Саммитке мәртебелі мейман ретінде шақырылған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жиын барысында бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, шағын келіссөздер жүргізгенін атап өту керек. Қазақстан Президентін Қос киенің сақшысы, король Салман бен Әбдел-Әзиз Әл Сауд ыстық ықыласпен күтіп алды. Елбасының бейбітшілік бастамалары, мәмілегерлік миссиялары халықаралық аренада жоғары бағаланатынының белгісі бұл.
Мәселен, Сириядағы ахуал шиеленісе бастаған кезден бастап жағдайды бейбіт жолмен шешу керектігін ашық айтқаны соның бір ғана көрінісі. Ресми Астана бейбітшілікті қолдайтын бейтарап ұстанымын байқатып қана қоймай, Сирия мәселелеріне қатысты тартысушы тараптарға келіссөз алаңын ұсынғаны мәлім. Елордада бірнеше мәрте өткен Астана процесі Женева келіссөздерін толықтырушы маңызды форум ретінде мойындалған. «АҚШ – Ислам әлемі» саммитінде Сириядағы ахуал да сөз болды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың саммитке келуі бұл жиынға жаһан назарын аударуға әсер еткені түсінікті. Д.Трамп президент ретіндегі шет елге жасаған алғашқы сапарын Сауд Арабиясынан бастаса, екі күнін саммитке арнады. Жиында бірінші болып сөз алған АҚШ президенті мұсылман мемлекеттерінің басшыларын терроризмді бірлесіп жоюға шақырды. «Associated Press» агенттігі дөп көрсеткендей, АҚШ президенті өз сөзінде «радикалды ислам терроризмі» деген тіркесті қолданған жоқ. Таяу Шығыс мемлекеттерінің аумағынан террористерді толық қуып, экстремистік ұйымдарға қолдау көрсетуді тоқтатуға шақырды. Діни көшбасшылар адамдарға дұрыс ақыл беруді, терроризм жолын таңдаса өмірлері мәнсіз әрі қысқа болып, қарғысқа қалатынын үйретуі керек деп санайтынын жеткізді.
АҚШ пен Ислам әлемі мемлекеттерінің басшылары бас қосқан жиынға мұрындық болған Сауд Арабиясының ұстанымы агрессивті экстремистік идеологияға қарсы тұру, Ислам елдері ішіндегі одақтастарымен әріптестік қатынастарды нығайту, сол арқылы ұжымдық экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Сондай-ақ, АҚШ-пен арадағы қатынастарды жолға қоюдың жөні бөлек, әрине.
«АҚШ – Ислам әлемі» саммитінде Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел-Әзиз Әл Сауд, АҚШ президенті Дональд Трамп, Иордания королі ІІ Абдалла ибн әл-Хусеин, Мысыр президенті Адли Мансұр, Индонезия президенті Джоко Видодо, Кувейт әмірі Джабер ас-Сабах сөз сөйледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиын аясында бірқатар елдердің президенттерімен және делегациялар жетекшілерімен тиімді келіссөздер жүргізді. Солардың ішінде АҚШ президенті Дональд Трамппен жүздесуінің жөні бөлек.
Өзара әңгіме барысында екіжақты іс-қимылдардың негізгі бағыттары, сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастарды тереңдету жолдары талқыланды. Қазақстан басшысы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Юсеф бен Ахмед әл-Усайминмен, АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен де кездесті.
Арнұр Асқар, «Егемен Қазақстан»
Соны сипаттағы басқосу
Негізінде, АҚШ пен Парсы-араб шығанағы елдеріне тікелей қатысы бар, сонымен қатар, халқының басым көпшілігі мұсылман болып табылатын мемлекеттерді де қамтитын айтулы басқосуға Елбасы бастаған жоғары деңгейдегі қазақстандық делегацияның қатысуының символикалық маңызы зор.
Ислам әлемінің ажырамас бір бөлшегі болғандықтан әрі аумағы жағынан ең үлкен мұсылман елі болып саналатын Қазақстанға ислам әлеміндегі әртүрлі саяси, халықаралық, экономикалық және қауіпсіздік мәселелері әсер етпей қоймайды. Оның үстіне, осы жолғы саммит аясында көтерілген міндеттер терроризммен бірге, экстремизммен күресу сияқты өзекті мәселелерге қатысты болып отыр. Саммитке Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстанның президенттері мен өкілдерінің қатысуы да маңызды басқосуға соны сипат берді деп айтуға болады.
