G-Global алаңында «Даму» қоры оnline мәжіліс өткізді
Біз бұған дейін де шағын бизнес бастағысы келетіндер үшін мемлекет тарапынан қ андай қолдау тетіктері бар екендігі жайлы жазып келдік. Дегенмен, бизнес әлемінде бағын сынаймын дегендерге әлі де тәуекел, іскерлік қабілет, қаражат керек екендігі күн сайын көрінуде.
Ендеше, арзан несиені қалай алуға болады? Кәсіпкерлердің жүгін жеңілдететін қандай бағдарламалар бар? Қаржылық сауаты аз кәсіп бастаушылар қандай тетіктерге иек артады. Бұл сұрақтарға Алматыда G-Global ақпараттық-коммуникативті алаңында өткен оnline мәжілісте «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасы төрағасы Қаныш ТУЛЕУШИН кеңінен жауап берді.
Мұндай G-Global ақпараттық-коммуникативті алаңымен бірлесіп өткізіліп келе жатқан жоба биыл тамыз айында бастау алған еді. Содан бері «Даму» қорының басшылары мен аймақтық жетекшілері қатысқан 24 оnline мәжіліс өткен. Қорытынды жиын болған 25-ші мәжіліске дейін еліміздің әр түкпіріндегі кәсіпкерлерден 250-ге тарта сұрақ түскен. Бейнемәжіліс режімінде өткен шараларда қордың аймақтардағы барлық бөлімшелері жұмыла жұмыс істеді.
Қаныш Тулеушиннің айтуынша, кәсіпкерлермен тілдесудің мұндай тәсілі өте тиімді. Оnline конференциялар кезінде барлық түйткілді сауалдар ашық айтылады. Нақты мәселелер көтеріледі. Әрі мұның «Даму» қорының арнаулы бағдарламаларын жетілдіріп, толықтырып отыруға септігі мол.
Мәселен, тек биылдың өзінде кәсіпкерлер үшін ғана емес, қор қызметкерлері үшін де көп жұмыс атқарылған. Осындай оnline мәжілістер арқылы отандық кәсіпкерлер тарапынан қандай сұрақтар жиі қойылады, қай мәселелерге назар аудару қажет, осыларды жіті бақылап отыруға болады. Сонымен, шағын және орта бизнеспен айналысып отырған, яки болмаса айналысқысы келетін жандарды жиі толғандыратын жайттар қандай? Оnline мәжілісте көп қойылған ұқсас сауалдар легі төмендегідей болды.
Бизнес бастағысы келетін кәсіпкер грантқа қалай қол жеткізеді? Бұл үшін қандай құжаттар қажет?
Қаныш Тулеушин: Гранттарды «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы барлық аймақтардағы әкімдіктер ұсына алады. Бұл жердегі «Даму» қорының атқаратын міндеті грантқа бөлінген қаражаттың тиісті мақсатқа жұмсауын қадағалап, бақылау. Демек, қордың өзі тікелей грант бере алмайды, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында кеңес береді. Екінші рөлі – мониторинг.
Ал 3 миллион теңгеге дейінгі гранттарға қол жеткізу үшін әкімдіктердің кәсіпкерлік басқармаларына өтінімдер беру керек. Өтінімдер республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа қарай бөлінеді. Өтінімдер қабылданатын кезде оған байқаудың басталғаны туралы ресми хабарламалар жүреді.
Жаңадан кәсіп бастаған адамдарға қандай көмектер бар?
Қаныш Тулеушин: Банктер көбінесе бизнесін дөңгелетіп отырған адамдармен жұмыс істегенді құп көретіні жасырын емес. Кәсіпкерлікке енді келген адамға қаржы ұстатып жіберудің тәуекелі көп. Сондықтан, біз шағын және орта бизнесті несиелеудің жаңа жолдарын қарастырдық. Қаржыландырудың мұндай тетіктері арқылы: сыйақы көлемін 10 пайызға дейін субсидиялаймыз. Көп жағдайда жаңа бизнес бастаған адамның кепілдікке қоятын дүниесі бола бермейді. Сондықтан біз қор тарапынан несие сомасының 85 пайызға дейін кепілдік ұсынамыз. Қалған 15 пайыз кепіл затты немесе депозитті оның өзі табады. Яғни, жаңа кәсіпкерге 20 миллион теңгеге дейін берілетін болса, оның 1,5-2 миллион теңгесі өзінің жиған-тапқаны болады. Қысқасы, мұндай көмекке қол жеткізу үшін Қазақстанның 18 қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіну керек.
