаға жібергеніңізге рахмет. Ғибратты дүние. Тоқсанның биігінен қараған­да не көрінеді екен? – Оның шет жағасын өздеріңнің газеттеріңде жаз­дым ғой. Мен ол мақалада негізінен тәуелсіз­дік­тің қадір-қасиеті, елдің осы биігін көргеніме шүкір­шілігім жайында әңгімелеп едім. Көлемін көбей­тің­кіреп алғанмын ба, редакциядағылар қысқартқанда көбіне өзім жайында айтылған жерлері қалды­ры­лыпты да, мен бейне бір мақтанып отырғандай шық­қан сияқтымын. Бір тұсында қате де кетіп қалыпты... Саған телефон соғып, менімен бір сұхбат жасашы, ойларымды еркін айтайын дегенім сол. Әйтпесе, газетке бұлай өтініш айту, өзіме жарнама жасап жату әдетімде жоқ адаммын. Тоқсанның биігінен не көрінеді екен дейсің бе? Көп нәрсе көрінеді. Осынша белестен өтіп, бүгінгі күнге аман-есен жеткеніме, шынымды айтсам, кейде айран-асыр қаламын. Ақмола өңіріндегі Қара­жар деген ауылда 1921 жылы туғанмын. Ол бір ашар­шы­лық­тың аяғы болса, мен енді ес біле бергенде ел 1931-32 жылдардағы ашаршылыққа ұрын­­ған. Ерей­мен­таудағы қанжығалының ішінде үш ауыл уақ бар. Атымыз уақ болғанмен, затымыз ірі болған сы­ңай­лы. Менің атам Мұстафа қажыға барған кісі екен. Елі сыйлап Тапаң қажы атап кетіпті. Отызыншы жыл­дар­дағы ашаршы­­лық елімізді отап өтті дейміз ғой. Ал біздің тұқымды тіпті тү­бірімен жұлып тү­сіпті. Ата­мыздың Мұса, Ұса, Әбдірахман, Қалық, Ахмет, Ха­быш деген алты ұлы болыпты. Сенесің бе, сол алты ұлдың үрім-бұтағынан қалған жалғыз менмін. Атам­ның алты ұлының бәрі аштықтан балаларымен қоса өліп, 8 жастағы жалғыз мен ғана тірі қалыппын... Осындай қиямет-қайымды көрген­нен кейін де шы­ғар, мен өз басым тұрмыс-тір­ші­ліктегі жетіспеушілік дегенге тіпті қиналып көрген адам емеспін. Атам Мұстафа қажының ақырғы бұтағы болып, жалғыз өскеннен кейін мен алдыма да, артыма да қарап өстім. Артымнан сөз шықпауын ойладым. Мені бауырына басқан Тыйыштық әжем аштан өліп қала ма деп қорқып, жетім балалар үйіне тап­сыр­ғызыпты. Иә, шырағым, менде балалық шақ деген бол­ған жоқ. Не әке алақанының жылуын, не ана сөзі­нің мейірін сезініп үлгере алмадым. Әкем тіпті есімде жоқ. Шешем де ерте қайтты. Он бес жыл бойы өз үйімнің босағасында болмадым. 7-8 жа­сым­­да жадым­да қалған суреттер бойынша өзім туған ау­ылды да кейін, соғыстан соң ғана таптым. Ауылдас­та­рымның арасынан ата-анамның бейітін көрсететін адам да шықпады. Жетімдіктің азабын тартудай-ақ тарттым. Маған өзіміздің ауылдасы­мыз, рулас Әрін деген ағамыздың көмегі көп тиді. Мені детдомға орналас­тырған сол кісі. Ол үйдегі Мәкіш апайымды да сағына еске аламын. Балалары жоқ еді. Қатты қиналатын. Кейде детдомнан қажып, сол үйге келемін. Бір келгенімде Мәкіш апайдың: «Өз­ің­­де бел бала жоқ, біреудің жетім баласын үйір қып, ол саған бала болып жарыта ма...», деп жатқанын киіз үйдің сыр­тынан естіп қал­дым. Сол күні кешке дейін далада жүріп, қатты егіліп жылағаным есімде. Сөйткен апай­­ым мен 16 жасымда Алматыға оқуға аттанғанымда үйдегі екі сиырының біреуін сойып, қалтама ақша салып беріп еді. Мен соғыстан қай­тып келіп, Зиядаға үйленіп, отау құрға­нымызда Әре­кең Мәкіш апаймен біздің үйге келіп, бір сиыр сойып әкелген. Оңаша бір қалғанда Мәкіш