Тарихта АҚШ пен араб-мұсылман әлемі арасында бұрын-соңды болмаған осындай ауқымды саммит аясында белгіленген мақсаттар Батыс пен Ислам әлемінің алдағы жылдардағы қарым-қатынасына ықпал етіп, негізгі бағыттарын айқындауы мүмкін. Сондықтан, АҚШ президенті Д.Трамптың алғашқы сапарын және ірі сыртқы саяси қадамын стратегиялық одақтасы әрі барша мұсылмандардың киелі мекені − Меккенің сақшысы Сауд Арабиясына жасауы бекер емес. Тарихқа көз тастасақ, Сауд Арабиясында мұнай өндірісінің дамып, экономикасының қарқындауына АҚШ үлкен үлес қосқаны белгілі. Екі одақтас елдің тығыз ынтымақтастығы коммунистік идеологияның таралуына бірлесіп тосқауыл қою кезеңінен бастау алады.
Д.Трамп мұсылман әлеміне қаратып, арнайы әзірленген бағдарламалық баяндама жасады. Араб тілді басылымдарда оның тарихи баяндамасы әртүрлі пікірлер туғызғанына қарамастан, басым көпшілігі оң көзқарас білдіргені рас. Мысалы, Д.Трамп дін атын жамылған экстремизмге қарсы күресудің өркениеттер арасындағы қақтығыс емес, керісінше, жақсы мен жаманның арасындағы күрес екенін мәлімдеді. Ол мұсылман елдерінің өздері алдымен экстремизм сияқты келеңсіз жайттармен күресіп, өз күштеріне сүйеніп, ауыртпалығын көтеруге жауапты болу керектігін баса айтты.
Осы жолғы баяндамасында АҚШ президенті демократия және адам құқығы туралы аз сөйлеп, экстремизмге «ұлттар коалициясы» ретінде бірлесіп қарсы тұру керектігі төңірегінде көбірек сөз қозғады. АҚШ аймақта терроризмге қаржылық қолдау көрсетудің алдын алуға бағытталған халықаралық орталықтың ашылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, экстремистерді интернет арқылы анықтайтын, қадағалайтын арнайы бақылау жүйесі құрылатыны мәлім болды.
«Әл-Хаят» газетінің колумнисі Бариа Аламуддиннің пікірінше, Д.Трамп АҚШ-тың терроризммен күресу, аймақтық қауіпсіздік, сауда-саттықты дамыту сияқты басты стратегиялық және бизнес басымдықтарының мұсылман әлемімен байланысты екенін жақсы түсініп отыр. Аталған кездесулерге АҚШ-тың ең ірі корпорациялары басшыларының да қатысуы соның дәлелі. Сауд Арабиясы мен АҚШ арасында қол жеткізілген 280-350 млрд долларға жуық келісімдердің арқасында АҚШ-та мыңдаған жаңа жұмыс орындарының ашылатыны белгілі болды. Атап айтқанда, мұнай, құрылыс, өнеркәсіп, мұнай-химия, тікұшақ өндірісі, қару-жарақ өндірісі, бұрғылау, мұнай өнімдері салаларында келісімдерге қол қойылды. Жалпы көлемі 110 млрд долларды құрайтын қорғаныс саласындағы келісімдер арқылы Сауд Арабиясы осыған дейін АҚШ-тан сатып алып келген қару-жарақтың біраз бөлігін бұдан былай өз аумағында шығара алатын болады. Осылайша, Сауд Арабиясы АҚШ экономикасына, өндірісіне және инфрақұрылымына жүздеген миллиард доллар құюды жалғастыра беретіні белгіленді. Бұдан бұрын кейбір сарапшылар АҚШ-тың бірте-бірте Таяу Шығыс аймағынан әскери жағынан шығатынын мәлімдеген еді. “Arab News” агенттігінің сарапшысы Насер Әт-Тамимидің айтуынша, аталған саммит АҚШ-тың қысқа және орта мерзімде аймақтан толық шықпайтынын көрсетеді. Өйткені, АҚШ-тың аймақта энергетика, сауда, ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, сыртқы агрессияға қарсы төтеп беру, экономика және қару-жарақ саудасы сияқты салаларда стратегиялық мүдделері бар. Оның үстіне, АҚШ аймақтан мұнай импорттауды жалғастыра бермек. Яғни, АҚШ және Сауд Арабиясы Парсы-араб шығанағынан энергетика тасымалы, ортақ қауіп-қатерлер, логистикалық және барлау мәселелерінде мүдделес болып отыр.
