Осы жағдайды айтып пәтер иелері кооперативіне хабарлассаңыз, су басқармасына немесе жылу-электр орталықтарына сілтейді. Дәрменсіз. Бұл мәселені шешуге шама-шарқы жоқ. Онсыз да жұқарған жүйкеңді тоздырып, амал жоқ, телефон тұтқасын алып тиісті орындарға бір емес, бірнеше рет қоңырау соғуыңа тура келеді. Одан нәтиже шықса жақсы-ау, шаршап-шалдығып, күдеріңді үзіп, қолыңды бір-ақ сілтейтін сәттер де болады.
Жасырып керегі не, күнделікті өмірде көріп жүрміз, көп қабатты үйлердің тұрғындары балалары есіктен енгенше байыз таппай, алаңдап-елеңдеп отырады. Алаңдауға негіз бар. Өйткені, көп үйлерде лифт ескі. Кез келген сәтте істен шығып, жарты жолда тоқтап қалуы мүмкін. Лифтінің ішінде екі-үш сағаттап қамалып қалғандар да бар. Тіпті, лифтердің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан тұрғындар мерт болған жағдайлар да кездесті. Мұның бәрі адамның жүйке жүйесіне әсер ететіні анық. Ата-аналар да балаларының жазым болып қалмағанын ойлайды. Есік-терезеден қайта-қайта қарап, алаңдап, елеңдеп отыратыны сол. Бұл – Қазақстанның көптеген қалаларындағы көп қабатты үйлердің тұрғындары күн сайын бастан өткеріп отырған жағдай. Осыны айтып пәтер иелері кооперативіне хабарлассаңыз, өздеріне шаң жуытпайды, лифт шаруашылығына хабарласуға «кеңес береді».
Біздің ойымызша, көп қабатты тұрғын үйлердің осындай сансыз мәселелерімен ПИК айналысуы тиіс. Өйткені, тұрғындардың көбі жұмысбасты. Таусылмайтын коммуналдық мәселелермен шұғылдануға уақыты жоқ. Бұл пәтер иелері кооперативтерінің күн сайын тиянақты жүргізетін әрі қадағалайтын жұмысы болуы керек деп ойлаймыз. Әлде олар тұрғындар тарапынан жиналатын қаржыны ғана қадағалап, шөп басын сындырмай отыра беруі керек пе?
Осы тақырыпты журналистік зерттеу барысында мынадай бір жағдайға тап болдым. Бірнеше жұмыс беруші агенттіктердің сайттарын бір емес, бірнеше мәрте қарадым, ешқайсысынан «ПИК төрағасы керек» дегенді кездестірмедім. «Басқарушы директор керек», «Коммерциялық директор қажет»... Мұнан басқа да лауазымды қызметтерге мамандарды шақырғанын байқадым, ал ПИК төрағасы қызметіне шақырып жатқан ешкім жоқ. Неге? Себебі, ПИК төрағасы деген ең бір жанға жайлы жұмыс болып шықты. Өзі би, өзі қожа. Барлық ПИК төрағалары осындай дегеннен аулақпын, әрине. Бірақ, көбі кооперативтің жұмысын өз қалауынша жүргізеді. Олардан кооперативтің есеп-қисабы, кіріс-шығысы туралы ақпарат алу мүмкін емес. Керек десеңіз, көптеген кооперативте төраға мен бас бухгалтердің қанша айлық алатынының өзі құпия. Аз айлық алмайтыны аян. Айлығы шайлығына жетпей отырса, орнын оп-оңай босатып бере салар еді-ау. Бір ғана мысал. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің сайтына ПИК жұмысына қатысты түскен арыз-шағымдардың 70 пайызы пәтер иелері кооперативтерінде қаржылық ашықтықтың жоқтығына байланысты болған. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек.
Жұмысты жүргізе алмай отырған төрағаларды орнын ысыру үшін ақ тер, көк тер болуға тура келетініне сенімдімін. Өйткені, олардың «өліспей-беріспейтіні» анық. Төрағалық орын майшелпек болғандықтан босатқысы келмейді. Оны орнынан алу үшін тұрғындарды жинап, жаңа сайлау өткізу керек. Бұл да әуре-сарсаңы көп жұмыс. Тіпті, тұрғындар жаңа төраға сайлаған күннің өзінде «ескі» төрағалардың орнын босатпай, сотқа жүгініп, дау-дамайға ұласып жатқан жағдайлар кейбір қалаларда кездесіп отыр.
Жалпы, қай қалада болсын пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жақсарту күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екені анық. Негізі ПИК-тердің жұмысын реттейтін тиісті заңнамалық құжаттар бар. Соған сәйкес, жергілікті атқарушы биліктің «құлашын кең сермеуге» мүмкіндігі жоқ. Заңнама бойынша қордаланған мәселелерді шешу – тұрғындардың өздерінің құзырында. Бірақ, соған қарамастан, Астана қаласының әкімдігі ПИК-тердің жұмысын жақсартуды мықтап қолға алып отыр. Қазірдің өзінде Астана қаласында 419 ПИК тіркелген екен. Бұл кооперативтер 2,5 мыңға жуық көп қабатты үйлердің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта ПИК қатары тағы да артатыны анық. Өйткені, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер көп. Сондықтан, Астанада коммуналдық мәселелер көбеймесе азаймайтыны сөзсіз. Осыны ескерген болуы керек, Астана қаласының әкімдігі елорданы дамытудың 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы аясында «Электронды пәтер иелері кооперативін» қолға алып отыр. Мұның артықшылығы неде? Біріншіден, ПИК-тердің жұмысына байланысты барлық ақпарат қолжетімді болады. ПИК пен тұрғындар арасында тікелей байланыс портал арқылы жүзеге асады. Тіпті керек десеңіз, тұрғын үй және коммуналдық мәселелерге, ПИК-тердің жұмысына байланысты қанша арыз-шағым түсті, оның орындалуы қалай, осының бәрін әкімдіктің тиісті құрылымдары қадағалап, сараптама жасай алады.
Ғалым Омархан, «Егемен Қазақстан»