Бөкей хандығының орны бөлек
Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында еліміздің өткенін елеп-екшеп, аса маңызды тарихи оқиғаларды елеусіз қалдырмай, атап өтудің маңызы зор болса керек. Соның бірі Бөкей хандығының құрылғанына биыл 210 жыл толып отыр.
Тарихтың қалың қатпарлы кезеңдерінде кейде бір ғана күннің өзі бүкіл елдің тағдырына әсер ететіндей шешуші рөл атқарады. Бөкей хандығының құрылуы жөнінде дәл осыны айтуға болады. Әбілқайыр немересі, Нұралының ұлы Бөкей сұлтан Астрахань губернаторымен, Ресей патшасы І Павелмен көңіл жақындығын пайдаланып, Еділ-Жайық арасына көшіп-қонуға рұқсат алуға бар күшін салды. Ақыры І Павел 1801 жылы 11 наурызда ресми жарлыққа өз қолын қояды. Тағдырдың жазуына ем бар ма, егер патша сол күні жарлығын шығарып үлгермегенде, тарих доңғалағы басқаша айналар ма еді, кім білген. Өйткені, 11 наурыздан 12 наурызға қараған түні І Павел өз туыстарының қастандығынан қаза тапты. Ендеше, 1801 жылғы 11 наурызды тек Бөкей ғана емес, Бөкейге ере көшкен күллі елдің бағын ашқан күн деп есептеуге болады. Сөйтіп, Қазтуған жырау жылап қоштасқан қайран Еділге қол жетпесе де, бабалар аңсаған «айналайын Ақ Жайыққа ат салмай өтер» күн қайта туды. Бөкей сұлтанға ақыл берген адам ретінде қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлы айтылады. Халық арасынан шыққан кемеңгер ұлдар мен хан балаларының осындай ынтымақта ұдайы болмағаны өкінішті, әрине.
Алдағы жылы Бөкей сұлтанның ресми хан тағына отырғанына тура екі ғасыр толады. Бөкейді ұлықтау салтанаты Орал қаласы іргесіндегі Хан тоғайында өткені мәлім. Бөкей 1815 жылға дейін хандық құрса да, қарауындағы халқы үшін айта жүрерліктей барынша мамыра-жай заман орнатып кетті. Бұған ел аузындағы: «Бөкей ханның тұсында шекер шайнап, бал іштік», деген сөз дәлел. Ең бастысы, Еділ-Жайық арасына қайта оралған қазақ халқы аз уақыттың ішінде өсіп-өнді, керегесін кеңейтіп, болашақта белгіленер шекарасын ұлғайтты.
Әкесінің ісін ұлы Жәңгір жалғастырып, қазақтың соңғы хандарының бірі ретінде тарихта қалды. Орыс отаршыларына арқа сүйесе де, Жәңгір еуропаша өмір сүруге талпынды. Отырықшылыққа бой үйретіп, өз қаласын салды. Биыл Бөкей хандығының 210 жылдығы ғана емес, қазір ауыл болғанымен, кезінде қаланың рөлін атқарған Хан ордасының іргесі қаланғанына 185 жыл. Ыбырай Алтынсарин шыр етіп дүние есігін ашқан жылы отау көтерген Жәңгір хан мектебіне 170 жыл. Бөкей ордасы тек ханы мен батырларымен ғана аты шықпай, тұңғыштар мекеніне айналды. Құрманғазы мен Дәулеткерей, биыл 150 жылдық мерейтойлары аталып өтілетін Дина мен Сейтек, қазақтың алғашқы ғалымдарының бірі Мұхаммед-Салық Бабажанов, ақындар Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қараш, Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешев сынды бірегей тұлғалардың кіндік қаны осы жерде тамды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай тарихы бар Бөкей ордасына деген ықыласы ерекше. Тәуелсіздік жылдарында екі мәрте арнайы ат басын бұрған Президент 1997 жылы Жәңгір хан кесенесін ашты. 2000 жылы Елбасы Жарлығымен Орда ауданы Бөкей ордасы ауданы болып қайта аталды. Яғни, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Бөкей хан ресми түрде мойындалды. Дегенмен, Бөкей хандығының тарихы мен мән-маңызын бір ғана ауданмен шектеген дұрыс болмас еді. Өйткені, өз басқару құрылымы болған кішігірім мемлекет іспеттес Бөкей хандығы қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау және Ресейдегі Астрахань облыстарының біраз бөлігін алып жатты. Бөкеймен бірге үдере көшкендер ұрпақтары кейін Волгоград, Саратов, Самара облыстарына да тарап кетті.