Мәселен, бұрын бизнестің басқа саласында жүрген адам жаңа бағытта кәсіп бастағысы келсе, ол жаңа кәсіпкер болып санала ма?
Қаныш Тулеушин: Кәсіпкерлікті жаңадан бастағандар санатына несие алғанға дейін кемі 3 жыл ішінде мемлекеттік тіркеуге алынған кәсіпкерлер жатады.Сондай-ақ, шаруасы дөңгеленіп тұрған ірі кәсіпкер ісін жаңа бастаған кәсіпкерге ықпал етіп, кәсібіне ортақ тәлімгерлік ете алады. Тек айналысатын салалары бір болмауы керек.
Неге екінші деңгейдегі банктерде несиелерді кейінге шегерудің ең ұзартылған мерзімі бар болғаны 12 ай? Мысалы, ауыл шаруашылығындағы жобаларды іске қосуға қажыр мен көп уақыт кетеді? Сондықтан, төлемдерді кейінге шегерудің мерзімін 1,5 жылға немесе одан да көп уақытқа ұзартуға бола ма?
Қаныш Тулеушин: Төлемдер бойынша жеңілдіктер ұсыну банктердің ішкі тірлігі болып саналады. Сондықтан қор банктердің ішкі шаруаларына араласпайды.
Сәлеметсіздер ме! Жеке бизнес бастап, наубайхана ашқым келеді. Бірақ қалай бастайтынын білмеймін. Қайда бару керек?
Қаныш Тулеушин: Алдымен тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша «Даму» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барасыз. Сол жерде өз жобаңызды қаржыландыруға қажетті барлық кеңестер мен құжаттар тізімін аласыз. Сондай-ақ, кеңесшілер сізді жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, өзіңізге сай бағдарламаны таңдауға, бизнес-жоспар жасауға көмектеседі.
Алдағы 2017 жылы «Bolashak» Startup байқауы жалғаса ма? Егер болса оның талаптары мен жүлде қоры өзгере ме?
Қаныш Тулеушин: Бұл – «Болашақ» түлектері қауымдастығының бағдарламасы ғана емес, қоғамдық қызметі де. «Даму» қоры олардың бастамаларына әдістемелік жағынан қолдау мен кеңес көрсеткен. Өзім де осы қауымдастыққа мүше болғаннан кейін, оны алдағы жылы да жалғастыруды көздеп отырмыз. Мұны қолға алғанымызға 2 жыл ғана болды. Бұл бағдарламаның мәні – жігерлі жастарды қолдауда. Яғни қатып қалған бір түсініктерді жойып, белсенді жастардың бизнеске көптеп келуіне жол аша отырып, жаңа жұмыс орындарын жасақтау, көбірек салық төлеу. Біз үшін
басты пәлсафа – кәсіпкер болу сәнге айналу қажет.
Ал бағдарламаның мән-жайына келсек, ол өткен жылы қанатқақты жоба ретінде қолға алынды және қолдау тек гранттар түрінде көрсетілді. Бұл бағдарламаға кәсіпкерлер де көмектескен. Биыл біз оның ережелерін өзгерттік – енді кәсіпкер жай ғана грант беріп қоймайды, олар капиталға кіреді. Бұл жаңадан бизнес бастағандар үшін маңызды. Яғни олар қаражатқа ғана қол жеткізіп қоймайды, өмірлік ұстаздарын да табады. Демек, жобаның бір құрылтайшы ретінде оның әрі қарай жүзеге асуына мүдделі болады.
Банктердің бизнесті несиелеу жөніндегі өтінімдерді қарау мерзімі тым ұзаққа созылып кетеді. Бұл мәселе қалай шешіледі?
