• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2011

Жадымдағы жазбалар

706 рет
көрсетілді

Алтыншы сыныпты аяқтаған кезім. Дү­к­енге барамын деп кеткен апам оралып келісімен: – Қонысжан, көрші атаңды вело­си­пе­дің­мен Көкалатқа апарып қайтшы, – деп қолқа салды. Мына тосын ұсынысты естігенде шал­қам­нан түсе жаздадым. Біріншіден, біз тұратын Қараторғай мен Көкалаттың арасы тоғыз шақырымдай жер. Екіншіден, мен велоси­пед­тің орындығында отырып тебуге аяғым жетпегендіктен белтемір үстінде аударылып-төңкеріліп, әзер жүргіземін. Ал әлгі көрші атам деп отырғаны сексенді орталап қалған қария. Великпен өзім әупі­рім­деп әзер жүргенімде үлкен кісіні құлатып алсам, өмір бойы масқара болмаймын ба? Осыны ойлап азар да безер болдым. Алайда апам бұның бәрін түсінгендей болғанымен алған бетінен қайтатын түрі жоқ. – Төртінші ауылда бір замандасы төсек та­р­тып жатыр екен. Соның көңілін сұрап қай­тайын десе, балалары мәшине таба алмай жүрген көрінеді. Кәрі қойдың жасындай жасы қал­ғанда арыз­даса алмай қаламын ба деп уайымдайтын шы­­ғар. Апарып қайт­шы, айнала­йын, қарт адам­ның бата­сын ала­сың ғой, – деп шегінетін жер қал­­дырар емес. – Апатай-ау, та­қыр жерде омақаса құлатып алсам, ба­тасын беруге де үл­гере алмай қала­ды ғой, – деп мен де бе­ріспей жатыр­мын. Ақыры анамның дегені болатын бол­ды. Велосипедімді биіктеу жерге қо­йып, әуелі ақса­қал­ды отырғызып ал­дым да, еңіске қа­рай зымырай жө­нел­­генде педальға табанымды ілік­тіріп үлгердім. Ығал атам самолетке мінгеннен кем қуанбай шұбыртып батасын беріп жатыр. Ауылдан ұзаған сайын менің уайымым да ұлғая түсті. Әсі­ресе, жолда кездесетін сайлардан өтер кезде жаным мұрнымның ұшына келеді. Күн де шақы­райып, бүкіл денемді тер басып кетті. Тоқ­тап дем алуға қай­тадан міне алмай қаламыз ба деп қорқамын. Бос орындыққа қос қолымен жармасып ал­ған қария жас балаша мәз. Мені мұқият тыңдап келе жатыр деп ойлайтын болуы керек, ауызы әңгімеден құрғайтын емес. Анда-санда: – Аяғым жеңілдеп кетті, галошым түсіп қалған жоқ па? – деп сұрап қояды. Мен тездете көз қиығымды тастаймын да: – Жоқ, – деп жауап беремін. Біраздан кейін: – Әй, менің аяғым тіпті жеп-жеңіл бо­лып кетті, шамасы галошым мана түсіп қалған ғой, сен өтірік алдап келесің, – дейтінді шығарды. Екі қара саным талып, белім жаздырмай әзер келе жатқан мен әлгі сөзге ыза болып: – Сенбесеңіз өзіңіз қарамайсыз ба? – деп күңк ете қалдым. – Төменге қарасам, басым айналып құ­лап қаламын ғой, – деді ол дауысы жуасып. Содан кейін біраз уақытқа дейін үнсіз қалды. Мен өзімнің мінез көрсетіп алғаны­ма қысылып қалғандай болдым. Ақыры діттеген жерімізге де жеттік-ау. Біз іздеген үйіміздің алдына жақындағанда алды­мыздан құман ұстаған кемпірдің шыға келмесі бар ма? Великті ұршықтай үйіріп кілт тоқтату қолымнан қайдан келсін, бір қа­ра­сам мен бір жақта, шал бір жақта, кемпір бір жақта, құман бір жақта жатыр екен... * * * Бақытжан Сәуекенов атты композитор досымның жасы тоқсанға тақаған әжесі бар болатын. Көпшілік сыртынан «қара кемпір» деп ат қойып алған. Мұрат деген жолдасы­мыз аяғын сүйретіп басатынына байла­ныс­ты «шаңғы кемпір» деп те әзілдейтін. Өз аты Бәтима, белі бүгіңкі болғанмен қимылы ширақ, таңның атысынан күннің батысына дейін бір тыным таппай шапқылап жүргені. Келіні Қуаныш Арқалықтағы институтта сырттай оқиды. Жылына екі рет сессияға кеткенде үйдегі бала-шаға, қазан-ошаққа ие болып қалатын да осы қара кемпір. Бақытжан үйде бір күн оңаша отыр­май­тын, кез келген мезгілде топырлатып қонақ ертіп жүретін көпшіл жігіт. Тіпті үйінде әйелі жоқ кездерде де кісі аяғы басылмай бірі кіріп, бірі шығып жатқаны. Сондай кезде Бәтима әжем: – Әйе-лім оқу-ға кет-ті де-мей ме, кем-пір бол-са тоқ-сан-да, ден саулы-ғы жоқ де-мей ме? – деп нан жайып жатып өшін оқтау мен тақтайдан алып жатады. Кейуананың жалғыз кемшілігі – құла­ғы­ның ауырлығы. Өзі қағыс естігеннен кейін жұрттың бәрін саңырау деп ойлайтын болуы керек, әңгірлеп сөйлейді. Бір нәрсе десең: – Қаттырақ сөйле, құлағым естімейді, – деп бір айтқаныңды бірнеше қайталатып жатқаны. Бір күні әжем екеуміз бүкіл үйді басы­мыз­ға көтеріп «әңгімелесіп» отырғаны­мыз­да Бақытжан кіріп келді. – Неменеге сонша өңешіңді жыртып жатырсың, әжем саңыраумын деп өтірік айтады, – деді маған күле қарап. – Қойшы жарықтыққа өтірік айтып не кө­рініпті, – дедім мен сеніңкіремей. – Қазір қара да отыр, өзіңнің көзің жетеді. Бақытжан осыны айтты да үш жасар Эльмира атты қызының қасына жақындап: – Кімнің баласысың, айтшы, кімнің бала­сысың? – деп сыбырлап сұрап еді, шәй құйып отырған құлағы естімейтін кемпір: – Сенің балаң, ойбай, тоқсанға келген мен тапты деп пе едің, сенің балаң! – деп қолындағы кесесін шиырып жіберді... * * * Ахмедия Мәдиев деген азамат Жадыра атты екінші қызымның қайынатасы, туған құдам. 1998 жылы Қостанай облысының (бұ­рынғы Торғай) Жарқайың ауданында әкім болып істеді. Сол жылдың жазында Ас­тананың тұсаукесері өтпекші болатын. Дәл сол кезде мен де кезекті еңбек дема­лы­сымды алған едім: – Болса да демалыстасың, біздің ауданға Атырау облысының делегациясын қарсы алу тапсырылған екен, қонақтарды бірге күтіп, тойды бірге ат­қа­рып қайталық, – деген соң қарсылық танытқам жоқ. Алғашында: «Облыс әкімі екінші күні ғана келеді екен», деген хабар тиді. Ахмедия қызмет жасап жүрген жігіттеріне: – Онда бүгін бас аспай-ақ қойыңдар, өзіміздің аудандардан келгендерді ға­на қонақ қылармыз, – деп кеңес берген. Бүгін кішкене тыныс бо­ла­тын болды ғой деп, ар­қамызды кеңге салып, ипподромда ат жарысын тамашалап отырғанбыз. Сол сәтте