Бөкейліктерге зауал қай заманда да төнбей қалған жоқ. Қарауындағы елдерге отаршылдардың көзімен қараған Кеңес өкіметі Абайдың жерін атом аждаһасының аузына салып берсе, Махамбеттің Отанын Капустин Яр, Азғыр әскери полигондарына айналдырды. 1952 жылы Орда ауданы таратылып, халқы жер аударылды. Алды Оңтүстік Қазақстан облысына жеткізіліп, дені ыстықтан қырылса, енді бірқатары Ресей жеріне босып кетті. Махамбеттей ұлы тұлғалардың орнын баса алатын қаншама ұрпақтан айырылдық десеңізші. Ауданның өзінде қалғандарға қамқорлық жасалды деу қиын. Облыс орталығынан алты жүз шақырымдай дерлік қашықтықта жатқан Ордаға жөні түзу жол салынбады. Тек тәуелсіздіктің арқасында ғана ел тұрмысы түзеле бастады. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің күш салуымен өркениеттің үлгісі іспеттес «көгілдір отын» да Бөкей ордасына тек соңғы жылдары жеткізілді. Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені бар өлкеге енді қатқыл табанды жол тартылса, республика тұрғындары ғана емес, шетелдік меймандар тамашалай алатын туризм орталығына айналар еді. Бұл – бір.
Екіншіден, Жәңгірге қарағанда, Бөкей ханның өмірі мен қызметі аз зерттелді. Зерттелсе де, көпшілік көзіне түсе қойған жоқ. Тіпті, Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында да оның туған жылы белгісіз деп жазылды. Өлгеннен кейін де өгейлік көрген Бөкей ханның бейіті Ресей жерінде, Астрахань облысы Краснояр ауданы Кішіарал ауылы тұсында қалды. Хан басымен сүйегін өзі тірісінде қатты сыйласқан Сейіт бабаның аяқ жағына қоюды өсиет еткен Бөкей шекарада, әлі күнге елін қорғап, күзетіп жатқандай сезіледі. Сөйткен Бөкей ханның басын қайта қарайту, кесене көтеру тек кейінгі кезде ғана қолға алынды.
Қазақ үшін Бөкей ханның орны бөлек, – деген еді Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков осы жолдар авторына берген сұхбатында. – Ол үлкен дипломатиялық жолмен, бір оқ шығармастан І Павелмен келісіп, қазақты Еділ-Жайық арасына, яғни Еуропаға жеткізді. Бөкей ханның бейіті баласы Жәңгір қойғаннан бері еш өзгермеген десе де болады, темір шарбақпен қоршалған күйінде тұр. Тіпті, Кеңес дәуірінде бейітті трактормен құлатпақ болған. Кейін орнына келтіремін дегендер төрт жағына тіреу қойыпты. Елбасы тапсырмасымен, Астрахань облысының губернаторы Александр Жилкиннің келісімімен, қазақстандық кәсіпкерлердің қолдауымен қазіргі кезде Бөкей ханның басына кесене орнатылуда. Кешенді қыркүйек айында Астраханьда қос мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының форумы кезінде ашу ойластырылуда.
Иә, осынау сауабы мол іске Мұхит Ізбанов бастаған атыраулық кәсіпкерлер қолдау көрсетсе, батысқазақстандық мәрт азамат, облыстық мәслихат депутаты Мұрат Жәкібаев та қалыс қалған жоқ. М.Жәкібаевтың продюсерлік орталығы Бөкей ханның өмірі жөнінде деректі фильмді түсіруді бастап кетті. Әрине, ханға деген құрмет осымен шектелмесе керек. Батырын ұмытпаған ел ханын да ардақтауы тиіс. Биыл 220 жылдығы аталып өтілетін Исатай батырмен бірге Махамбетке Оралда ескерткіш орнатылса, шіркін!.. Өйткені, өмірінде бір-бірімен қатар жүріп, майданға иық тіресе шыққан қос батырдың егіз ұғымға айналғаны қашан. Ендеше, олар ескерткіш күйінде де мәңгілік бірге қалуы тиіс. Сол сияқты Бөкей ханға Оралда ескерткіш орнату жөнінде шешім шығарылып, республикалық байқау жарияланса, орынды болар еді. Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстанда елді осы күнге жеткізген ұлы тұлғалар асқақтап тұрса, жараспай ма!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Бөкей хандығының 210 жылдығы аудан немесе облыс көлемінде қалып қоймай, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде аталып өтілсе, тарихи әділеттіліктің орны толар ма еді. Және астатөк той емес, елдің абыройын өсіретін ескерткіштер, халықтың жадын жаңғыртар жиындар түрінде ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр демекпіз.
Ғайсағали СЕЙТАҚ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.