Халықаралық байқаушылар не дейді?
Өткен жұма күні Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы болып өтті. Аталған үдеріс бойынша ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ, деп жария етілді. Осыған үндес халықаралық байқаушылар пікірлері беріліп отыр.
Вадим ГУСТОВ: Ақмола облысындағы Степногор қаласында дәрігер болып жұмыс істегенмін. Өңірдегі бүгінгі өзгерістерге тәнті болып отырмын. Сайлау мен дауыс беру үдерістері жоғары ұйымшылдықпен, кәсіби тұрғыда әрі демократиялық сипатта өтті.
Эллада ФРОЛОВА: Сайлаудың жоғары деңгейде өтуі Қазақстан заңдарының халық мүддесімен сабақтастығын көрсетеді. Биыл өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін Қазақстан сайлауларды ұйымдастыру мен өткізудің оңды үлгі-тәжірибесін қалыптастырған. Оның нәтижелерін елдің өркендеген тіршілігінен де көруге болады.
Ақмола облысы.
Анатолий МОИСЕЕВ: Байқаушы ретінде басқа республикаларда өткен сайлауларды да көріп жүрмін ғой. Сондықтан бұл сайлау жоғары ұйымшылдықпен әрі шынайы демократиялық негізде өтті деп сеніммен айта аламын. Сайлауалды науқаны кезінде де, сайлау барысында да бірде-бір заң бұзушылықтар байқалған жоқ.
Алматы облысы.
Александр НАЛЬВАДОВ: Сайлауды ұйымдастыру үдерісімен жете таныспын. Бұл шараға қатысты ақпараттар алуда ешқандай кедергі болған жоқ. Сайлау Қазақстанның «Сайлау туралы» Заңына, ел Конституциясына және Президенттің Жарлығына сәйкес өтті. Дауыс беру барысына ешқандай ескерту жоқ. Бәрі байқаушылардың және үміткерлердің көз алдарында болды, ашықтық, жариялылық және демократиялық талаптар қатаң сақталды.
Ақтөбе облысы.
Елена ШУБИНА: Менің сайлау өткізуде 15 жылдық тәжірибем бар. Байқаушы ретінде Қазақстандағы президенттік сайлауға да келген болатынмын. Ал Сенат сайлауын ұйымдастырудан да ешқандай мін тапқан жоқпын. Барлығы да ашық, жариялы негізде өтті. Бюллетень жәшігі мен кабинаның сахнаға орналастырылуында да ашықтық пен демократиялылыққа аса мән берілгені байқалды.
Қостанай облысы.
Антонина ГАЛЯШКИНА: Сайлаудың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары бағаға лайықты. Мұнда бәрі де қамтылған, бәрі де ескерілген. Парламенттің жоғарғы палатасы сайлауына қатысушылар өз таңдаулары мен еріктерін толық білдіре алатынына көзіміз жетті. Өйткені, ол жабық, жасырын дауыс беру жолымен жүргізілгеніне куә болдық. Мұндайда қандай да бір болмасын әкімшілік кедергілер жасауға мүмкіндік қалмайды.
Людмила ЖУКОВСКАЯ: Парламент Сенатына депутаттар сайлау демократиялық тұрғыдан өзге көршілес мемлекеттердің көбінен биік тұр деп ойлаймын. Мұнда Сенат депутатын сайлауға ең төменгі аудандық деңгейдегі депутаттар да қатысады екен. Бізде, Ресейде басқашалау. Мұндай ұстаным бізді де қызықтырады.
Батыс Қазақстан облысы.
Владимир ПУГИН: Өз басым, Қазақстанда сайлау науқандарының заңнама, демократия талаптарына сәйкес өткізілетінінің куәсі болып жүрмін. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына бастан-аяқ қатыстым. Аудандарға дейін барып, сайлаудың ашықтығына көз жеткіздім. Солтүстікқазақстандықтардың Сенат депутаттарын сайлауға да жан-жақты әзірленгенін анық байқадық. Әріптестерім де науқанның ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Таңдаушылардың түгелге жуық жиналуы олардың өз міндеттеріне зор жауапкершілігін аңғартады.
Солтүстік Қазақстан облысы.
Гүлнар ЖОРАБАЕВА: Мен өзім Қырғыз Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары болып табыламын. Қазақстанда өткізілген Парламент Сенаты депутаттарын сайлауға байланысты мынаны айтқым келеді. Елде осы үдеріске дайындық жан-жақты жасалғаны, таңдаушылардың көтеріңкі көңіл-күйі анық байқалып тұрды. Бәрі Қазақстанның заңнамаларына сәйкес өтті. Өз басым Оңтүстік Қазақстанның елін де, жерін де жақсы білемін. Жетістіктеріңіз көбейе бергей.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Азат АХТАРЕЕВ: Біз сайлаудың қандай да бір жолсыздыққа мүмкіндік бермей таза, жоғары ұйымшылдықпен өткеніне куә болдық. Өзіміз байқаушы ретінде қатысқан Маңғыстау облысында Қазақстан Парламенті Сенаты депутатын сайлау жоғары деңгейде өтті. Сайлаудың заңдылықтары мен ережелеріне нұқсан келтіретін бірде-бір факті болған жоқ.
Маңғыстау облысы.