• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2011

Мерген

479 рет
көрсетілді

Таулары тарих, даласы ше­жіре саналатын қабыр­ға­лы Қаратал ауданының ар­ғы-бергі тарихында өмір дас­та­ны аңызға бергісіз, тау мү­сінді тұлғалар көптеп ұшы­расады. Солардың бірі – за­манында ел жұртының риза­шылық пейілмен, ауыз тол­тырып «Шәймерден партизан, мерген» деп ата­ған, егеу­лі найза қолға ал­ған, еңку-еңку жер шалған ері, құра­лайды көзге атқан мергені, бірбеткей, қарадан шық­­қан қара күш иесі, саят­кер, жүрек жұтқан батыр Шәй­мерден Бейісов еді. Қос бірдей ға­сырдың куә­гері бол­ған, өткен жүз жылдықта бейқұт жатқан қазақ дала­сын да от жалы­нымен шар­пы­ған Азамат со­ғысы жыл­дарында пар­ти­зан­дық іс-әре­кетімен, құра­лайды көз­ге атқан мергендігімен, ал Кеңес өкіметі тұсын­да жеке- дара тіршілік еткен ағайын­дардың басын біріктіріп, кол­лектив­тен­діру­де қай­рат­­кер­лігімен ерекше көзге түскен ол ақын-жазу­шы­­лар­дың шы­ғармасына өзек бо­ла­ды. Ай­талық, Жүсіпбек Арыс­танов­тың «Жер ұйығы – Жетісу» кітабы, Ғабдол Сланов­тың «Қара аю» әңгімесі, халық ақыны Қалқа Жапсар­баевтың «Партизан Шәймерден» толғау-жыры, бертіндегі арынды ақын ініміз Қайрат Әлім­бектің «Батыр бел буғанда» атты балладасының ар­қауы да осы ерен ердің ерлік істері еді. Ереуіл атқа ер салып өткен, елі мен жерінің азаттығын ойлап, түн қатып жүріп, түс қашқан Шәймерден батырдың өміршең өне­гесі арқылы жас ұрпақты патриоттыққа, отан­сүйгіш­тік­ке, ел қорғаны болуға тәрбиелеудегі аталған туын­дылардың қашан да тағылымы зор. Ақындар жырына қосқан, қаламгерлер шығар­масына желі еткен Шәймерден мерген 1877 жылы қазыналы Қараталдың Қызылжар өңірінде дүниеге келген. Қатарынан оза туған, жасынан заңғар көкте самғап ұшар қыран тектес мінезімен танылған ол бозбала шағынан аңшылық пен саятшылық өнерге бір табан жақын болған. Әрдайым шу асауды құрықтап, ат жаратып, иығынан құсауыз шиті мылтығын, жанынан жүйрік тазысын тастамаған. Атқан оғы далаға құр кетпеген. Бертін келе есімі осы мергендігімен алыс-жақын шартарапқа тараған. Жер басып, бойын шалқақ ұстаған әрбір адам өзі өмір сүрген қоғамының төл перзенті саналады. Та­разының басы қызылдар жағына ауғаннан бастап кеу­­десінде алаулаған жалын оты бар, тас қамал бұ­зар қырықтағы Шәймерден шашақты ту ұстап, атқа мінеді. Төңірегіне елден іріктеліп шыққан өң­шең сай­дың тасындай: Сатқын, Қатқылбай, Омар, Мұ­қым­жан іспеттес жігіттерді топтастыра­ды. Бұған себеп Ресейдің орталығынан ығысып, көрші­лес Қы­тай­ға барып бас сауғалауды мақсат тұтқан ақ гвар­дия­шыл атаман Анненков пен Дутовтың баскесерлері жолындағы жалпақ жатқан бейбіт елдің шыр­қын бұзады. Ауылдарды әбігерге түсіріп, төрт түлі­к малға қол салады. Арам ниеттілердің осындай бас­сыз­дық әре­кетіне шыдамай егеулі найза қола алған Шәй­мерден бастаған намысшыл да қайратты азаматтар партизандық іс-әрекетке көшіп, қас дұш­пан­ды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады. Әй­теуір не керек, түн қатып, түс қашып жүріп туған елі мен жерін жат жұрттықтардың езгісінен, тепкісінен қорғайды. Партизан Шәймерден, ер Шәймерден деген атақ-даңққа бөленеді. Елдің тынышын алған­дар­ды Қапал асы­рып, қуып шыққанға дейін тыным көрмейді. Бұл турасында халық ақыны Қалқа «Ер Шәй­мер­ден» дастанында былайша жырлайды: Залымнан бүйте берсе жан қала ма, Халықта батыр болса сандала ма? Баласы Бейістің Шәй­мер­ден ер, Аң аулап кеткен екен Ақдалаға. Шалдығып, Ақдаладан келе жатып, Кездесіп жылап жүрген сан балаға. Сұрады балалардан неғылды, – деп Бала айтты ақтың қолы қағынды, – деп Нұрбайдың қолы келіп, ел жылатып, Даласы Үштөбенің шабылды, – деп Балалар осыны айтып шырқырайды. Батырдың сай