апай жан-жүрегімді елжіретерлік сөздер айтты. «Қара­ғым Аманжол, есіңде шығар, аштық жан алқымнан алған тар заманда сен детдомнан бізге келгенде Әрекеңе ар­тық сөз айтып, пендешілік жасағаным бар. Қайтейін, перзент көрмегеннен кейін жаным күйіп, жүрегімнің қайғысымен айтып қалғаным ғой. Соны кешіре алсаң, кешір, балам. Көңілімдегі кірбіңімді ақтарып, шерімді тарқатайын деп келдім», деді. Сөйтті де солқылдап жылап жіберді. «Жоқ, апа, налымаңыз, ешқандай өкпем жоқ, ра­зы­лықтан басқа айтарым жоқ», деп жік-жапар бо­лып жатырмын. Сауатын да ашпаған сол жең­гем­нің кісілігіне, табиғат берген ақылына сондай тән­ті қалдым. «Адам – көңілдің құлы» дейді ғой қа­зақ. Халқымыздың кісі көңілін аулайтын осындай асыл қасиетіне сондай сүйсінемін. Қиындықты басымнан көп кештім. Енді-енді ат жалын тартып мінетін шағымда, Алматыға келіп, КазПИ-ге түсіп, студенттік өмірдің қызығын жаңа көре бергенде соғыс басталды. От пен оқтың орта­сында жүріп, қан майданнан аман-есен оралдық. Құдай қақ­ты. Сонша жылдың ішінде бір-ақ рет, оның өзінде же­ңіл жараланыппын. Екінші дүние­жүзілік соғыстың ең қа­һарлы қаруына айналған «Катюша­ның» дивизион ко­мандирі дәреже­сін­де, омырауыма «І-ші дәрежелі Отан соғысы», «ІІ-ші дәрежелі Отан соғы­сы» ордендерін, екі «Қызыл Жұлдыз» орденін, бірнеше медаль та­ғып аяқ­та­дым. 1946 жылы әскер қатарынан бейбіт өмір­ге орал­ғанымда менің барар жер, басар тауым бол­ған жоқ, соғыс­тан аман-есен қайтқаныма қуанатын ата-анам тұрмақ, тірі жүрген бір ба­уы­рым да қалған жоқ. – Кітабыңызда соғыстан кейін әскердегі бас­тықтарыңыз: «Ар­мия­­да қал, сен бізге керексің, сені ака­демияға жібергелі отырмыз» дегенін жа­зыпсыз ғой. – Әуелде мен Мәскеуге барып, құжаттарымды тапсырғанмын. Он­да­ғылар: «Сен сияқтыларды біз Ленинградта бір жыл курста оқы­та­мыз, содан кейін ғана аламыз», деді. Ойла­нып қалдым. Ақылда­сайын деп Мәс­кеу­де қазақ іздедім. Сонда Қа­зақ­стан­ның тұрақты өкілдігі бар екенін естігенмін. Мені тұрақты өкіл Исағали Шә­ріпов деген кісі қа­былдап, тап бір туған ағамдай жақын тартып, ұзақ сөйлесті. Кабинетінде арлы-берлі жүріп, сонда айтқаны мынау: «Аманжол, бауырым, қазақ «Есің барда еліңді тап» дейді. Сен әскерді қимай отыр­сың. Ал ақылдасайық. Сен әскерде қалсаң, орыс­тың, не болмаса басқа ұлт­тың қызына үйленесің. Бұл оларды жамандағаным емес. Балаларың қа­зақ­­ша сөйлемейтін болады. Бара-бара өзің де тіліңді ұмытасың. Өзің панасыз жетім­сің, ешкімің жоқ. Сені Мәскеуде қалдыра қоймайды. Сібірде, Қиыр Шығыста жүресің. Елді сағынудан да қа­ла­сың. Генерал атансаң да қуана­тын адамың жоқ. Еліңнен, Қазақстаннан айры­ла­сың. Ал енді басқа жағын айтай­ын. Жағдай қиын. Өзің білетін аш­тық­тан, одан кейінгі сұрапыл со­ғыстан ел күй­зеліп қал­ды. Сендей адамдар керек-ақ елге. Елге қайтсаң ұтыл­майсың, ұтасың». Оған қосып: «Егер елге қай­тамын десең, өзің мұғалім екенсің, мен бір айдың ішінде көмектесе аламын. Мұға­лім­дер­ді тез босату керек деген жарлық бар, барлық жерде мұғалім жетпей жатыр», дегенді тағы айтты. Мен қатты тол­қы­дым. «Аға, өзіңіз сияқты дәре­же­сі биік қазақ аза­ма­тымен бірінші рет сөйлесіп отыр­мын. Әкенің балаға айта­тын ақы­лын айт­ты­ңыз. Сөздеріңізді өмір бойы ұм­ыт­паймын. Енді армияда алтын берсе де қал­май­мын», дедім. 