ұялы телефон қоңы­раулатып, арғы жақтан: – Аха, қонақтар бүгін келетін болыпты, қой со­йып, бас асып үлгер­мейтін шығар­мыз, – деген абды­раған дауыс естілді. – Қойды тез сойыңдар, терісі түскенше басты үйтіп қазанға сала беріңдер! – деп Ахмедия шұғыл тапсырма бере бастады. Бірер сағаттан кейін киіз үйге келсек, бас та пісіп, тамақ та дайын болып қалған екен. Сонда ғана көңілі орнына түскен Ахаң терін сүртіп тұрып: – Апырай, баяғыда қазақтар сотовыйсыз қалай қонақ күтті екен? – деді шын көңілден таң қалып... * * * Тұлпар бар ма тұяғы майырылмаған, Сұңқар бар ма қанаты қайырылмаған. Ажал оғы аспаннан жеткен кезде, Кімдер кімнен, шіркін-ай, айырылмаған, – дейді қазақтың қара өлеңі. Бір жағы досым, бір жағы құдам Болат Тәменұлының отбасына көңіл айта бар­ға­ным­да осы өлең жолдары ойыма оралды. Ар­тында қалған жары Мейрамкүлмен екеуі­нің отырған жері мерекеге бергісіз еді. Мей­рамкүл сыртқы пошымы, мінез-құл­қына қарап бір барған кісінің өзіне лақап ат қойып жіберетін, ойын-күлкінің ордасы Қызбел ауылының қызы, сөзге шешен, әзілге ұста. Торғай тарамаған, Арқалықтың ажары таймаған кез. Әйелдер күнімен құттықтап шық­пақшы болып үйлеріне бара қалсақ, құ­дағиымыз қолына маса ұрғышын алып, құ­дамызды үстелді айналдыра қуып жүр екен. – Күйдіргі шыққыр, әбден күйдірдің-ау, қанымды төгіп алған қайран нәскилерім-ай! – деп кіжініп қояды. Біз түкке түсінген жоқпыз, «құдағи қанын төгетіндей қай соғысқа қатысып еді» деп аң-таңбыз. «Бақсақ бақа екен» дегендей, істің мәнін кейін бір-ақ ұғындық. Сол бір тоқсаныншы жылдардың ба­сын­да киім-кешек түгілі қант-шай, кір сабын­ның да көзден бұл-бұл ұшқанын көрдік қой. Ол кезде дүкеннен зәру заттар алғың келсе, «зертханаға қан өткізді» деген анық­та­ма тапсыруыңды талап ететін. Мейрам­күлдің әдейі қан тапсырып, басы айналса да күні бойы шіретте тұрып алған нәски­лерін Болат құда екі күнге жеткізбей тесіп тастағанға ұқсайды. Сосын құдағи­дың қан қысымы кө­терілмей қайтсын, біз келгенде жеңін түрі­ніп қуып жүруінің сыры сол екен. Жалпы олар бір-біріне жарасымды еркелей білетін қандай отырыстың да көркін кіргізетін, жұптары жарасқан жандар болатын. Тағдырдың жазмышына не шара, Болат өмірден ерте өтті. Екі жақсы сәтімен қосылғанымен бірге жасай бермейтіні қандай өкінішті... * * * Тұрсынғали Толыбаев деген досымның әкесі Қабылда ақсақал көп жыл көлемінде жылқы баққан. Жылқышылардың елді мекендерден жырақ жүретіндігіне байла­ныс­ты ұлы да мектеп есігін кештеу ашты. Баламды оқуға кіргіздім деп көңілі жай­ланып жүргенде мектеп директоры бір қа­ты­наған адамнан: «Шұғыл келіп қайт­сын!» деп сәлем айтып жібереді. «Ұлым бірдеңеге ұшырап қалды ма?» деп жанұшырған әке аттан ат ауыстырып аудан орталығына жедел жетеді. Баласы­ның аман­ды­ғын көріп жүрегі орныққан соң