• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Мамыр, 2017

ЮНЕСКО-мен ширек ғасыр біргеміз

7112 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басы. Қазақ мәдениетінің тарихын тануға, ұлттық дүниені білуге ынтызар жастардың бәрі ұлы жазушымыз М.Әуезовтің музей-үйінде екі аптада бір болатын Алматы қалалық халық университетінің сабақтарынан қалмаймыз. Мұнда біз оқып жүрген кітаптарда жазылмайтын, ұстаздарымыз мінберлерден айтпайтын қазаққа қатысты неше түрлі қызықтарды, ерліктер мен елдік істерді, тарихтар мен деректерді ақ самайлы, дана жүзді, маңдайлары жарқыраған ғұлама ағаларымыз түйдек-түйдегімен ағытатын.

Сондай сабақтардың бірінде VIII ға­сырда тасқа түскен Орхон-Енисей жа­зулары туралы айтылып, оның түр­кі халықтарының тілінде еке­нін швед ғалымы Томпсон 1893 жы­лы дә­­лелдегенін, ал қазір сол тас­тар­ды моң­­ғол әскерлері өздерінің да­йын­дық­тарында нысана қылып атып жүр­ге­нін сол елге барған ақын Ол­жас Сү­лей­меновтің көргені, Моңғол өкі­ме­тіне қор­ғау керектігін айтқанда, олар­дың та­рапынан түсіністік таппағаны ту­ралы әңгіме болды. Жалпы, түркілер, со­ның ішінде олардың қарашаңырағы бо­лып саналатын біз – қазақтар үшін баға жетпес мәдени мұралардың бұлай аяқасты болғанын естіп отырған жұрттың бәрі наразылық білдіріп, шулап қоя берді. Соның ішінде қазіргі академик Сейіт Қасқабасов ағамыздың мұны ЮНЕСКО-ға жеткізу керек деген сөзі есімде қалыпты. (Артынан бәрі де шешіліп, бұл тастардағы жазудың көшірмелері елімізге жеткізілді ғой)...  Кейіннен біраз уақыт ЮНЕСКО деген не, қандай ұйым екен деп ойла­нып жүргеніміз де рас. Барлық мәдени мұ­раларды қорғай алатын болса, бұл бір керемет жер болды ғой. Бірақ ха­лықаралық ұйым ретінде ол біздің сөз­ге құлақ аса қоймайтын шығар, өйткені, олар тек КСРО-ны ғана біледі, оған арыз-шағым айту тек Мәскеудің құзырында ғой деп ойлағанбыз. 

Енді сол атынан ат үркетін ұйымға да тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан дербес мүше болып, оған бүгін тура 25 жыл толып отыр. Еліміз 1992 жылғы 22 мамырда осы ұйымға мүше болып еніп, қазір оның белді қатысушысының біріне айналды. Сонымен бірге, Қазақстан бұл ұйымға өз тәуелсіздігін алған бұрынғы КСРО-ның (Балтық бойы елдерін есептемегенде) басқа республикалары арасынан бірінші болып енді.  ЮНЕСКО дегеннің өзі ағылшынның United Nations Educational, Scientific and Cultural Organization − деген сөздерінің бас әріптерінен құралған. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғы­лым және мәдениет жөніндегі арнау­лы мекемесі деген ұғымды береді. Ұйымның басты мақсаты – мемле­кет­тер мен халықтардың білім, ғылым жә­не мәдениет салаларындағы ын­ты­мақ­тастығын дамыту арқылы әлемдегі бей­біт­ші­лік пен қауіпсіздікті нығайту. Со­ны­мен қатар, ұйым нәсіліне, жыны­­сына, тіліне, дініне қарамай, бар­лық халықтарға БҰҰ Жар­ғысында жа­рия­ланған әділеттілікті қамтамасыз етіп, адам­ның құқығы мен бостандығын қор­ғайды. ЮНЕСКО ғылыми жобаларды, зерттеулер мен ізденістерді қаржыландырмайды, тек проб­леманы шешетін әдістер мен жолдарды табуға ықпал ете­ді. Сондықтан, бұл ұйымды қар­­жылық тұрғыдан бай ұй­ым деп айтуға әсте болмас. Ұй­ым­ның бюджеті әрбір екі жыл­ға Бас конференцияда бе­кітіледі. ЮНЕСКО-ға мүше мем­ле­кет­тер­дің мүшелік жарнасы ішкі жал­пы өнімнің көлеміне байла­нысты анықталады. Кейбір бай елдер мен халықаралық қор­лар ұйымға өз еркімен қай­ы­рым­дылық жәрдемдер де жасап тұ­рады. Олардың көлемі кей жыл­дары тұрақты жарналық тү­сімдерден де асып кетіп жатады. Осындай қаражаттардың көбі АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Франция және т.б. елдерден түседі.  ЮНЕСКО қаржылық кө­мек­терге тәуелді емес, өзінің по­зициясын нық ұстанатын әді­летті ұйым екендігін 2011 жы­лы бір көрсетті. Сол жылы оның Палестина автономиясын мү­ше­­лікке қабылдайтындығына на­­разы болып, АҚШ өзі төлеуге ти­­істі 130 млн долларды беруден бас тартты. Оның бұл қадамын қолдап, Канада, Израиль, Авс­тра­лия және Польша секілді елдер де мүшелік жарна төлеуді доғарды. Соның салдарынан 2012 қаржы жылын ұйым 150 млн долларлық бюджет тапшылығымен аяқтаған еді. Бірақ, сонда да ол өзінің позициясынан бас тартқан емес.  Ұйымның қазіргі Бас дирек­торы Болгария өкілі Ирина Бокова, Атқарушы кеңестің төрағасы Мысыр өкілі Мұхаммед Самех Әмір. ЮНЕСКО-ның ресми тілі алтау, олар: ағылшын, француз, испан, араб, қытай және орыс. 