1946 жылы 10 қаңтарда Ал­матыға ор­ал­­­дым. Менің со­ғыс­тан кейінгі ұзақ өмірім елге қай­ту жөніндегі шешімімнің дұрыс болғанын дәлелдеді. – Содан ауылға да соқпай, бірден Алматыға келдіңіз бе? – Ауылда кімге барам? Ет жақын бір адамым қалмаған. Мәскеуден купелі вагонға билет алып (әскерден қайтқан офицерлерге орынды купелі вагоннан беретін, вагонның 7-ші нөміріне дейін есімде), Алматыға тарттым. Жолда да алдымнан жақсы адам шыға келді. Мұқатай Егімбаев деген кісі, өзі Ақмоланың қазағы екен, жасы сонда қырық тоғызда, маған жол бойы көп әңгіме айтты. Рахымжан деген ұлы майданда қайтыс болыпты. «Біздің үйде тұр. Әйелім украинка, сондай жақсы адам. Сені де қуана қарсы алады», деді. Алматыда сол үйде тұрдым. Сол үйде үйленіп, отау құрдым. Сол үйден 1947 жылдың тамызында Ақмола облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызме­тіне ауысып аттандым. – Сіздің өміріңіздің ең үлкен белесі осы Ақмо­ла өңірімен байланысты. Қанша жыл жұ­мыс істедіңіз? Қандай қызметтер атқардыңыз? – 23 жыл жұмыс істедім. Комсомол, совет, партия жұмысында болдым. Обком комсомолдың хат­шы­сы, ауатком төрағасы, аупарткомның бірінші хат­шысы, обкомның хатшысы қызметтерін атқар­дым. Арқада жүріп, үлкен өмір мектебінен өттім. Елдің жоқ-жітік кезі. Сонда біз аудан басқарып жүріп-ақ әскерден киіп қайтқан шинель, гимнас­теркаларымызды тағы бес жылдай үстімізден тас­та­мадық десем артық айтқа­ным емес. «Соғыс бітті, сәл шыдайық, әлі-ақ оңалып кетеміз!» деп қойып, партия қайда жұмсаса сонда шап­қылап жүре беретінбіз. Комсомолдағы жұмыс­тың өзі мені көп нәрсеге үйретіп тастады. Ақмола об­лыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, өзі­міздің Қорғал­жын­нан шыққан Елубай Тайбековтің бір ақылы есімде. Комсомолдың обкомындағы кей хатшы­лар­мен арамызда түсініспеушілік болып, жұ­мысы­мыз­ға кері әсерін тигізе бастаған кез еді. Сонда Елекең маған: «Аманжол, шырағым, «Болыс болсаң, бақы­рып болма» деген сөз бар қазақта. Сен обком ком­сомолдың командирі емессің, бюроны басқарып отыратын хатшысың. Әскерде командир болған екен­сің. Ондағы жеке өзің ғана басқаратын мі­не­зіңді өзгертуге тырыс. Сенен басқа жігіттердің де өз ойы, пікірі болады. Оларды тыңдамай шешім алуға болмайды», деді. Сол сөзді кейін жұмыс бабында ылғи есте ұстадым. – Сіздің Ақмола жақта жұмыс істеген кезі­ңіздің басым бөлігі тың игеру жылдарына тұс­тас келді ғой. Қазір ол жөнінде әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Сіздің ойыңыз қандай? – Жақсы болды, сен сұрамасаң да осы та­қырыпты өзім қозғайын деп отыр едім. Целина не имеет аналога в истории мирового земледелия. 