Осы мәселені жыл сайын жанайқаймен жазамыз. Айтамыз. Алайда жөнделмей-ақ келеді. Мінекиіңіз, жаңа оқу жылы кеп тұрыпты. Тағы да мектепке баратын балалар мен ата-аналар «Біз осы қай елміз?!» деп бас қатырып жүр. Қазақша шығарылатын оқушы дәптеріне жарымай-ақ қойдық. Мәселен, Шымкент шаһарының «Abdi» дейтін сауда орталығында Ресейдің әнұраны жазылған, орыс тілінде оймышталып, өрнектелген дәптерлер сатылуда. Оқушы дәптерінің өзге түрі жоқ болғандықтан, алушылар аз емес. Үлкен сауда орталығы Бауыржан Момышұлы көшесінде. «Ай, айналайын, Баукең анау тас мүсіні түнерген тұғырдан тіріліп тұра келсе, не дер еді?!» – деп күбірлейсің.
Тарих пен жағрапия пәндеріне арналған дәптерлер де орыс тілінде. Ресейден әкелінген. Ресейдің тарихы тәптіштелген. Ресейдің жер жағдайы жазылған. Былтыр да көп жерде сырты орысша немесе өзбекше жазылған дәптерлер сатылып еді. Білім және ғылым министрлігі біле ме екен бұл жайды?
Шынында да біз осы қай елміз?!
Мархабат БАЙҒҰТ, Шымкент.