Ұйым аясындағы ұтымды істер

Елімізде 1992 жылғы қазан айында Алматыда Азиядағы БАҚ тәуелсіздігі мен алуан түр­лі­лігін қолдау жөніндегі ха­лық­аралық семинар өткізіліп, оған 20 ел мен 6 халықаралық ұй­ым­ның өкілдері қатысты. Бұл Қазақстанды әлемге танытқан алғашқы ірі халықаралық шаралардың бірі болды. Ал 1993 жылы елімізде ЮНЕСКО жө­ніндегі Ұлттық комиссия құ­рылып, ол өзге шаруалармен қатар, ұйымның мерейтойлық даталарының күнтізбесіне Абай­дың 150 жылдығын атап өту керектігі жөнінде ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс сол жылдың қараша айында болған Бас кон­фе­ренцияның 27-ші сессия­сын­да қаралып, бірауыздан ма­құл­данды. Бұл Қазақстанның ұй­ым шең­беріндегі алғашқы же­ңісі еді. Оның ұлы Абайдың есі­мімен бас­талуының да үлкен сим­воликалық мәні бар. 1995 жы­лы ақынның 150 жылдық мерейтой­ын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту шаралары ұйымның Па­­риждегі штаб-пәтерінде маусым айында басталып, Бас ди­рек­тор Федерико Майордың қа­тысуымен тамыз айында Қа­зақ­станда жалғасты.  Сол жылдың күзінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ЮНЕСКО деңгейінде қорғалатын ғаламдық мәдени мұралар тізбесіне енгізу жұмыстары қолға алынды. Ал 15 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО Бас кон­фе­ренциясының 28-ші сессия­сы­на қатысып, сөз сөйледі жә­не осы жерде Бас директор Ф.Ма­й­орға Қазақстанға сіңірген ең­бегі үшін Президенттің 1995 жыл­ғы «Бейбітшілік және рухани келісім» сыйлығын тапсырды.  1997 жылғы 2-6 маусым күн­дері ЮНЕСКО мен Францияда 100 жылдық мерейтойына байланысты қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің күндері өтті. Оған қазақ өнері мен мәдениетінің А.Мұсақожаева, Д.Қасейінов, О.Рымжанов және т.б. майталмандары қатысты. Өзінің сөзінде де­легация басшысы, Премьер-Ми­нистрдің орынбасары И.Тас­­мағамбетов М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО шеңберінде аталып отыр­ғандығы қазақ жа­зу­шы­сы­ның шығармалары әлемдік әде­биет жәдігерлерінің қатарына қосылғандығының айғағы екенін атап өтті.  Сол жылы болған ұйымның 29-шы сессиясында құрылымның Атқарушы кеңесі Қазақстандағы Түркістан қаласының 1500 жыл­ды­ғын 1998 жылы, М.Дулатидің 500 жылдығы мен Қ.Сәтбаевтың 100 жылдығын 1999 жылы атап өту туралы ұсыныс жасап, олар бірауыздан мақұлданды. Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның арасындағы тығыз ынты­мақ­тастық жылдар бойы дамып келеді. Ұйым Арал мен Кас­пий теңізі проблемаларының ше­ші­­луіне де атсалысып, колло­к­ви­умдар өткізді. 1999 жылы Париждегі штаб-пәтерінде «Осы заманғы қоғамдағы интел­лек­туа­лдың рөлі, Орталық Азиядағы бей­бітшілік пен жаңа дәуір» атты коллоквиумға арнайы ша­қы­ры­лған қазақ ақыны Олжас Сүлейменов баяндама жасады. Осы шараның шеңберінде ақын Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» кітабының тұ­сау­кесері жасалды. Ұйым Семей ядролық сынақ полигоны жа­былуына арналған шараларға, Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съездеріне және т.б. Қазақстанда болып тұратын ха­лық­аралық шараларға белсене ат­салысып, өкілдерін жіберіп тұ­рады. 2001 жылдан бастап ақын Олжас Сүлейменов Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі болып тағайындалды. Осы жылдарда Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығы жаңа сапа­д­а­ғы биік деңгейге көтерілді. Қазақ­станның ұсынысымен ұйым «Мә­дениеттердің 2013 − 2022 жыл­­дарға арналған халықаралық он­­жылдығы» атты жоспарды қа­был­дады.  Қазақстанда ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи ескерткіштердің қатарына Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа, Таңбалы археологиялық ландшафындағы петроглифтер, «Жібек жолы», Сарыарқа және Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері енгізілді. Нақты атасақ, «Жібек жолының» қазақстандық бөлігі бойынша Алматы, Жамбыл облыстарының аумақтарындағы Қойлық, Қара­мерген, Талғар, Ақтөбе, Ақыр­тас, Құлан, Қостөбе, Өрнек се­кілді ортағасырлық сегіз нысан енгізілді. Сарыарқа даласы мен Солтүстік Қазақстанның көл­дері жалпы атауының ішінде Қор­ғалжын және Науырзым қо­рық­тары да тізімге енді. Ал ма­те­риалдық емес құндылықтар тізіміне домбырамен тартылған күй­лер, қазақ пен қырғыздың киіз үйлерін тігу шеберліктері қосылды.  Әлемдік ауқымдағы тар­и­хи құндылықтарға Олжас Сү­лей­меновтің ұсынысымен «Ха­­лықтардың алғашқы ұлы көш­­кіні» конференциялар тізімі ен­гізіліп, ол адамдардың ғалам­шар­­дағы қазіргі қоныстану ере­к­­­- шеліктеріне дейінгі кезеңді қа­мтитын болды.  Қазақстанда ЮНЕСКО-ның қорғалуына алынған материалдық емес құндылықтардың қатарына «Қазақ күресі» спорты, «Наурыз» мерекесі, «Сұңқармен аң аулау» секілді саятшылық өнері және т.б. енгізілген. ЮНЕСКО-ның қазіргі Бас директоры Ирина Бокова үс­тіміздегі жылдың қыркүйек ай­ында Қазақстанға ресми сапар­мен келіп, ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесіне қа­ты­с­пақ­шы. Онда ЮНЕСКО-ның «Ислам мәдениетінің әр түрлі ас­­пектілері» деген тақырыптағы ба­сылымдар коллекциясының тұ­­саукесері жасалады деп жос­пар­­ланған.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»