2004 жылы тың иге­ру­дің 50 жылдығы аталды. Мен Мәскеу не дер екен, Қазақ­стан не дер екен деп газеттерді оқып отыр­дым. Мәс­кеу бірыңғай мақтаумен болды, қазақтілді газеттер негізінен тыңның көлеңке жағын айта бастады. Осы науқанның басынан аяғына дейін қатысқан адам ретінде өз ойым былай. Тың біздің даламызды өзгертті. Талай жерде тас жолдар совхозға дейін жетті. Құ­рылыс жақсы жүрді. Аудан, облыс орталықтары тез өсті, көркейді. Миллиард пұт астық тапсырған жыл­дарда халық қатты мерейленетін. Тыңның арқасын­да бүгінде біздің мемлекетіміз әлемдегі астықты көп шығаратын мемле­кет­тердің алдыңғы қатарын­да тұр. Қазақстанға қандай қиындық төнсе де аштық қатері төнбейді. Мұны біз ұмыт­па­уы­мыз керек. Екінші жағынан, тыңның қазаққа әкелген зардабы да аз емес екенін айту жөн. Біріншіден, бұл науқан дайын­дық­сыз басталды. Ал­ғашқы жылдарда жүз мыңдаған адам­дардың ор­наласуы, жатын орны, ішер тамағы деген мәсе­ле­лер өте қиынға түсті. Екіншіден, егістікке лайықты жерді де, жайылымға лайық­ты жерді де шетінен жыртып тастадық. Шаңды борандар бастал­ды. Осы жөніндегі қаупін абайлап қана ай­тып еді, еліміздің сол кездегі басшысы Шаяхметовті ұлт­шы­л­сың деп қуып жіберді, мен айтар едім – қор­лады. Үшін­шіден, алғашында тың жерге партия, совет, комсомол органдарының жолдама­сымен дұрыс адамдар келгенімен, кейіннен кім көрінген қаптап кетті. Ақ­ша іздеген адамдарды айтпағанда, тыңға бара­тыны үшін амнистия алып, түрмеден шыққандар да бізге келе бастады... Сондай сорақылықтардың салда­рынан, 1959 жылғы санақта қазақ өз елінде, өз жерінде ха­лық­тың үш­тен бірінен де кем (29 процент) болып қал­ды. Мек­тептер жабылды, тілімізге, дәстү­рімізге қауіп төнді. Халық ретінде сақталуымызға қауіп төнді. Мұ­ны біз ашық айтуымыз керек. Мұны айтпай кетсек, кейінгі ұрпақ бізді орынды, заңды түрде кінәлауы мүмкін. Тың өңірі жайында сөз қозғалғаннан кейін мем­лекеттің орталығын Арқаға көшірудің тарихи маңы­зы туралы да айтайын. Кезінде Сарыарқаның біраз же­рі Ресейге кетіп қала жаздағанын біз ұмытпауы­мыз керек. Алда әлі тарих бар. Біз осы қадам ар­қы­лы өз жерімізге өзіміз ғана қожайын екенімізді Ресейге, дүние жүзіне көрсеттік. Тұңғыш Президентіміз саясаткер ретінде ерлік жасады. Мұны да хал­қы­мыз ұмытпауы керек. Астанада жиен немерем тұ­рады. Жыл сайын барып жүремін. Ғажап. Соғыстан кейінгі жылдарда Ақмоланың өсуіне еңбегім бар екенін әуелі құдай, содан кейін аман жүрген қаланың халқы біледі. Сөз ретінде айтып жатқаным ғой... Тың игеру коммунистердің үлкен бір легін тәр­биелеп шығарды. Партия қызметіндегі адамдар­дың бәрі бірдей жоғарыдан не айтса да ләббай деп жүгіре жөнелетіндер емес еді. Не нәрсені де ақ­ылға сала­тындар аз болмайтын. Елуінші жылдар­дың аяғында Хрущевтың жеке меншіктегі малды азайту жөніндегі шешімі шықты. Ел іші шулап кетті. Ол кезде мен Сталин ауданында (қазіргі Ақ­көл) ауаткомды басқа­ратынмын. Не істеу керек? Сасқанымнан Астрахан ауданының басшысы Н.Жа­зин деген ағамызға телефон соқ­тым. Нұре­кең: «Жекешенің малын сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазақтар бар малын бір адам­ның, әкесінің атына жаза салады. Қаулыда әр отба­сы­ға рұқсат етілетін малдың бас саны көрсетілген. От­ба­сыларын бөліп, әрқайсысына жеке жазса, малдың көбін аман алып қалуға болады. Бірақ сен бұл жө­нінде еш жерде жиналыс ашпа, жұртты шулатпа. Жұрт­ты шулат­саң қаулыға қарсы адам болып шыға келесің. Ауылсоветтің төрағалары­мен жеке-жеке кездесіп, тапсырма бер», деп ақыл айтты. Осылай етіп, айналайын ағамның ақылы­мен елдің малын мүм­кін­дігінше сақтап қалдық. Сондай