Араб саясаттанушылары аталған тарихи сапардан кейін Сауд Арабиясы келешекте келесі іргелі бағыттарды негізге алатынын айтуда. Біріншіден, Парсы-араб шығанағы ынтымақтастық кеңесінің ұжымдық және бірлескен әскери мүмкіндіктері күшейтіледі. Екіншіден, Сауд Арабиясы Мысыр, Бахрейн, Йордания және Марокко елдеріне саяси-экономикалық қолдау көрсетіп, сонымен қатар, Йемен, Сирия және Ливанға қатысты араб елдерінің аймақтық саясатын өз пайдасына сәйкес үйлестіруге ұмтылуы мүмкін. Үшіншіден, АҚШ-пен жақсы қарым-қатынаста болу Эр-Риядтың сыртқы саясатындағы басты мақсаттардың бірі болып қала бермек. Соңғы кезде Сауд Арабиясы Ресей мен Қытай сияқты ірі елдермен де байланыстарын күшейткені мәлім. Қысқасы, Сауд Арабиясы мен АҚШ қатынастары жаңа деңгейге көтеріліп, Таяу Шығыстағы ахуалға әсер етпек.
Әлемнің қуатты мемлекеті АҚШ пен мұсылман әлемінің ықпалды елі Сауд Арабиясының жаңа ықпалдастығы Ислам әлемінің келешегіне, аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздіктің орнауына қалай және қаншалықты әсер ететінін алдағы жылдар көрсете жатар. Ең бастысы, саммитте жасалған мәлімдемелер аймақтағы бейбіт халықтардың қарапайым өмірін күрделендірмей, шартарапты шарпыған экстремизмді ауыздықтауға үлес қосса екен деген ғана тілегіміз бар.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, шығыстанушы
Ақ үй Таяу Шығыстағы үдерістен тыс қалмайды
АҚШ президенті Дональд Трамптың Сауд Арабиясына жасаған ресми сапары әлемдік саясатта мәні зор оқиғалардың бірі болды. Өйткені, Америка басшысының Эр-Риядқа жасаған бұл қадамы Таяу Шығыс пен мұсылман әлеміне қатысты оң көзқарастың қалыптасуына ықпал ететіні байқалады.
Сондай-ақ, сапардың халықаралық деңгейдегі салмағын арттырған тағы бір маңызы – «АҚШ және Ислам әлемі» саммитінің өтіп, оның аясында АҚШ-тың сыртқы саясат стратегиясы мен мұсылман әлемінің өзара ынтымақтастығын тереңдете түскені болды. Негізінен, президенттік сайлау науқаны кезінде Д.Трамптың өзі таяушығыстық саясатқа қатысты бірқатар сыни пікірлер айтқаны елдің есінде. Солай десек те, Эр-Рияд екіжақты қатынастың суымауына мүдделілік танытып, байланыстың беки түскенін қалайтынын аңғартты. Ондай әрекет нәтижесіз болмады.
Сондықтан да, Д.Трамптың Сауд Арабиясына жасаған бұл сапарынан АҚШ-тың аймақтардағы елдермен оң қарым-қатынас қалыптастырмақ ниетін байқауға болады. Сонымен қатар, бұл сапар Сауд Арабиясындағы саяси элита мен оның көршілерінің АҚШ-пен арадағы стратегиялық серіктестігінің нығаюына септігін тигізетіндігін сезу қиын емес.
Ал Д.Трамптың сапарын қорытындылағанда көз жеткізетін бір мәселе – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы саяси процестерден мүлдем шет қалғысы келмейтіндігін көрсетіп берді.
Жоғары деңгейде өткен кездесулер аясында АҚШ президенті өз сөзінде терроризмге қарсы күресте Құрама Штаттар әркез қолдау көрсетуге әзір екендігін ашық білдірді. Десек те, бұл бағытта екі ел кең ауқымда қарастырылған бірлескен жоспар арқылы әрекет етпесе, аймақта тыныштықты сақтау екіұшты мәселе болатыны айтпаса да түсінікті.
