• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2017

Тыныштық бар жерде бақ тұрады

536 рет
көрсетілді

1992 жылдың мамыр айы еді. Бір шаруамен Өскемен қаласына барып, сондағы «Өскемен» қонақ­үйіне табан тіредік. Кештетіп далаға шықсақ, қонақүйдің маңайы толған сақшы-қосшылар. «Не болды?» десек, біз жатқан мәртебелі қонақүйге Түркиядан аса қадірлі мейман келіп түсіпті. Мына шапқын сол адамның «қамы» көрінеді. 

О, жасаған, күллі жұрт түрік деп дүрлігіп жүрген қонақ кәдімгі өзіміздің Халифа Алтай атамыз екен. Жарықтық көзіме оттай басылды. Бір көру арман болып жүрген ардақты қарияның кездескен жерін қарамайсыз ба! «Ассалау­мағалейкумді» азандата созып, иіліп барып атаның ыстық алақанын қос қолдап қымқыра ұстадым. Атамыз бәсең дауыспен сәлемімді алды. Шүй­десі еңкіш тартқан жұқалтаң адам екен, «бұл кім болды» дегендей, бетіме бажайлап қарап алды да, үнсіз отыра берді. Қасында қазір көзі тірі жүр­ген апамыз Бәтіш (Бибәтіш Жүніс­қызы) бар екен. Қайта апамыз: «Төр­лет, қарағым, қайдан жүрсің?» деп қазақы әдетпен жөн сұрай қалғаны. Маған да осы сұрақ керек еді... Қай­да туып, қайдан келгенімді айтып сарна­дым келіп. Атамыз үнсіз тың­дап отыр. Бір кезде бұрылып қарады. – Жөн, қарағым, Қобда бетінің қазағы екенсің ғой... – деп әңгіме ауанын өзі кеңітіп, ана-мынаны сұрап... әңгі­менің көші түзелгендей болғаны. – Мен де қарап қалмай, ақсақалдың бұл қалаға неге келгенін сұрадым. Жа­рық­тық көпті көрген көрік кеудесін бір көтеріп қойып, шанағы кепкен көне домбыраның үніндей қоңыр даусымен сөз бастады. Менің түсінгенім: атамызды бала кезінде оқытқан найман-сарыжомарт ұстазы болған екен. Сол кісі 1960-жылдары арғы беттен осы жаққа өтіпті. Соны іздеп келген беті. Тірі болса, көзін көріп, батасын алмақ, жоқ болса, үрім-бұтағын тауып, батасын бермек. Осы мәселе бойынша ертеңінде атам екеуміз іздеуді бастадық. Алды­мен облыстық «Дидар» газетінің редак­циясына бардық. Ақсақал осы жер­ден ұстазының дерегін де тапты. Ерте­ректе Күршім жақта қайтыс болыпты. Кейін жарықтық сол ұстазының немере қызын әдейі Алматыға алдырып, өзінің үйінде тұрғызып, оқуын аяқтатты. Өз басым әлі күнге дейін осы оқиғаны есіме аламын. Ұстазға деген неткен құрмет, неткен адалдық... Күн бесін ауғанда атаммен бірге қоналқы орынға келіп жайғастық. Бұл кісілер таңмен таласа жолға шық­пақшы. Содан қарап отырмай әңгіме өрбіттім. Бір жыл бұрын от орнымнан ұшып атажұртқа қоныс тепкенімді айта келіп, тұрмыстық жағдайдың онша болмай тұрғанын, «атамекен деп аңсап жеткенде...» деп өзімше іштегі шер-шеменді төгіп жатырмын. Атам жарықтық үңіліп бетіме қарады (бұл не айтып кетті дегендей). Орнынан тұрып келіп, қарсы алдыма отырды. «Қарағым, – деді. – Сен бақытты адам­сың, мен сияқты жер әлемді шырқ ай­налып, тісі барға тістетіп, азуы барға алдырып, арман болған атамекенге зорға жетіп отырған жоқсың. Мені тыңда, шырағым, 1930-жылдары Алтайдан ауа көшіп Гансу өлке­сіне келгенде біз 18000 адам едік. Осы­лардан 5000 адам Тибетке тірі өттік. 1941 жылы Үндістанға 3000 адам өтіп, 1942 жылы осыдан 1000 адам ғана тірі қал­дық». Ақсақал осыны айтып, терең күр­сінді. Аздан соң әңгімесін қайта жалғады. «1941 жылдың күзінде босып жүріп Үндістанның Мұзапар-Абат қаласына зорға жеттік. Қаланың айналасын қалың қарағайлы тау қоршаған. Біз өзеннің бергі шетіне шатыр тігіп орналастық. Күнде жаңбыр. Су тамшылары баспана­мыздан өтіп, көрпе-жастық, киім-кешек түгел көгеріп кетті. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, ұзақ жауған жаңбырдың салдары ма, жаппай ауру-дертке ұшырадық. Көп адам есінен ауы­сып, жынданып кетті. Біреулердің бет-аузы ісіп, тұла бойына жара қаптап, тіпті тірідей тістері ші­ріп кеткендер қаншама. Күн сайын оншақты адам ажал құшады. Өлген адамдарымызды қалалық зиратқа немесе қоныс сыртына жерлетпейді, рұқ­сат жоқ. Шатырдың сыртында қарулы әскери күзет. Амалсыз өлген адамдарды шатырлардың арасындағы бос жерлерге көміп, өзіміз олардың зиратын жастанып, өлгендермен бірге өмір сүрдік. Ешкім бізді азаматтыққа қабыл­дамады. Жанымызды жалдап күн көрдік. Жер бөтен, салт бөтен елде өмір сүрудің қиындығын бас­тан өткердік. Шырағым, құдай берген құтты шаңырағыңа реніш айтушы болма! Қазіргі азаттықтың қадірін біл­месең, ешқашан ел болмайсың, балам! Тыныштық бар жерде бақ тұрады!» Адамдардың пендешілікпен өмір­дегі аз-кем қиындыққа төзбей, өкпе-назын білдіргенде, Халифа ақсақалдың айтқаны есіме түседі. Біз барды дер кезінде бағалай алмай жүрміз-ау...

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ «Егемен Қазақстан»