Сонымен қатар, Жаңақорған ауданында ұйымдастырылған Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының шаруа қожалықтары мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің мамандары, республиканың белгілі ғалымдары шақырылған «Мал шаруашылығын дамытудағы кооперацияның рөлі туралы» атты аймақтық семинар-кеңеске қатысты. Сапар барысында Жаңақорған ауданының тау бөктеріндегі «Үсен бауында» өткен ІІІ облыстық малшылар слетін тамашалап, озаттарды марапаттады. Бүгінде аймақтағы малдың 74 пайызы жеке адамдар мен шаруа қожалықтарының қолында екен. Мал басын өсіру мен оның бабы, ветеринарлық күтімі мал иелерінің іскерлігі мен қабілетіне қарай жүзеге асырылады. Алайда, тұтынушыны сапалы етпен, сүтпен қамтамасыз етудің де өз жауапкершілігі бар екендігі түсінікті. Осы орайда, әрқайсысы өз ыңғайына қарай жұмыс ұйымдастыратын шаруашылықтар мен жеке қожалықтардың жұмысын үйлестіру қажеттігі туындайды. Өйткені, халықты мал өнімдерімен қамтамасыз ету мәселелерінің төмендігі және өзіндік түйткілдердің болатыны анық. Міне, бес облыстың мал шаруашылығы мамандары мен осы саламен шұғылданып жүрген ғалымдардың, атқарушы билік басшыларының қатысқан жиынында мал шаруашылығын заман талабына сай дамыту барысы сөз болып, ірілендірілген ауылшаруашылық құрылымдары, кооперациялардың міндеттері зор екені жиынның арқауына айналды. Сондықтан, ауылшаруашылық саласы, оның ішінде, халқымыздың атакәсібі саналатын мал шаруашылығын одан әрі өрістетуге Үкімет баса назар аударады. Аталмыш семинар-кеңестің ашылуы барысындағы сөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстағы мал шаруашылығының қазіргі нақты жағдайына шолу жасаумен қатар төрт түлікті мемлкекеттік тұрғыдағы дамыту барысына да тоқталды. Вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен әңгімеледі. Мал шаруашылығын қолдау барысында халық көкейіндегі талап-тілектер ескеріліп, елмен етене еңбек етудің жаңа жолдары қарастырылғандығын да айтты. Соның бір дәлелі ретінде, министр биылдан бастап ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге кепілсіз несие, субсидиялар беріліп, қажетті құрал-жабдықтардың 50 пайызға дейін арзандатылатындығын, бұдан да бөлек көптеген жеңілдіктер қарастырылатынын хабардар етті. Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылшаруашылық кооперативтері департаментінің директоры Берік Нығмашев күн тәртібіндегі көкейтесті мәселе турасында көкейге қонар әңгіме айтты. Сөз түйінін ауылшаруашылық кооперацияларын құру мен шаруашылықтарды ірілендіру мәселесіне тіреген ол облыстар бойынша нақты цифрларды да жайып салды. «Мәселен, Қызылорда облысында 35 ірілендірілген кооперация құру тапсырмасы бола тұра, оның нақты кезеңдегі саны 18-ден артпай тұр. Сондай-ақ, осы аймақта 31 мал сою пункті қажет болса, олардың саны әзірге тек 6-ауы ғана. Сүт қабылдау қоймаларында заманауи қондырғылардың да болмауы іске кедергі», деген департамент директоры бұл жұмысты жылдамдату жолдарын да қамтыды. Сонан соң «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров «Ынтымақ», «Береке» бағдарламаларының ауылшаруашылық құрылымдарын қаржылай қолдауға ықпал ететіндігін сөз етті. Тек, тиісті құжаттарды рәсімдеуде мамандардың білігі мен ізденімпаздығы, әбжіл қимылы қажет дейді ол. Нарық заманында қол жеткен табысқа тоқмейілсіп, жайбарақат жүру іргелі істің өркендеуіне көп кедергі. Семинар-кеңес барысында жергілікті кооперация басшылары да өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында «Шиелі төрт түлігі» АӨК төрағасы Сабыр Ермаханов пен «Миялы» АӨК төрағасы Абдулла Әбсаттаров хабарлама жасады. Республиканың 5 облысынан өкілдер келген семинар-кеңестің өткізілуі Қызылорда облысында соңғы 3 жылдан бері дәстүрге айналған аймақтық малшылар слетінің ұйымдастырылуымен тұспа-тұс келіп, бір-бірін толықтырды десек артық емес. Облыс малшыларының басқосуы Жаңақорған ауданының Қаратау етегіндегі «Үсен бауында» өтті. Оған Асқар Мырзахметов пен Қырымбек Көшербаев арнайы келіп қатысты. Слет барысында жергілікті ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, мал шаруашылығы саласындағы кейінгі жетістіктер ортаға салынды. – Қазір Иран, Қытай, Ресей, Еуропа елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға дайын екендігін білдіріп отыр. Осыған сәйкес биылғы жылдың өзінде облыс аумағынан 100 тонна ірі қара етін және 25 тонна қой етін экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Иранға қойды тірідей экспорттауға қызығушылық білдірген бірнеше компанияның басшылары біздің шақыруымызбен облыста болып, мал және ет сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы бағытта «Сыр Маржаны» және «Шаған жер» жауапкершіліктері шектеулі серіктестерінің 6000 басқа арналған жаңа заманауи мал бордақылау алаңдары экспортқа шығаратын ірі қара етін өндіретін болады. Сонымен қатар, Сырдария ауданында «Абай-Дәулет» серіктестігі 10 мың бас қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешеннің құрылысын аяқтап, жұмысын бастады, – деді Қырымбек Елеуұлы. Слетте Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің құттықтау сөз сөйлеп, республикалық ауылшаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Әбубәкір Сүлейменов ізгі лебізін білдірді. Облыс әкімі мал шаруашылығының озаттарын Алғыс хатымен марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырса, озаттар мәртебелі тұлғалар қолынан Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамоталарын алды. Арнайы құттықтау мен бағалы сыйлықтарға аймақтағы 30 озат малшы ие болып, қуанышқа бөленді. Малшылар слетінің соңынан мерекелік концерт қойылып, онда республикаға белгілі өнер саңлақтары ән мен биден шашу шашты. Лена Әбдіқалықова бастаған өнерпаздардың өнері қарапайым қауымның қуанышын еселей түсті. Шара барысында ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылып, малшылар тойының көркіне көрік берді.
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы