2017 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Халық осы арқылы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмекке міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасы бойынша қол жеткізе алады. Яғни, кез келген сырқатыңызға байланысты медициналық тегін көмек алып, тіпті қымбат оталардың өзін тегін жасата аласыз. Ол үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ай сайын жарна аударып тұруыңыз қажет. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің деңгейін алдыңғы қатарлы елдердің деңгейіне жеткізу, әрі медициналық қызмет сапасын жетілдіру. Бүгінгі жиын барысында аталмыш бағдарлама бүге-шүгесіне дейін жіті талданды.
«Бұл бағдарлама бүкіл дүние жүзінің дамыған елдерінде бұрыннан қолданылып келе жатқан принцип. Бұл дегеніміз, денсаулық сақтау жүйесіне, әр азаматтың денсаулығына тек жалғыз адамның өзі ғана емес, мемлекет пен жұмыс орны бірлесіп жарна құйып азаматтарға қолдау көрсету. Сол арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, медициналық қызмет сапасын нығайту. Әлемнің озық елдерінде пайдаланылып келе жатқан озық технологияларды өз елімізге әкелу. Қай жерде тұратынына, ұлтына, жынысына қарамастан азаматтардың барлығына бірдей кең көлемде қажетті сапалы медициналық көмек алуға құқық беру. Бір жылдан аса уақыттан бері дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны іске асыру үшін қаржы құрамы үш жақты негізде жолға қойылады. Бірінші, мемлекет есебінен. Яғни, 10 миллионнан астам халыққа сақтандыру жарнасын мемлекет қаржыландырады. Оған мына 14 топ жатады. 18 жасқа дейінгі балалар, жоғарғы оқу орнының студенттері, көп балалы аналар, күміс, алтын алқа иегерлері, жас босанған аналар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, қатардағы зейнеткерлер, ресми түрде жұмыссыздыққа тіркелген азаматтар, тарихи отанына қоныс аударған қандастар, бас бостандығынан айырылғандар, сондай-ақ бірқатар құрылымдардың қызметкерлері белгілі мерзім аясында мемлекет есебінен жарнамен қамтамасыз етілетін болады. Екінші, жұмыс беруші тарапынан. Яғни, осы жылдың 1 шілдесінен бастап әрбір жұмыс орны өз қызметкерлеріне орта жалақының есебінен 1% жарна төлеп отырады. Статистикалық деректер бойынша бұл құрамға 6 миллионға жуық халық кіреді. Бұл топтың санатында жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар бар. Олар да ең төменгі жалақының негізінде 5%-ға дейін жарна аударып отыруы қажет. Тағы бір топ еш жерде тіркелмей өзін-өзі қамтамасыз етіп жүрген азаматтар. Олар ең төменгі айлық мөлшерінен 5%-ға дейін төлеп отыруға тиіс. Медициналық сақтандыру туралы жаңа заң әрбір азаматтың денсаулығына жіті мән беруге бағытталған, дейді, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша республикалық спикер Құралбай Құрақбаев.
Осы мәселелерді халыққа кең көлемде түсіндіру жұмыстары күн тәртібінде жүргізіліп келеді. «Сәуір айынан бастап арнайы мамандардан құралған топ қала бойынша үйді-үйді аралап, тұрғындардың аталған арнайы топтардың қай категориясына жататынын анықтап, құжаттарын туралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Дұрыс түсініп қабылдайтын болса, бұл халық үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек әрі зор мүмкіндік» дейді, Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова.
Мамандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды аудармайтын азаматтар үшін медициналық көмек қолжетімсіз болатынын айтуда. Шара соңында жиынға қатысушылар осы мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап толыққанды жауап алды.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»