салиқалы азаматтар көп еді. Көкшенің Еркіні, Керекудің Аман­ол­ласы, Қы­зылжардың Мақтайы, Ақмоланың Оразбегі сияқ­ты жігіттер жөнінде көп-көп жақсы сөз айта аламын. Шетінен іскер болатын. Бір жолы мен Украинаға комбайндар, ком­байншылар алуға бардым. Обком хат­шысы­мын. Маған көмек­шілікке Оразбек Қуаны­шевты қос­ты. Оразбек Ас­трахан ауданының екінші хат­шы­сы еді. Киевте жиырма күндей болдық. Оразбек жұмысты жал­тақ­тамай істейді екен. Барған беттен-ақ маған: «Ағай, маған сеніңіз. Менің Мин­сельхозда шеше алмаған мәселемді ЦК арқы­лы шешіп беріп отырсаңыз жетіп жатыр. Дема­лы­ңыз. Өзі­ңіз айтқан, соғыста бірге болған жолдас­та­рыңызбен кездесіңіз. Мұнда екі кісілік жұмыс жоқ, бірімізге біріміз кедергі болуымыз мүмкін», дегені. Қамшы салдырмай жұмыс істейтіні көрі­ніп-ақ тұр. Техника да, адамдар да график бойын­ша эшелон-эшелон бо­лып уақытында жіберілді. Кейінгі кезде баспасөзде тың игеру кезіндегі қыз­­меткерлерді сынап-мінейтін естеліктер жария­ла­нып қалып жүреді. Іздесе мін кімнен де табы­лады. Ағай­ын арасындағы өкпені көпке апарып керегі жоқ. Қа­зақ болған соң біреу біреуге көмек­теспей тұрмайды. Өйтпесең қазақ болып не керек. Туған балаңды ой­ламасаң, әке болып не керек. Ту­ған жиеніңе уақы­тын­да қол ұшыңды бермесең, на­ға­­шы болып не керек. Қолынан келмесе бір сәрі. Қо­лынан келіп тұрса, қозғап қана жіберсең сағат­тың маятнигі сияқты өзі сенсіз-ақ жүріп кете бермей ме? – Сіз өз өміріңізде осы Алматыға үш рет орал­ған екенсіз. Әуелде оқуға түсіп, студент болға­ны­ңызда, одан кейін майданнан қайтып, Қазақстан комсомолының орталық комитетінде жауапты орынбасарлық жұмысқа кіріс­ке­ніңізде, үшіншісі – Ақмоладан келіп, Қазақстан компартиясының Орталық комитетіндегі қызметке ауысқа­ны­ңыз­да. Енді өміріңіздің осы белесі жөнінде әңгі­ме­лесеңіз деймін. – Мен Орталық комитеттегі жұмысқа 1970 жыл­дың 12 қазанында кірісіп, мұндағы қызметі­м­ді 1987 жылы 10 қаңтарда одақтық дәрежедегі дер­бес зейнеткер күйінде аяқтадым. Сол он алты жылдың ішінде екі-ақ лауазымда болдым: әуе­лі ұйымдық-партия­лық жұмыс бө­лімін, одан кейін 13 жыл бойы Орта­лық комитет жанындағы Партиялық бақылау комис­сия­сын басқар­­­дым. Бұл жылдардың маған бергені көп. Қазір біраз адам білсін-білмесін, пар­тияны жамандап сөйлеуге бейім тұ­рады. Мен өз басым ком­мунистердің басым көпшілігі қоғамның алдыңғы қа­тар­лы бөлігі еді, адал, қарапайым, қанағатшыл адамдар еді деп санай­мын және ол пікірімнен қайтпай­мын. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде өмірдің күнгейінен гөрі көлеңкесін көбірек қазбалауға мәжбүр болсам да, партия мүшеле­рі­нің кемшілігін жиі көруіме тура келсе де солай деймін. Сол 13 жылдың ішінде менің алдымнан 5 мыңнан астам адамның жеке ісі өтіп, олардың партияда қалу-қалмауы, партиялық жаза алу-алмауы мәселелері қаралған екен. Оның бәрінде де мүмкін бол­ға­нынша абайлап қарауға, нақақ жазаға жол беріп алмауға күш салатынбыз. Димекеңнің – Д.А. Қо­на­ев­тың бізге айтатын «лучше быть нака­зан­ным за волокиту, чем за ошибку», «лучше палку недогнуть, чем перегнуть» деген сөз­дерін дәйім есте ұстайтынбыз. Қазір Д.А.