Алматы қаласында КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованы мәңгі есте қалдыру үшін өзі тұрған үйдің қабырғасында ескерткіш тақта қойылды.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында Алматы қалалық тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахет кіріспе сөз сөйледі. Одан кейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов атақты әншінің өмір жолы мен өнер жолына кеңінен тоқтала келіп, халқына қызмет етіп өткен осындай абзал жандар ешқашан ұмытылмайтындығын атап айтты.
Жиында сондай-ақ, Роза апамызбен көзі тірісінде қызметтес болған Алтынбек Қоразбаев, Сара Тыныштығұлова, Мақпал Жүнісова секілді өнер қайраткерлері өз пікірлерімен бөлісіп, атақты әншінің туған-туыстары осы шараны ұйымдастырушылар мен қолдау көрсетуші азаматтарға жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.
Суретті түсірген Берсінбек Сәрсенов.