• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2011

Мүмкіндігі шектеулі балалар көрмесі

387 рет
көрсетілді

Жақында елордадағы Президенттік мәдениет орталығында мүмкіндігі шектеулі жас талант­тар­дың «Менің әлемім» атты сурет көрмесі ашылды. Оған қолдау көр­сеткен «Биік Самғау» қоғамдық қоры, Мәдениет министрлігі және Президенттік мәдениет орталығы. Мүмкіндігі шектеулі балалар – өмірдің қатал сынағына ұшыраған жандар. Сондықтан олар қоғамның өздеріне деген айрықша назарына қашанда зәру. Оны түсініп түйсіну әрқайсымыздың борышымыз болса керек. Иә, біздің мемлекетімізде мұндай балаларға жан-жақты қол­дау көрсету ісі жақсы жолға қо­йыл­ған. Осы орайда Елбасы­мыз­дың: «Олардың болашақ қамын ой­лап, жұмыла жәрдем беру – баршамыздың парызымыз», – деген сөзі ойға оралады. Мүмкіндігі шектеулі балалар әлем­ді, қоршаған ор­та­ны өздерінше түсі­ніп, біз көңіл бөле бермейтін елеусіз оқи­ғала­р­дан, құбылыс­тар­дан бір ерекшелік байқап, жанына түйіп жүреді. Бұл – олардың жан-дү­ниесінің әркез сергек жүретінін білдірсе керек. Жас талант суретшілердің ішкі жан-дүниесі мен жүрек бұлқы­ныс­тарын өздері салған дүниелерден зер сала қарасаң, айқын аңғаруға болады. Тамыршыдай тап басып ой иірімін ақ қағазға түсіргенде, көз алдына алуан түрлі құбы­лыс­тарды әкеледі. Осы арқылы олар­ды мем­лекеттің толыққанды азама­ты ретінде тануға болады. Тіпті өз­дерін бір әлем десек жарасатын­дай. Бұл көрмеге балалардың 25 туындысы қойылған екен. Жағалай қарап шыққанда мына жалғанның бүкіл болмысы осы суреттерге сы­йып кеткендей әсер аласың. Әсі­ресе Болыс Жанарыс, Бибігүл Нұр­мағамбет, Виктор Рампель, Александра Мазуренко, Далия Сурова, Виктор Киль, Елизавета Данилова, Ләззат Сұлтанова, Арлан Амангелдинов, Анжелика Шапедько сынды авторлардың жұ­мыс­тары көз жауын алады. Көрменің ашылуына тиісті лауазым иелері, елшілік өкілдері, шетелдік қонақтар қатысып, жас қылқалам шеберлерінің тәй-тәй басқан тың туындыларына тәнті болғандарын, олардың болашағы­нан зор үміт күту қажеттігін еске салып, ұйымдастырушылардың аза­маттығына алғыстарын білдірді. Бұл көрме осы айдың соңына дейін жұртшылыққа ұсынылатынын айта кетсек дейміз. Сүлеймен МӘМЕТ.