Қонаевты Саяси Бюроның мү­ше­сі бола тұра, Мәскеудің айтқанынан шық­пады, Қазақ­стан­ның мүддесін ескере бермеді деп сынап сөй­лейтіндер табылады. Ол кезге баға беру үшін сол кездегі жағ­дайды дәл білу керек. Кеңес одағы бір орталыққа қатты бағындырылған, жабық, тотали­тар­лық мемлекет болатын. Орталық ешкімге еш­қан­дай дербестік бермейтін. Оның үстіне Д.А.Қо­наев өзінен бұ­рынғы Жұмабай Шаяхме­тов­тің рес­публиканың бірінші басшысы қызметінен не үшін, қалай кеткенін, өзінің де осы жұмыстан Хрущевтің тұсында не үшін, қалай босатылғанын жақсы білетін. Жақсы білгендіктен де мұны дәйім есінен шығармайтын. – Дінмұхамед Ахметұлына байланысты өз хал­қының мүддесін ескере бермеді деген айыпқа байланысты не айтар едіңіз? – Д.А. Қонаев еш уақытта дауыс көтермейтін, өте мәдениетті кісі еді. Бір жолы ғана дөрекі сөй­легеніне куә болдым. 70-ші жылдардың аяқ шені еді. Қонаев республикадан тыс жерде демалыста болғанда Орта­лық комитеттің екінші хатшысы А.Г.Коркин маған Екі­бастұз қалалық партия ко­ми­тетінің бірінші хат­шылы­ғына сайлау үшін бір министрдің орынба­са­рына материал дайындауды тапсырды. Ол көп ұзамай сайланып (сайлау деген жай аты ғой, ол кезде пленумға кімді ұсынсаң сол өтеді, сондықтан тағай­ын­далып деуге де болады), жұмысына кірісті. Дема­лыстан келген күннің ерте­ңінде Димаш Ахметұлы мені кабинетіне ша­қы­рып алды. Амандаспай жатып, орысшалап «Кем ты здесь работаешь?» деді де, сөзін қазақша жалғастырды. «Сен немене, осында қой бағып жүрсің бе?» деді. Мен қатты сасып қалдым. Мұндай деңгейдегі, мұндай білімді, интеллигент бас­шы­дан Орталық комитетте жұмыс істеген сегіз жыл­дың ішінде осын­дай сөзді алғаш естуім. Ау­зымды аштырмай, «Павлодар облысын­дағы үш қала­лық комитеттің үшеуі­нің де бірінші хатшы­ла­ры орыс жолдастар болып кетуіне қалай жол берілген?», деді де, «Ертеңге мәселе дайында, мұны Орталық коми­теттің бюросында қараймыз», деді. Ертеңінде Димаш Ах­мет­ұлы бюрода мәселенің мәнісін өзі баяндады, «Кеше Қалықов жолдас өзі­нің сыбағасын алды» дегенді де қосып қойды. Кор­кин бірдеңе деп түсін­дір­мекші еді, «Кадр­­ларды іріктеу мен орналастыру принципі жө­нінде тағы да келісіп алайық» деп кесіп тастады. «Біз қа­зақ­тың өзін қайда қоятынымызды білмей жа­та­­мыз», деді. Ақыр аяғында облыстағы сол қателікті түзеуге табандай алты айдай уақыт керек болды. Осыны Димаш Ах­метұлы орыстар басым қоныс­танған өңірдегі ұлты­мыз­дың есесі кете бермеуін ойлап жасап отырған жоқ па? Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Димаш Ахметұлына адамдарға тым сенушілік тән еді. – Осыған мысал келтіресіз бе? – Келтірейін. Сексенінші жылдардың орта тұсын­да Қонаев мені шақырып алды да, Жезқаз­ғанға ба­руды, сондағы басшы қызметкерлер ара­сын­да қалып­тасқан жағдайды, нақты айтқанда, обкомның бірінші хатшысы қызметіне жаңа ғана тағайындалған (оның алдында Шымкент обкомы­ның екінші хатшысы бо­­лып істеген) Давыдовтың жұмысын талдап қарау­ды тап­­­сырды. Жезқазғанға барғаннан кейін істің жа­йы­мен танысып, адамдармен сөйлесе келіп, Давы­дов­тың бұл жаққа бірінші басшылық қызметке жіберілуі қателік болғанына көзім жетті. Қолындағы билікті пай­даланып, кадр­лар арасында берекесіз жағдай қа­лыптастырыпты, берген уәдесін орындамайды, өз шешімін өзі өзгерте береді. Қонаевқа осының бәрін ай­тып келдім. Димаш Ахметұлы сөзімді ықыласпен тың­дап отырды да, соңында ғана: «Бұл қалай болғаны, оны әбден мақтап еді ғой?», деді. Мен кабинетіме қайтып келген соң қатты ойланып қалдым. Сонда бұл бұрынғы обкомның бірінші хатшысының әдейі ойлас­тырған ісі болғаны ма? Ол кезде кейбір басшылар өздеріне жақпайтын, жұмысына көңілі толмайтын адамдарды не оқуға жіберіп, не басқа жаққа өсіріп жіберіп құтылатын. Сайып келгенде, бұдан іс ұтылатын. – Нақ осы жерде сізге ақырғы сұрақ қояйын деп отырмын. Сіз Орталық комитетте Дінмұха­мед Ахметұлы Қонаевпен де, Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевпен де бірге жұмыс істедіңіз. Еліміздің әлемге танылған екі аса көрнекті қайраткері жөнінде не айтар едіңіз? – Бұл кімге болса да оңай сұрақ емес. Міне, 24 жыл болды, зейнетке шыққаннан бері жұмыс істемеймін. Бүгінгі қоғамдағы жағдайдың бәріне баға беру маған қиын. Димекең қазір ана дүниеде. Аруақтар жайында абайлап сөйлеген жөн. Димаш Ахметұлын өз заманының, өз уақытының өлшемі­мен, талабымен бағалауға тырысу керек. «Ол дағы қалыбынан аса алмайды, жауқазын ерте көктеп шыққанменен» деп Абай атамыз айтқандай, Диме­кең өз кезінің қалы­бы­нан аса алған жоқ. Аса ал­майтын да еді. Сондықтан Д.А.Қонаевты ана бір жылдардағыдай тым тұқырта сөйлеуге де, қазір­гі­дей тым асыра айтуға да болмайды деп ойлаймын. Екеуін салыстырып сөйлеудің қажеті жоқ, екеуі екі ұрпақтың адамы. Екеуі екі дәуірдің қайрат­кер­лері. Димекең уақыты – Кеңес одағының заманы. Нұ­рекең заманы – жаңа заман. 1985 жылдан бері Одақта билікке реформаторлар келе бастады – Гор­­ба­чевтің уақыты. Нұрекең дәл осы уақытта өзін Қа­зақстан Үкіметінің басшысы ретінде жақсы көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді абыроймен бас­қа­­рып отыр, дүние жүзіндегі беделі өте биік екенін білемін. Қазақтың ауылынан шыққан, қазақша оқыған Нұрсұлтан Әбішұлы мұндай дәрежеге өзінің адал еңбегімен жетті. Қазақстанда бірінші билікке келмей тұрып-ақ, бүкіл Одаққа аса танымал, көрнекті саясаткерлер арасында жүріп өзінің кім екенін мой­ын­датты. Горбачев, Ельцин және басқа республиканың басшылары Нұрекең­мен санасатын болды. Мен Нұрекеңді Орталық партия комитетіне хат­шы болып Д.А.Қонаев арқылы ғана келді дегенге еш­қашан қосылмаймын. Ол сатылап, біртіндеп, тәжі­ри­бесі молайған уақытта келді. Те­міртау­да адам айтқысыз үлкен металлургия комбина­ты комсомол коми­те­тінің, сосын партия комите­ті­нің хатшысы, Теміртау қаласының партия комите­т­інің екінші хатшысы, Қа­рағанды обкомының екінші хатшысы болды. Мәс­кеу­де, үлкен ЦК-ның сек­ре­тариатында, сұсты Суслов­тың алдында Те­міртау­дағы қазақ жігітінің жарқыл­дап сөйлегенін сыртынан естіп, қуанып, мақтанып жүретінбіз. Міне, осыдан кейін ғана Орталық комитетке келіп, 39 жасынан 5 жыл хатшы болып, рес­публиканың өндірісін басқарды. 39 жасты жас деп айту қиын. Одан бұрын да жастарды тәрбиелеп, тез көтеріп отырған. Мысалы, Шаяхметовтің уақытында Қо­наев 30 жасында үкімет басшысының орынба­са­ры болып келген. Сол уақытта 30-40 жастың ара­сын­да Ж.