• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Мамыр, 2017

Ізгі кісінің ірілігі

206 рет
көрсетілді

Қазіргі қазақ қоғамының зиялысы, биязының биязысы, жаны да, ары да, қолы да мөлдір шыныдай тазасы, ұлт дүниетанымының білгір жетелісі, мемлекет құраушы негізгі этностың тарихын баяндайтын өнерлі, өрнекті ісімен өзгешеленген дара пайымның дарабозы, кісілік, ізгілік, аб­зал­дық істері жөнінен қа­рапайым­ның қарапайымы, Қа­зақ­стан Республикасы Мемлекеттік Ел­таң­басының авторы, сұңғыла сәулетші – Жандарбек Мәлібеков.

Асқақтаған амалшыдан аяң­даған адалдық озады» дегендей, өзіндік үздіксіз жемісті ең­бегімен биік мәртебеге жеткен тұлғалы азамат үлгісі осындай болар. Данышпан Толстойдың: «Өмірден жиіркенбей, үнемі ләззат алып өтудің бір-ақ жолы бар. Ол – тіршілікке қажетті жа­рық сәулені сырттан алмай, өзің оған шырақшы болу, оған өз жа­ныңның сәулесін түсіріп, жана білу» дейтін мағыналы лебізі Жан­дарбек аға жаратылы­сын терең ұқтырғандай. Осын­ша­лық­ты құрметке бөлеген өз жүрегі мен жігерінің оты, өнерпаздық қа­­бі­лет-қасиеті. Құ­мырс­қаша қи­мыл­­дап мақсаткер­лікпен әрекет етті, туып-өскен жерден жырақ­та жүрсе де көкі­регінде теңіз­дей толқыған патриоттық сезімі өшпеді.

Елтаңба – Мемлекет симво­лы, Рух кітабы, ұлттық дүние­та­­нымның байтақ бай әлемі. Ен­деше, сәу­летші Жандарбек Мәлі­­бековтің фи­лософиялық-көр­­кемдік ойлау жүйесінің түп қазы­ғы – мыңдаған жылдар бойы көшпелі халықтың панасы, ордасы болған киіз үй құ­рылымына жүгінуі керемет. Ра­сында, киіз үйдің күрделі архитектоникасы – елтану, мәдениеттану, жара­ты­лыстану, өнертану, жан бағу ілімдерінің негізінде үздік шебер­лікпен қиыстырылып, қию­ластырылып жасалған бірегей мінсіз әрі көркем мүлік-мүкәммал.

Сондықтан да Елтаңбаның, ша­ңы­рақтың өзегіндегі әрбір де­тальдың сыры, мәні, тілі бар. Олар ақынның, философтың көзімен мей­лінше сұрыпталып, абыздар мен жыраулардың күм­бір­летіп толғағанындай сөйлейді. Мұнда симметрия, сәйкестік, өнерлендіру, гармония бар жә­не де оюшылдық, зергерлік, кес­те­шілдік, бір сөзбен айтқанда, қол­өнер түрлерінің баршасы біртұтас үйлесім тапқан.

Сәулетші, профессор Жан­дар­бек Мәлібекұлы «Елтаңба – ұлт­тық мемлекеттің идеологиялық кар­тасы» деп тұжырымдайды. Бұл расында да дәл, айқын анықтама. Задында, тарих пен мәдениет ай­ғағындай Елтаңбадағы ең басты ұғымдар мен атаулар үлкен жүк арқалайды. Таратып айтар болсақ, маңдайдағы бес бұрышты жұлдыз, яғни таң алдында туатын Шолпан жұлдыз «Жұлдызың жоғары өр­лесін, жұлдыздай жарқыра, жұл­дызың солыңнан тусын» деп тұр. Шаңырақ – ғарыштың символы әрі Орда, Мекен, Әулет, Отбасы, Ұя дейтін ұғымдарды меңзейді. Уық­тар – шаңырақты көтеріп ұс­тайды, одан алтын сәулелер тарайды, күлдіреуіштер – түндікті көтеріп, жауыннан қорғайды, бас­құр – дауылдан қорғайды. «Киіз үйіңнің басқұрын сатпа, басың құ­ралмайды» дейтін ырым да бар. Ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ – елің-жұртың биік сам­ғасын, қанаты талмасын, рухы ас­қақ­тасын дегенді білдіреді. Мұн­дағы мүйіз – айбарлылықтың, тегеу­рінділіктің белгісі әрі көз тию­­ден сақтайды. Және мүйізінде жеті сақина бар. «Жеті атасын біл­ген ұл  – жеті жұрттың қамын жер» дейтін халық даналығын еске түсіреді. Масақтар – дәулет, қош­қар мүйіз ою-өрнектер – ұлттық дүние­таным, «Қазақстан» мемлекет атауы ретінде қолданылған. Елтаңбаның алтын түсті реңінің де шертер сыры телегей. Ол – қазына-байлықтың, дархандықтың нышаны. Киіз – найзағай отынан сақтайды, оны мүлде залалсыздандырып ыдыратып жібереді.