өзін жиналысқа шақырғанда да алаңдай қоймаған. Педсоветті ашқан директор күн тәртібін бірден тәртіп мәселесінен бастады да: – Ақсақал, саяқ жүріп мал баққан адам­быз деп жағдайыңызды айтқан соң жасы асып кеткеніне қарамай балаңызды мектепке алып едік. Құм арасында жалғыз үй оты­рамыз дейсіз, сонда балаңыз жаман сөз ай­ту­ды кімнен үйреніп жүр? – деп бір шүй­лігіп алды. – Қайдам, анада Қияқбай деген құр­да­сымның помшабаны бір апта жатып кетіп еді, содан естігендері болмаса, – деп қария ақтала бастап еді, қабағынан қар жауғандай болып тұрған директор сөзін бөліп жіберді. – Жақында ғана институт бітіріп келген өндірдей мұғалім қыз сабақ түсіндіріп тұр­са: «Апай, мінер жақ иығыңызға бор жұғып қалыпты», деп ескерту жасайтын көрінеді. Бұ­рын ондай анайы сөз естіп көрмеген жас маман көз жасын көл­детіп, еңі­реп жылап кел­­ді. Бұдан артық қандай масқара болуы мүмкін? Мәселенің мұнша­ма ушыққанына қатты абыржып қалған Қа­былда ағамыз: – Айналайын-ау, ен­ді мінер жақты мінер жақ демегенде не дейді? Қап, боры құр­ғыр­дың қамшылар жақ­­қа да жұқпағанын қара­шы, – деп қатты қина­лыпты... * * * Тайшан деген ағамыз бөлімшедегі бас­тауыш мектептің өзі ди­ректоры, өзі орын­баса­ры, өзі мұғалімі. Бірінші, үшінші сы­нып­тарды түс­ке дейін, екінші, төр­тінші сынып­тарды түс­тен кейін оқытады. Оқы­та­ды деген аты болмаса ақ тер, көк тер болып сабақ түсіндіріп жататын кездері сирек. Көбіне: – Сендер келесі тап­сырманы қосып оқып келіңдер, мен Кен­жебек шалдың қыр­қына кеттім, – деген секілді желеулермен жеделдетіп таратып жіберуге бейім тұрады. Бірде оқушылар та­ңер­теңгі елең-алаңда са­бақтың бас­талуын елегі­зи күтіп отырса, терезе қағылады. Әйнекті жауып тұрған дәу көлең­кені көрген қыздар қорыққанынан шыңғы­рып жібереді. Сөйтсе, ат үстінде тұрған ағайлары екен. – «Ана тілінен» нешінші бетке келіп едіңдер? – дейді даладағы дауыс. – Қырық екінші бетке! – деп шу ете қалады іштегі шәкірттер. – Ендеше ертеңгі сабаққа елу екінші бетке дейін оқып келіңдер, мен мал іздеуге кеттім. Осыны айтқан мұғалім бейнебір ма­ңыз­ды шаруа бітіргендей ат басын тоғайға қарай бұрады. Сонымен оқу жылы да аяқталып, бас­тауыш мектепті тәмамдаған түлектер совхоз орталығындағы орта мектепке ауы­са­ды. Олардың қаншасы оқуға түсті, қаншасы қой бағып кетті, есебін алып жатқан ешкім жоқ. Бірде Тайшан мұғалім үш дөңгелекті мо­тоцикльмен мал қарап келе жатқанда жауын жауып кетеді. Жолдың бәрі езіліп, дөңге­лек­тер саз­ға кептеліп, айналмай қалады. Бал­шық­ты қол­мен тазалай алмай амалы құрып тұрғанда арт жағынан «Беларусь» тракторы­ның гүрілі ес­ті­леді. Ағамыз қуанып кетіп жалт бұрылса, қал­қансыз артқы доңға­лақ­тары батпақты кесек-кесегімен атқылап, елді көшіріп келе жатқан бір кезде алдынан дәріс алған оқушысы екен. Бірақ көрсе де байқамаған түр танытып тұсы­нан өте береді. Сасып қалған ұстазы қаптал­даса жүгіріп: – Айналайын Шөптібай-ау, танымадың ба? Мен өзіңді оқытқан Тайшан ағайыңмын ғой! – деп айғайлайды. Сөйтсе кешегі шәкірті: – Сізден оқимын деп қой осы май-май боп ауылда жүргенім, әйтпесе баяғыда бір жерді тесіп шығатын ба едім, – деп бұлқан-талқан ашуланған күйі қайырылмай кетеді... * * * Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз Тор­ғай театрын ұйымдастырғанда ел ішіндегі талант­ты өнерпаздарды іздеп тауып, Арқа­лық­қа жи­наған болатын. Соның бірі Жангелдин ауда­нын­дағы халық театрының әртісі Өзбек Мұ­қашев еді. Ол арнайы оқу бітірмегенімен тәңір сыйлаған қабілетінің арқасын­да танылған таби­ғи талант иесі. Ұзын бойлы, бұйра шашты, екі иығына екі кісі мінгендей алып денелі Өзекең көбіне батырлардың рөлін сомдайтын. Қолы қалт еткенде жазған сықақ өлеңдері газет-журналдар беттерінде жарияланып тұратын. Өзбек ағамыздың шахмат ойнағанының өзі бір бөлек хикая. Оның әрбір жүрісін сыр бермей тосып отыру үлкен төзімділікті талап етеді. Қолындағы атты қай шаршыға қою керектігін кемінде жарты сағат ойланады. Тақта үстіне тақата береді де, қолын отқа қарып алғандай қайта тартып алады. – Аха-ха, ха-ха! – дейді зор дауысымен бөлмені басына көтере күліп, – қуын қарашы, ферзімен қағып ала қоймақсың ғой. Жоқ, мұның бола қоймас, Мұқашев не дурак! Сөйтеді де қолына екінші фигураны алады. – Егер былай жүрсем ғой, босқа жем боламын, оңға қарай кетсем, бір жүрістен кейін шах бересің. Тапқан екенсің ақымақты! Соны айтын оны да орнына қояды. Үшін­шісін қолға ұстап, тағы да дауыстап талдай бас­тағанда қарсыласының да сабыры сар­қылады. – Өзаға, бір сағатта бір-ақ жүріс жасадыңыз ғой, мына түрімізбен ойынды бүгін бітіре алмаспыз. – Сабыр ет, інішек, міне, жылдамдатамын! Өзекең осыны айтып алақанын ысқылап жібереді. Өкінішке орай әдетінше: – Пәлі қақпаныңа түсе жаздағанымды қара! – деген оқыс дауыс естіліп, кезекті фи­гураны ұстаған қолы ауаға ілінген күйі ұзақ тұрады. Өзекең әзіл-қалжыңға да ұста болатын. Енді бір қызығы ішімдік ішсе болды, мұрны қы­за­рып шыға келетін. Сол кемшілігінен қы­сы­лып кейде ұятты жерлерде арақты ауызға алмайтын. Бірде-бір досымыздың дастарқанында дәмдес болып қалдық. Өзбек ағамыз ақаңды бір кісідей сілтеп отыр, бірақ бұрын шиқан­дай болып кететін мұрны сыр берер емес, сол бастапқы боп-боз қалпында. Бұған қайран қалған мен шыдай алмай: – Өзаға, сигнализацияңыз істемей қалып­ты ғой? – деп астарлап сұрап едім: – Ә, ләмпішкесі күйіп кеткен болар, – деді ойланбастан. Сөйткен Өзбек Мұқашев Ілияс Омаров атын­дағы Қостанай облыстық қазақ театрының әртісі болып жүріп, алпыстың асқарына да жете алмай өмірден озды... Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны.