– Серік Керімбекұлы, мықтының мықтысын айқындаған тағы бір Азия чемпионаты тарих қойнауына аттанды. Қорытынды пікіріңізді айтсаңыз. – Біріншіден, осындай турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыра алған Өзбекстан мемлекетінің бокс федерациясына Азия бокс конфедерациясы және өз атымнан алғыс айтқым келеді. Қонақтарды күтіп алу, боксшыларды автокөлікпен тасымалдау, ішіп-жемі, бокс залы барлығы талапқа сай жасақталған. Мұны тек мен емес, өзге елден келген бокс мамандары да айтып отыр. Өзге құрлықтағы әріптестеріміз де жарыстарды біз секілді осындай жоғары деңгейде өткізуге күш салса, онда бұл спорт түрі тартымды әрі жас боксшылар үшін үлкен белестерді бағындырудың бірден-бір мүмкіндігі болар еді. – Азия құрлығы бірінші болып әлем чемпионатына іріктеу турнирін өткізді. Мұның өзіндік себебі жоқ па? – Дұрыс байқағансыз, шынында да біз алғаш болып іріктеу жарысын өткізіп алдық. Дер кезінде ұйымдастырып жібергеніміздің себебі де жоқ емес. Тамыз айында өтетін жаһандық жарысқа небары үш-ақ ай қалды. Қазіргі бокс біздің кездегі сайыстармен салыстыруға да келмейтінін білесіз ғой. Бұрын біз әдемі өнер көрсетуге дағдыланатын едік. Жанкүйерлер рахаттанып отырып тамашалайтын. Ал қазір боксшылар ашық ұрысқа көшкен. Сол себепті де жарақаттар көп болады. Жарақатынан айығу үшін біраз уақыт кететіні сөзсіз. Осындай жайттарды ескеріп, ерте өткізу керек деп шештік. – Биылғы додаға қатысушы мемлекеттің де, боксшының да саны көп болған сияқты... – Ол үшін біз тек қуаныштымыз. Қатысушы елдердің көп болғаны бір бөлек, спортшылардың деңгейі де жоғары болғаны қуантады. Әсіресе, Шри-Ланка спортшылары жақсы қырынан көріне білді. Сондай-ақ соғыс дүрбелеңі болып жатқанына қарамастан, Сирия құрамасының бокс- шылары төрт жолдаманы жеңіп алғаны фантастика деп бағалауға лайық. Бұл мемлекеттің спортшыларына алдағы уақытта да тек сәттілік тілеймін. – Өзбек жанкүйерлерінің қолдауы өзге ел боксшыларының мысын басып тастаған жоқ па? – Білесіз бе, бұл жердегі атмосфера маған КСРО чемпионатын еске салады. Ішкі біріншілік қай жерде өткен болса, сол қаланың жанкүйерлері өз боксшыларына мықтап қолдау көрсететін. Жанкүйер деген боксшыға қосымша импульс береді емес пе?! Осындай қолдаудың арқасында өзбек боксшылары еш аянып қалмады және өзге мемлекеттің мықты деген небір спортшылары өз деңгейінде жұдырықтаса алмауының басты себебі де осы. Бұл оларға сабақ болары сөзсіз. – Көршілеріміздің аз ғана мерзімде бұл додаға тыңғылықты дайындалып үлгергенін немен түсіндірер едіңіз? Жалпы, өзбек боксының қарыштап дамып кеткенінің сыры неде деп ойлайсыз? – Өзбек ағайындарымыз спортты, оның ішінде боксты үнемі жоғары бағалайтын халық қой. Бұл додаға олар тыңғылықты дайындалып, нағыз бабында келіпті. Нәтижесін өздеріңіз көргендей, олар бұл турнирде атой салды. Соңғы Олимпиада немесе бүгінгі Азия чемпионатының нәтижесімен салыстырып, өзбек боксының биік шыңға жеткенін аңғару қиын емес. Олар бүгінде Рио-2016 Олимпиадасында сәтті өнер көрсеткен құрамын толықтай сақтай білгенінің арқасында жеңіске жетіп отыр. – Ал біздің боксшылардың өнеріне қандай баға берер едіңіз? – Бірден ашығын айтайын, біз бұрынғы деңгейден төмендеген жоқпыз. Жалпы, боксшыларымыздың деңгейі Азия додасымен өлшенбейді. 2012 және 2016 жылғы Олимпиадаларға Қазақстан боксшылары өте жақсы құраммен дайындалып, бұйырған жүлделерін алып қайтқаны көпшілікке мәлім. Алайда, осы Азия чемпионатына соңғы Рио Олимпиадасында өнер көрсеткен боксшыларымыздың тек үшеуі ғана қатысып отырғаны көп сұраққа жауап береді. Ең бастысы, осы жас буын 2020 жылғы Олимпиадаға дейін «сен тұр, мен атайын» болуы шарт. Тағы қайталап айтамын, ең бастысы – Олимпиадада атой салу. Ал бүгінде көзге түскендердің көпшілігі өз деңгейін Токио Олимпиадасына дейін жоғары ұстап тұруы неғайбыл дүние. – Шынын айту керек, бұл чемпионат өзбектерге есеміз кеткен жарыс есебінде есте қалды-ау деймін... – Шынында да он боксшымыздың сегізі өзбектермен жолы түйісті. Соның ішінен тек біреуінің ғана мәртебесі биік, яғни Василий Левит жеңіске жетті. Ал қалғандары тең дәрежеде немесе сәл ғана басым дауыспен жеңіліс тапты. Мен біздің спортшылардың жекпе-жегін немесе төрешілердің қисық-қыңыр көтерген бағасын талқылаудан аулақпын. Негізі кез келген турнирде ринг иесімен қолғап түйістіру – қиынның қиыны. Себебі, жергілікті жанкүйерлердің тоқтаусыз қолдауы және кей төрешілердің жергілікті боксшыға сәл ғана адами бүйрегі бұру факторы шешуші рөл атқарып жатады. – Бір қызығы, өзбек ағайындар сары құрлық чемпионатын осымен үшінші мәрте ұйымдастырып отыр. Ал Қазақстан бірде-бір рет өткізіп көрмепті... – Мұның астарынан саясат іздеудің қажеті шамалы. Біз одан да жоғары чемпионатты, яғни, ерлер мен қыздар арасында екі бірдей әлем чемпионатын, екі рет Олимпиадаға іріктеу турнирін жоғары деңгейде өткізген елміз. – Азия чемпионаты біздің мемлекет спортының өркендеуіне қандай пайдасын тигізді деп ойлайсыз? – Есіңізде болса, Рио Олимпиадасында төрелік еткендердің барлығы жұмыстарынан уақытша шеттетілген. Осы жарыста қызмет еткен төрешілердің 70 пайызы келесі Олимпиадада қызмет ететініне сенімдімін. Бұл жерге біздің елдің федерация өкілдері де қатысты. Олар да бұл жерден үлкен қоржынмен қайтатыны сөзсіз. Төрешілерімізге де көп нәрсе үйренетін жер – осындай ірі дода. – Соңғы сұрақ, алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз... – Конфедерация жұмысы қазір қыза түсті. Биыл Вьетнамда қыздар арасында әлем чемпионатын өткіземіз. Сондай-ақ, ағымдағы жылы елімізде 19-22 жас аралығындағы боксшылар Конфедерация кубогын сарапқа салады. Неге тек 19-22 жас аралығы дейтін болсаңыз, себебі осы жастағы боксшылар ересектер сапына өткенде өз шеберліктерін толықтай көрсете алмай, турнирдің алғашқы күндерінде-ақ жарыстан шығып қалып жатады. Соны ескердік. Осы жас аралығындағы боксшылар шыңдала түссе, болашақта құрамаға қосымша серпін беретініне сенімдімін. – Қазақ боксы жанкүйерлерінің атынан сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Данияр Майлыбаев