Қаныш Тулеушин: Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе болғандықтан, жобаларды жедел қарауда Еуропалық қайта құру және даму банкінің тәжірибесін алдық. Біз қазір үш түрлі қаражат көлемін ұсынамыз – «Даму-блиц» жаңа бағдарламасы бойынша – 5, 20, 30 миллион көлемінде кішігірім заемдар беріледі. Бұл банктерге енгізілген, мұндай заемдарды 10 күн ішінде қарап, шешім шығара алатын, қаржылық сараптамаларға бейімделген технологиялар. Бұл бағдарлама қазір Алматы қаласы мен Алматы облысында және үш банкте жұмыс істей бастады. Қазірдің өзінде «Даму-блиц» технологиясы бойынша 72 жоба қаралды. Алдағы күндері 30 миллион теңгеден де жоғары заемдар беруде осы әдісті қолдануды қарастырып көрмекпіз.
Кәсіпкерлердің пікірінше, банктегі пайыздық мөлшерлемелер өте жоғары. «Даму» қоры бұл ретте қандай жеңілдік ұсына алады?
Қаныш Тулеушин: Жыл бойы банктердегі несиелендірудің орташа мөлшерлеме көрсеткіші зерттелді. Несие мөлшерлемесінің төмендеп, 16,2 пайызға жеткені белгілі. Дегенмен, кәсіпкерлер 19 пайыздық несиеге тап келсе «Даму» қоры мәселенің басқа шешімін ұсынады. Барлық өңірлерде әкімшіліктермен бірігіп «Аймақтық қаржыландыру» бағдарламасы іске қосылған. Онда экономиканың басымдық беріл-
ген салаларына 8,5 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру көзделген. Мұнда әкімдіктердің ұстанымы ескеріледі. Яғни, қай саланы қаржыландыруды шешеді. Бұл жағдайда қор мен әкімдіктер тепе-тең түрде сома бөледі. Оның борышкердің қолына тиетін кездегі пайызы 8,5 пайыз болады. Банктер бұдан жоғарылата алмайды, себебі, талаптары шектелген.
Ассалаумағалейкүм, Қаныш аға! Мен көліктердің майын ауыстыратын бекет ашқым келеді. Осыған байланысты үш сұрағым бар. Бұл шағын бизнеске жата ма? Онда мен қордан көмек ала алам ба? Және бұл қалай жасалады?
Қаныш Тулеушин: Көлік құралдарын жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге байланысты шаруа шағын бизнеске жатады. Біз «Бизнестің жол картасы-2020» бірегей бағдарламасы арқылы көптеген осындай жобаларға қолдау таныттық.
Жоғарыда атап өткендей, өз бизнесіңізді бастау үшін «Даму» қорының аймақтық бөлімшелеріндегі кәсіпкерлерге – қызмет көрсету орталықтарына барып, заң жағынан, экономикалық, маркетингтік және бухгалтерия бойынша тегін кеңес ала аласыз. Ондағы кеңесшілер сізге салық төлемдері мен ұйымдастырушылық мәселелері бойынша көмек көрсетуге әзір. Әрі қарай жобаны қаржыландыру үшін банкке өтінім беріп, несиені субсидиялауға кепілге қоятын мүлкіңіз жетпеген жағдайда қордың кепілдігін ала аласыз.
«Даму» қорының қолдауымен жекеменшік балабақша ашуға бола ма? Бірақ осы кәсіптің мәселелерін егжей-тегжейлі білу үшін бизнес-тренингтерге қатысу міндетті ме? Осының анығын білу үшін Жезқазғанда қай жерге баруға болады? Жезқазған – моноқала ғой, жеңілдіктер бар ма?
Қаныш Тулеушин: Cіз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие бола аласыз. Атап айтқанда, бірінші бағыт бойынша, моноқалалар, шағын қалалар немесе ауылдық жерлерде кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкер ретінде несие мөлшерлемесінің 10 пайызына дейін субсидиялай аласыз. Сонымен қатар, сіз банк алдында кепілзатыңыз жетпеген жағдайда «Даму» қорының 50-ден 85 пайызға дейінгі (тіркеу мерзіміне қарай) кепілдемесін де пайдалана аласыз. Бұл ретте ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін несие 20 миллион теңгеден аспайды. Тренингтерге қатысу міндетті емес. Дегенмен, оған қатысып, оқысаңыз сол семинар кезінде алған білім мен тәжірибе артық болмайды. Толық ақпарат алу үшін Қарағанды қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына хабарласыңыз.