Жанғожин, Ә.Қанапин, І.Омаров, тағы бас­қа­­лар министр болған, облыстарды басқарған. Д.Қонаев­тың уақытында жас азаматтар Е.Әуел­бе­ков, М.Сағдиев, О.Қуанышев, А.Рамазанов, С.Жиенбаев, К.Аухадиев... өзім жақсы білетіндерді ғана айтып отырмын, бір емес бірнеше облыс­тарды басқарған. Таң қаларлық ештеңе жоқ, Нұрекең өз жолымен келді. Қонаевтың тұсында үлкен қыз­мет­ке жастай көте­рілген жалғыз Назарбаев емес. Ақырғы айтайын дегенім – Нұрекең Кеңес ода­ғы тарағаннан кейін өз халқының тағдырын та­рих­тағы ауыр заманда қолына алды. Развал Советского Союза был геополитической катастрофой ХХ века. Елімізден өзінің тарихи отанына бір миллион немістер, бір миллион славяндар және басқалары кетіп қалды. Өндіріс­тер жабылды, құрылыс тоқта­ды, ауыл шаруа­шылығы күйзелді, сататын ештеңе жоқ, ақша жоқтың қасы... Нұрсұлтан Әбішұлы елді сондай жағ­дайдан алып шықты. Қай мемлекеттің басшысы атымен қа­те­леспей жұмыс істеді дейсің? Ондайлар жоқ. Нұре­кең де, жанындағы азаматтар да еш қате­лес­пей жұ­мыс істеді деу қиын шығар. Еш­теңе жаса­маған адам ғана ешқан­дай қате жібермейді деген сөз бар ғой. Тактикалық тұрғыдан қабыл­данған кей ше­шім­дердің қателік си­яқ­ты көрінетіні де болады. Ара­сында қателер де кетуі мүмкін. Бірақ Нұре­кең­нің бір­де-бір стратегиялық мә­селеде қате­леспе­ген­дігі анық. Осы­дан 5-6 жыл бұрын сол уақыттағы Ресей­дің президенті Путин біздің мем­лекетіміздің жаңа заманда реформалар бойынша алда келе жатқанын мойындады, мен тіпті амалсыз мой­ын­дады дер едім. Сауытбек, мен Димекеңмен, Нұре­кең­мен көп жыл­дар қызметтес болғандықтан саяси портреттерін жа­зып жүрген адаммын. Осыдан 9 жыл бұрын Диме­кеңнің 90 жыл­ды­ғына бай­ла­нысты менің «Мысль» журналына ма­қа­лам шық­ты. Сол мақалада мен осы екі тұлғаның саяси портреттерін беруге ты­рыс­қан­мын. Өзімше айта алдым деп ойлаймын. Ха­л­қымыз­дың ардақты ұл­дарын пайғам­барға да, әулие­ге де теңеуден ау­лақ­пын. Оның үсті­не замандас бол­ғанда, қызметтес болғанда адамның ұлылығы біліне бермейді екен. «Таудың биіктігі алыстан ғана көрі­неді» деген рас екен. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев есімдері халқы­мыз­дың жаңа тарихында жазылып қалатынында дау жоқ. – Аға, біраз әңгіме айттыңыз. Рахмет. 90 жыл­дық тойыңыздың жақсы өтуін тілеймін. Сіздің кітабыңыздың ішінде еліміздің аса көр­некті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің осы­дан он жыл бұрын жазылған мынандай өлең жолдары бар екен. Былай депті: Кешегі өткен жақсылардың жалғасы, Жүре берші, аман-есен жер басып. Тоғайы көп тоқсанға да тоқтама, Кеттің міне сексен деген белді асып.   Аяңдай бер, алыс әлі Қособа, Жақсы айлардан, жақсы ойлардан босама. Ескілердің ертеңі боп жүре бер, Жаңалардың жағасы боп жаса, аға... Ақыннан артық айту қиын. Тұмағаң айт­қан­­дай, тоғайы көп тоқсанға да тоқтамай, жа­ңа­­лар­дың жағасы, жақсылардың жалғасы боп жасай беріңіз. – Бір ауыз сөзімді жерге тастамай, Алматыға ар­найы келіп, ағаңмен сөйлескенің үшін саған да рахмет айтамын. Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. ––––––––––––––––––––––– Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.