сүйегі сырқырайды. Бұл елден ондай адам тумап па деп, Аузынан қаһар оты бұрқырайды. Содан не керек, Шәймерден батыр ақ банды­ларға ілесіп, елді шулатқан Нұрбайды тәубесіне келтіру үшін Жұдырық деген тумасының жүйрік күреңін сұрап мінеді. Жанына сенімді жеті жігіт және отыз кісіні ертіп, ізіне түседі. Қиян-кескі шайқаста батыр тобы дұшпанынан үстем болады. Олардың бұл ерлігі ақын жырында төмен­дегідей суреттеледі: Тәуекел дариясынан белді буып, Көрінер жауға жаудың түсі суық. Атысып ақ пен қызыл араласып, Ұстасып қоян-қолтық келді жуық. Атысып ерте менен кешке дейін, Көп малдан ақтық қолын шықты қуып. Екеуі біреуінен біреуі асты, Ала алмай бірін бірі жаман састы. Дамылсыз бір күн, бір түн атыс­қан соң Жиылған қалың қолдың қарны ашты. Нұрбай да елді жаман қанап еді, Елдегі қатын-бала жалаңаш-ты. Оқ тиіп оң жақтағы топшысынан, Тө­ге­ді моншақ-моншақ көзден жасты. Батырды Шәй­мердендей қайрат кернеп, Нұрбай да қорық­қанынан кетті терлеп. Мылтығын тастай салып, тұра қашты, Жаныма бір шыбындай мәулет бер деп. «Бас қайғы, байтал түгіл» дегендейін, Жөнел­ді сол уақытта бір сайды өрлеп. Ал қоғам қайраткері, журналист, жазушы Жүсіпбек Арыстановтың «Сұңқар да жерді мекендейді» туындысының «Күйреу атты» 13-тарауында Ораз Жандосов бастаған отрядтың Қаратал мен Қапал өңіріне келіп, ақ бандыларды талқандауын былайша суреттейді. «Ақтар саппен алда келеді. Арттағы төрт шананың екеуіне шөп, екеуіне азық-түлік басқан. Шанаға байланған жайдақ аттары да көзге түседі. «Жортуылшыны торушы алады» деген болмаса, олар екі есе көп. Командир Шәймерден демін ішіне тарта сығалап тұрып, мылтығының серіппесін бас­қан­да алдағы офицер үзеңгісіне еңкейгендей басын бір бүйірге сылқ еткізіп ауа құлады да астындағы қарагер үрке омбы қарға жалт берді. Сол замат: – Ат! – деген командамен жарыса мылтық пен пулемет гүрс-гүрс етті де, он бесі бірдей атқа міне қы­лыш­тарын жалақтата шапты. Күтпеген жар астындағы қызыл әскердің қамауына түскен ақтар қарсыласуға шамасы келмей қол көтерді», делінген. Екі жылдай ат үстінен түспей, жауды шекара асырып, қуып тастап, кіндік қаны тамған Қара­тал­ға оралса ертеңгі күнге үміт артқан ел-жұрты қоң­тор­ғай тіршілік кешуде екен. Соғыс пен жеті аға­йын­ды жұт зардабынан ашаршылықтың алғашқы нышаны сезіле бастапты. Партизан Шәймерден енді мерген Шәймерден атанып, қырдан аулаған аң-құсының етімен тарыққан елін асырайды. Үштөбе төңірегінде аңшылар одағы артелін, ал төменгі Балқаш бойында балықшылар артелін құруға ұйытқы болады. Көне көздердің: кеудесі кең қазынаға толы, тоқсан­ның төріне озған Сейдахмет Қосжанов, батыр­д­ы жігіт кезінде екі рет көрген Әбен Аймұ­хан­бетов, еңбек ардагерлері Ернест Молдабеков, Ай­тан Нұрбаев, Мұсахан Тоқабаев, өз ұлы Тә­ңір­берген Шәй­мер­деновтің бізге айтқан дерегіне сүйенсек, Шәймерден тығырықтан жол таба білуінің арқасында Түркісіб темір жолы құры­лыс­­шы­ларын және қазіргі Қызылжар ауылын­да­ғы балалар үйі тәрбие­лену­ші­лерін қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіпті. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қара­тал ауданында да ауыл шаруашылығын коллективтендіру ісі қызу қарқын алады. Жаңа өмір­дің тала­бын жан жүрегімен сезінген Шәй­мер­ден мерген «Бірлік түбі – тірлік», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қағиданы ұстанып, маңайына сөзі өтетін, еңбек десе елеңдеп тұратын отыздан астам түтінді топтастырады. Аудан басшылары кеңсесінің табалдырығын тоздырып жүріп, түрен түспеген тың жатқан Жылыбұлақ арнасы мен Қусақтың сайы арасындағы жерді игеруге рұқсат алады. Бертіндегі «Новый мир» колхозының ірге-тасы саналған «20-шы точка» аталатын артель құрылады. «Шәймерден