Саммит аясында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың екіжақты әріптестік жайын талқылаған кездесуі өтті. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамай, екі ел басшыларының кездесуі олардың бір-біріне деген құрметі мен өзара байланысты одан әрі бекіте түсуге деген мүдделілік жатқанын айғақтап берді. Өзара ынтымақтастық пен сенімді серіктестіктің жайын сөз еткен жүздесу қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретіні белгілі.
Асқар НҰРША, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы
Қазақстан – Ислам әлемінің ажырамас бөлігі
Өзінің сайлау науқаны барысында «ислам бізді жек көреді, осыны нақты айту керек», деп америкалықтарды біраз шулатқан АҚШ президенті Дональд Трамп тұңғыш ресми шетелдік сапарын Таяу Шығысқа жасады. Эр-Рияд қаласында Трамп 50 мұсылман мемлекетінің басшыларымен кездесіп, исламға қатысты түйінді мәлімдеме жасады.
«Мұсылмандардың дұшпаны» имиджін жоққа шығаруға ұмтылған Дональд Трамп сөз әуенін өзгертуге тырысты. Ислам елдерінің көшбасшыларына сөз арнаған кезінде ол «бірігіп, мұсылмандардың жазықсыз қырылуына қарсы шығуға» шақырды.
«Бұл діндердің арасындағы қақтығыс, діни ағымдардың арасындағы қақтығыс емес, өркениеттердің арасындағы қақтығыс емес. Бұл – жабайы қылмыскерлерге қарсы соғыс. Бұл – жақсылық пен жамандықтың арасындағы соғыс», – деді Дональд Трамп.
Форумға қатысқан жүзден астам ғалымдар мен сарапшылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, тараптардың жағымды нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Олардың айтуынша, барлық қатысушылар терроризм мен экстремизмді жеке діндермен немесе жеке өңірлермен байланыстыруға болмайтындығымен келісті. Сонымен қатар, олар халықаралық лаңкестікпен күресу жолдарын, әлеуметтік желілерде ақпарат тарататын экстремистерге жол бермеу тәсілдерін егжей-тегжейлі талқыға салды.
Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болғанымен, халқымыздың көбі ислам дінін ұстанады. Сондықтан «АҚШ – Ислам әлемі» форумына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та шақырылды. Әрине, бұл іс-шара Таяу Шығыс өңіріндегі әріптестерімізбен тілдесуге, Қазақстанның ұлттық мүдделеріне тікелей әсер ететін мәселелерді талқылауға, серіктес байланыстарға жаңа серпін беруге тамаша мүмкіндік берді. Еліміз үшін Таяу Шығыс мемлекеттерінің сауда жағынан да, саяси ынтымақтастық жағынан да маңызы зор. Форум барысында Нұрсұлтан Назарбаев Кувейт, Қатар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Йемен секілді өңірдің ірі және беделді мемлекеттерінің басшыларымен келіссөздер жүргізді.
Бұл Елбасымыздың АҚШ президенті Дональд Трамппен тұңғыш кездесуі екенін де арнайы атап өту керек. АҚШ әлемнің ең ірі экономикасы және ең ықпалды саяси күші болып қалып отыр. Посткеңестік республикалар басшыларының арасында жақында сайланған Америка Құрама Штаттарының президентімен бірінші болып кездескен Президент Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сондай-ақ, бұл кездесудің дер кезінде өткені де айтуға тұрарлық.
Қазіргі таңда АҚШ-тың жаңа үкіметі қалыптасу кезеңінен өтіп жатыр, Мемлекеттік департаменттегі бірнеше басшылық лауазымдарға қызметкерлер тағайындалған жоқ, АҚШ сыртқы саясатының жаңа бағыттары мен басымдықтары әлі қарастырылуда. Сондықтан Трамппен кездесіп, Қазақстан үшін мәнді мәселелерді талқылап, оның сыртқы саяси көзқарасына әсер ету өте уақтылы және аса игілікті қадам болды.
Жанболат ҮСЕНОВ, Еуразиялық кеңестің халықаралық қатынастар жөніндегі директоры