Менің 20 миллион теңгені қажет ететін бизнес-жобам бар. Маған Астанадағы банктер «Даму» қорының кепілдігімен субсидиялауға өтінім беретін болсам, жеке шотымда 4,2 миллион теңгеден кем емес қаражат болуы қажет дейді. Жобам замана сұранысына сай болса да, есеп шотымда 4,2 миллион теңгеден кем болмауы керек пе? Егер бұл стартап жоба немесе мемлекеттік қаражат болса ше?
Қаныш Тулеушин: Мемлекеттік қолдау алып, жобаларды жеңілдікпен несиелеу үшін кәсіпкердің өз мүлкі немесе қаржылай депозиті болуы маңызды. Депозиттің ең төменгі мөлшері – сұралған несиенің кем дегенде 15 пайызынан төмен болмауы керек. «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің жобалары үшін несие сомасының 85 пайызына дейін ішінара кепілдік бере алады. «Даму» қоры банктердің ішкі саясатына араласпайды. Олар кәсіпкердің кепілзат мөлшерін өздері анықтайды және «Даму» қоры тарапынан ұсынылатын кәсіпкердің жобасына қажетті кепілдеме мөлшерін де белгілейді. Депозит сомасын клиент пен банк арасында келіссөз жүргізу арқылы және клиент тарапынан ұсынылатын қосымша кепілзат мөлшері бойынша төмендетуге болады.
Менің Саумалкөл селосында пәтерім бар еді. Облыс аумағындағы мүлкімді кепілдікке қоймақ болып едім, банктер өтінішімді қарамады. Осының дұрыс-бұрыстығын білгім келеді.
Қаныш Тулеушин: Расында, банктер үлкен қалалар мен облыс орталығынан алыстағы жылжымайтын мүлікті кепілдік ретінде сирек қарастырады. Несие алушы қарызын қайтара алмаған жағдайда ол пәтердің сатылуы неғайбыл. Бұл банктердің тәуекелі болғандықтан, олардың кепілдік және несие саясатына «Даму» қоры араласпайды.
Сондықтан, бизнес-жобаңызға кепілдік ретінде, жаңа кәсіпкер ретінде 15 пайызға дейін, егер тәжірибелі кәсіпкер болсаңыз – 50 пайызға дейін банктік депозит ұсынасыз. Қалған қажетті сомаға «Бизнестің жол картасы-2020» немесе «Даму-оптима» бағдарламасының талаптарына сай келген жағдайда «Даму» қоры кепілдік бере алады.
Біздің қаламызда менің жеке сән салоным бар. Оны кеңейтіп,құрал-жабдықтар сатып алып, жөндеуден өткізгім келеді. Естуімше, менің бизнесім мемлекет мән беріп отырған экономика саласына жатпайды. Несие алуға кепілдік қаражатым жетпейді. Маған «Даму» қоры көмектесе ала ма?
Қаныш Тулеушин: Кішігірім бизнесі бар, бірақ экономиканың басым бағыттарына жатпайтын кәсіпкерлер өз бизнесін дамытқысы келсе, кепілдік жетпеген жағдайда «Даму-Оптима» бағдарламасы бар. Дегенмен, кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 1 жылдан кем болмауы керек. Мұның егжей-тегжейін біздің сайтымыздан түгел біле аласыз.
Осылайша, оnline мәжіліс кезінде болашақтың кәсіпкерлері, бүгінгінің іскерлері тарапынан сауалдар өте көп болды. Оның ішінде кәсіпкерлікпен айналысу үшін шет елдерде білім алу, франшиза таңдау, стартап түрінде инновациялық жобаларды қаржыландыру, несиеге қол жеткізудегі жас ерекшелігі жайлы сұрақтар да көп еді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Қаныш ТУЛЕУШИН интерактивті кездесуді қорытындылай келе, мұндай пішімдегі шаралар шағын және орта бизнесті дамытуда оның ахуалын терең түсінуге септігі бар екендігін атады.
Айнаш Есали,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