ауылының» берекелі тіршілігінен хабардар болған ел-жұрт алыс-жақыннан ағыла келіп қосылып, шағын артель іргелі колхозға айналады. Көрегендігімен көш бастаған Шәймерден бұл жолы да қағылездік танытып, колхоз төрағалығына өмірлік тәжіри­бесі бай, елге сыйлы азамат Рамазан Омарұлын ұсы­на­ды. Колхоз мүшелері бұл ұйғарымды бірауыздан қолдай­ды. Сенім ақталады. Күріштің әр гектары­нан 100 цент­нерден түсім жиналады. Ортақ істен сырт қал­маған Шәймерден мерген колхоздың мал фер­масын ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін оның меңгеру­шісі міндетін абыройлы атқарады. Қиындығы мен қызығы мол бейбіт күндер артта қалып, батыста соғыс бұрқ етеді. Өндіршін жастар мен жасамыс тартқандар қанды майданға атта­на­ды. Шәймерденнің ат жалын тартқан ұлдары: Шаяхмет пен Ахметсейіт те қару асынады. Ел ба­сы­на күн ту­ған сын сағатта атойлап намысқа мінген Шәй­мер­ден мерген бес қаруын асынып, аудан­дық әскери комис­са­риатқа барады. Өзін кідіртпей әскер қатарына алу­ды, шұғыл майданға аттан­дыру­ды сұрайды. Ондағы­лар ақсақалды сабырға шақырып: «Сіз тылда еңбек етуге, жастарға басшы болуға лайықсыз», деп тоқтау айта­ды. Арыстандай айбатына, жолбарыстай қай­раты­на мін­ген қарт батырдың осы бір шамырқанған буыр­қанысты сә­тін Қазақстан Жастар одағы сыйлы­ғының лауреаты, ақын Қайрат Әлімбек «Батыр бел буғанда» балла­да­сында «Жыр болып тарар жүрек­тен, жоғалт­пайды екен іріні ой. Қалқадай ақын жыр еткен, Шәй­мер­ден соның бірі ғой», деп әріден бастап, шамыр­қанған сәтін: «Әй, сонда мені кім дей­сің? Мен­де де жауға сыйлық бар! Соғысып жүр ғой білмейсің, Буденный, Ворошиловтар. Жібергін мені майданға, «Пәшесті жөндеп көрейін, мен келдім жалғыз бай­лам­ға, жастығымды ала өлейін... Болса да ісі күлкілі, батырлық еді ол нағыз...», деп келістіре жеткізеді. Әрине сайыпқыран батырдың шау тартқан тұста қайратқа мініп, намысқа шапқан бұл тілегі­нің аяқ­сыз қалып, орындалмауы заңдылық еді. Оның есесіне еңбек майданының көрігін қызды­ра­ды. Жеңістің жақындай түсуіне хал-қадерінше үлес қо­сады. Кезінде өзі іргетасын қалаған «Новый мир» колхозы­ның Майлыбай қой фермасының мең­герушісі міндетін 1945 жылдың ақпанынан қа­шан көзі жұмыл­ған­ға дейін атқарады. Еңбек ардагері Мұсахан аға­ның айтуына сүйенсек, Шәй­мер­ден мергеннің бейіті Майлыбай мал жайылы­мы­ның солтүстік жағындағы Қаспақбай көліне таяу жерде екен. Бейіттің төңірегі шеңгелмен қоршалған. Халық ақыны Қалқа Жапсарбаев «Партизан Шәй­мерден» толғау-жырында: «Жырладым Шәй­мер­дендей бір батырды, үйретті ол халық үшін түн қатуды», деп жырлағандай, бес қаруын асына жү­ріп, еліне қорған болған Шәймерден Бейісов есімін жерлестері қадірлеп, қастер тұтады. Жылыбұлақ ауылындағы көшенің бірі оның құрметіне аталады. Тағы бір ден қоярлығы, мергеннің көзі жұмыл­ған­нан кейін Алматы қаласындағы Республикалық мемлекеттік мұражай қызметкерлері арнайы іздеп келіп, батырдың тұтынған қару-жарағы мен сырт киімін, басқадай да құнды құжаттарын аттай қалап, сұрап алса керек. Сол құнды дүниелердің содан кейінгі жылдардағы тағдыр-талайы беймәлім. Батыр­дан қалған ұрпақ бүгінде Бастөбе ауылында тұрады. Ер Шәймерден еліміздің мақтанышы, ері. Ұлы жазушы М.Әуезовтің тілімен айтсақ, «Ер – ел тарихының белі» деп оның бүгінгі ұрпақтары мен туған-туыстары батыр бабасын ардақтап келеді. Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармо­ния­ның қос әншісі Оралбай Мұхамедиев пен Шәй­мер­ден атаның шөбересі Аян Оразбекқызы басына құлпытас орнатып, «Ер Шәймерден» атты кітап шығарды. Деректі телефильм түсірілді. Ер есімі ел есінде деген осы болар. Қараша ҚАРАМАН, журналист. Алматы облысы, Қаратал ауданы. Суретте: Шәймерден мерген.