Мейірім мен қайырымнан жа­­рал­ған Жандарбек аға өз өмірі мен өскен ортасы туралы былай ой са­бақтады:

– Әу баста сәулет өнеріне қы­зы­­ғатынмын, қарапайым темір­­жол­шының отбасында дүние есігін аштым. Мен туған Екпін­ді ауылынан (бұрынғы 23-ші разъезд) ежелгі Сауран мен Сы­ғанақ ша­һарлары алыс емес. Бұл аймақты ежелден ұлттық мә­дениеті, салт-дәс­түрі айрықша айшықты дамыған бір қауым ел мекендейді. 1950-1953 жылдарда біздің үйдің дас­тарқанынан қазақтың бетке ұстар дүлдүлдері Нартай Бекежанов, Жамал Ома­рова, әкемнің сыйласы, сырласы Қалмақан Әбдіқадыров, дәм татып сондай Сыр өнірінің майталман жыршы, жыраулары өнер көрсеткен еді. Осындай қызық-сауығы үзілмеген, өнері мен мәдениеті өркендеген әдемі ортада ержеттім, есейдім. Мүмкін, сәулет өнерін таңдағаным да осыдан шығар.1965 жылдан бас­тап Ташкенттегі мемлекеттік жобалау институтында 36 жыл бойы сәулетші болып қызмет еттім. Таш­кент, Ферғана, Са­мар­қанд, Бұқара, Шыршық, Ангрен тәріз­ді шаһарлардағы сан си­пат­­ты ғимараттарда сәулет­ші­лік қол­таң­бамды қалдыруға құ­дай бұйыртты. Өзбекстан Ком­­­­пар­тиясы Орталық Ко­митет­інің бірін­­ші хатшысы Ша­раф Ра­шидов­тың алдында сәулет өнері хақын­да төрт рет баяндама жасадым.  

Жақсының көзі, жайсаңның өзі Жандарбек ағамен дәмдес-тұздас, сапарлас болғанда бай­қағаным – тойған қозыдай қалпы, мейірбан болмысы, шынайы көңіл-пейілі қызықтырып баурай­ды. «Ағаштан ағаш мәуе алады, адамнан адам тәлім алады» дейтін тәмсіл бар емес пе?! Әрқашанда осы бір көшелі кісіден бір жақсы нәрсе үйренгім кеп тұрады. Өйт­кені, ақылы мен тәжірбиесі, мінез-құлығына ел сүйсінерлік, ер қызығарлық.

Қазақ Елінің ұзын-сонар заманалар бойғы классикалық та­ри­хындағы ұлттық-символдық құн­дылықтарды екі метрлік Қа­зақ­стан Елтаңбасының нобайына ұтым­ды да ұтырлы сыйғызып, қап-қалың алты матрасқа құнт­тап орап, сонау Ташкенттен «КамАЗ» мәшинесімен Алматыға жет­кізіп, Алқа талқысына түсіп, бәй­геге түс­кен екі жүз тоқсан үш жұ­мыстың ішінен жақсы кісінің жарқын ісі суырылып озып шық­қаны, таң­дал­ғаны, бұйырғаны не деген ғанибет десеңізші!..  

Мемлекеттік Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мә­­лі­­бек­ұлының өмірдегі жолы – ізгіліктің, кісіліктің, өнерпаз­дық­тың жо­лы, сондықтан да ұза­ғынан сүйін­дір­гей, тағдыры сұлу болғай деп тілеймін!

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор