Ойдағымыз орындалды, еңсеміз тіктелді
Менің саналы ғұмырымның біраз бөлігі мемлекеттік басқару органдарында өтті. Облыстық атқару комитетінің төрағасы болған кезімде мұнайлы Атыраудың әр саласын, әр ауданы мен әр ауылын дамыту, өркендету үшін еңбектендік. Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланғанда да өңірдің проблемасына Үкіметтің, тиісті министрліктердің назарын аударуға тура келді. Өңірдің өркендеуіне қатысты кейбір мәселелермен кезінде Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен де ортақ мүдде тұрғысында пікірлес болып едік. Ол сол кездің өзінде әр облыстың проблемаларын жетік білетінін аңғартушы еді. Жас жігіттің жанарындағы жалындаған отты, елге, туған жерге жанашырлығын, отаншылдық сезімін көріп, қызметіне сырттай тілеулестік танытып жүрдік. Ал еліміз тәуелсіздігін алған тұстағы экономикалық, әлеуметтік ахуалымыз соншалықты мәз емес еді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда елімізде алғаш рет президенттік сайлау өткізілгені де әлі есімде. Қазақстанның мемлекет басшысын таңдауға сенім білдірген ең тұңғыш сайлауға әркім мемлекеттің тізгінін елдің келешегін ойлайтын, ұлттық мүддені көздейтін басшыға тапсырсақ деген үмітпен келді. Республика халқы сол сәтте елге тұтқа болатын бірден-бір үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Сол күнгі сайлауда дауыс беруге асыққан жұрттың көптігін әлі ұмытқан жоқпын. Мен де алғашқылардың қатарында сайлау учаскесіне ертелетіп барып, өз дауысымды Нұрсұлтан Әбішұлына берген едім. Мен секілді оған сенім білдіргендер де көп еді. Елдің сол кездегі үміті де, сенімі де бұл күндері өзінің жемісін берді. Тәуелсіздікті аңсаған ел-жұрт Тұңғыш Президентіне алғаш сенім білдірген соң 15 күн өткенде еліміз дербестігін алып, тәуелсіз Қазақстан атанды. Бірақ елдің тұралаған салаларына еңсе тіктету оңай емес еді. Осынау қиын кезеңде елі сенген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев реформаларды жедел жүргізіп, шетелден инвестиция тартуға қадам жасады. Өзіне сенім білдірген халықтың үмітін ақтауға ұмтылды. Содан бергі 25 жылда Қазақстан әлемдегі қуатты елдердің қатарына енді. Экономиканың әр саласы сауықты, ауылдарымыз еңсе тіктеді. Тұрмыс түзелді. Әр жылымыз тарихқа, мәдениетке, тіпті ауылға арналып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық істер атқарылды. Биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Осынау табысты, мерейлі мереке қарсаңында «Ешкім де біз үшін Қазақстанды қайта жаңғыртпайды, ол үшін әлемдік қоғамдастықта орын алуға қол жеткізбейді, біздің өміріміздің стандарттарын көтермейді», деп Елбасы Тәуелсіздіктің елең-алаңында айтқанын бекерден-бекер еске алған жоқ. Сөз мәнін ұғына алатындарға мұның астарында үлкен мағына бар. Ол – елдің бірлігі мен ынтымағы. Ол – жеңісті, жемісті биікке жету үшін талмай еңбектену. Ол – Қазақ елін тек өзіміз ғана көркейте, өркендете алатынымыз. Ол – Елбасына тіреу болып, айналасына топтаса білу. Ойға алған осы мақсатымыз орындалды, нәтижесі – Қазақстанды жаһан жұрты таныды. Еркін елдің еңселі елордасы – Астанамыз бой көтерді. Индустриялық-инновациялық жобалар іске асып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның экономикасы өркендеді, қазақтың өркені жайылды. Елге құт дарыды, берекеміз тасыды. Осының бәрі – Елбасының ерен еңбегінің жемісі! Алда да осы бағыттан таймай, бірлігіміз нығайып, Қазақстанымыздың қуаты арта берсін! Есен ТАСҚЫНБАЕВ, Атырау облысының құрметті азаматыӘлі талай белестерге шығамыз
Астанада өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынға Сыр өңірінен барып, Мемлекет басшысының қатысуымен болған шараның куәсі болдық. Жиында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағына көз жүгіртіп, алдағы 2050 жылдағы елдің жағдайын суреттеп берді. Рас, ол уақытқа дейін әлі талай оқиғалар болары сөзсіз. Дегенмен, 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіреміз. Елбасы мемлекетімізде орта санаттағы азаматтардың саны басым болатынын мәлімдеді. Сол кезде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Ол үшін бүгінде Ұлт жоспары аясында тиісті жағдайлар жасалуда. Ұлттық экономика еңбек өнімділігінің өсуі арқасында дами түседі. Мемлекет басшысының болжамынша, оның көрсеткіші бес есеге артып, бір адамға шаққанда 120 мың долларға өсетін болады. Сонымен бірге инновациялық даму моделіне көшетінімізді де айтты. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бес жылында 300-ден астам жаңа кәсіпорын салынатынын жеткізді. Елбасы Тәуелсіздіктің ширек ғасыры Еуразия жүрегіндегі Ұлы далада жазылған мың жылдық тарихтың жаңа дәуірі екенін айтты. Жаңа мемлекет құру мәртебесі ұрпақтың ең ұлы буынына бұйырғанын және ол бақытты буын біздер екенімізді мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы 25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәнін тұтас ғасырға теңеді. «Былтыр біз ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, тарихи оқиғаның мерейлі белесін кең көлемде атап өттік. Сан ғасырлық тарихының қай кезеңінде де бабаларымыздың алды тұманды, болашағы күмәнді болып еді. Жердің шетіне қада қағып, мөр басып, атақонысын біржолата иемдене алмады. Сан мыңдаған жылдар бойы ат үстінде жүріп, сайын даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қолынан келгенше қорғады. Бірақ, дәуірдің барлық дауылынан қайыспай төтеп берді. Бұл біздің халқымыздың Тәуелсіздікке жеткен, қайта жаңғырып, тұңғыш рет жаңа заманауи мемлекет – Қазақстан Республикасын құруға жігер мен күш-қуат алған тарихи жолымыз осы», деді Президент. Жалпы, салтанатты жиыннан алған әсеріміз зор. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жеткен жетістіктер толағай. Біздің Елбасының сарабдал саясатының арқасында әлі де талай белестерге шығатынымыз айқын. Наурызбай БАЙҚАДАМОВ, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысыТұғырымыз берік, мәртебеміз биік
Мемлекет басшысының қатысуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынды бәріміз демімізді ішке тартып отырып көріп шықтық. Онда Нұрсұлтан Назарбаев егемендікке ен салған ширек ғасырлық уақыт аралығында біздің асқан асуларымыз мен бағындырған белестерімізді бір шолып өтті. Расында да біз осынау 25 жылда дала мен қаланы қатар гүлдендірген қуатты мемлекетке, салиқалы саясатын жүргізген ұлағатты ұлтқа айналып үлгердік. Осы мерзімнің межесінде шекарасын шегендеп алған мығым мемлекет дәрежесіне жеттік. Тәуелсіздік жылдарындағы біздің ең үлкен жеңісіміз – Қазақстан әлем үшін тұрақты мемлекет болып қалыптасты. Соның арқасында қазірге дейін республика өнеркәсібі мен өндірісіне 265 млрд доллар инвестиция құйылған. Елдің әлеуметтік әлеуеті артты. Бұдан 20 жыл бұрын елдегі кедейлік деңгейі 36 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 12 есеге азайды. Егемен елдің еңсесі биік, жүзі жарқын, адымы қарышты, жұлдызы жоғары бола бермегін тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылда түгел айқын сезініп келеміз. Мұнда дара да сара басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін салтанатты жиында сөз алған толымды тұлғалардың барлығы да айтып шықты. Тәуелсіздік жылдарында біздің қол жеткізген ең ірі табыстарымыздың қатарында қазіргі заман талабына сай жаңғырту жүргізілген білім және ғылым саласы да бар. Оқуды инемен құдық қазғандай деп түсінген халқымыз білімнің – шырақ, ілімнің пырақ екенін де өте жақсы пайымдай білген. Сондықтан да бабаларымыздың «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деп айтып кеткен қағидалы нақыл сөзі біздің бүгінгі егемендіктің ертеңін ересен етпек болып жатқан мақсат-мүддеміздің басты бағдар-бағытының біріне айналып отыр. Президенттің көшелі көрегендігінің арқасында республикада білім саласын кешенді реформалау ісі бірден қолға алынды. Отандық білім беру жүйесі әуел бастан елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыртылуына қызмет етуге тиіс болды. Сөйтіп, еліміздің білім саласындағы мемлекеттік саясаты 1991 жылы заңнамалық базаларды реформалау бағытында жүзеге аса бастады. Ал еліміздегі білім саласын жеделдете реформалау 1995 жылдан арна тартты. Президент бастамасымен елде «Болашақ» атты ерекше мазмұнды бағдарлама қолға алынып, өзінің алдына қойылған мақсатын жүзеге асыру жолында жұмыс жасап жатыр. Бұдан басқа, «Назарбаев Университет», Назарбаев зияткерлік мектептерінің кең тараған желісі құрылуы білімге құштар оқушылар қатарының күрт көбеюіне үлкен серпін берді. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында университеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды. Қазіргі таңда Қазақстанның ересек адамдары сауаттылық деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімінің алғашқы үштен біріне кіріп отырғанында да осы атқарылған жаңғыртулардың ерекше үлесі бар. Бибігүл НҮСІПЖАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, профессор АЛМАТЫБарлық ұлттың басын біріктірген елміз
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астананың Тәуелсіздік сарайында өткен республикалық салтанатты жиынның берер тағылымы мол болды деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық», дей келе, елдің дамуында бірлік пен ынтымақтың маңызы өте зор болғанын тағы да бір атап өтті. Шынында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің мызғымас бірлігі мен ынтымағын cақтап, нығайту мәселесінде ТМД елдерінде, тіпті әлемде еш теңдесі, баламасы жоқ бірегей қоғамдық институт ретінде қалыптасып, даму үстінде. Елімізде, оның ішінде өңірімізде бір шаңырақ астына ұйысқан 80-ге жуық ұлттың өкілі бүгінде көптеген игі шараларды «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара», айрықша ауызбіршілікпен, тату келісім жағдайында жұмыла атқарады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың дәйектілікпен жүзеге асырылуы ісінде де Ассамблеяның алар орны ерекше. Өңіріміздегі 20-дан астам облыстық этнобірлестік пен аудандық мәдени-ұлттық орталықтардың ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді сақтап, нығайтуға байланысты әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына тұрақты атсалысатындары да аз емес. Биыл облыс орталығынан өркениеттілік талаптарға жауап берерлік заманауи келбет-айшыққа ие жаңа Достық үйі ғимаратының пайдалануға берілуі Ассамблея мен оның құрамындағы этнобірлестіктер мүшелерін айрықша қуанышқа кенелткенін де атап өтуге тиіспіз. Биылғы жыл мерекелі һәм берекелі жыл болды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай жыл басынан бастап, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 60-қа жуық мәдени-көпшілік шаралар өткізілсе, одан кейінгі айларда бұл көрсеткіш еселеп артты. Онда қолөнер шеберлерінің көрмесі мен концерттік бағдарламалардан бастап, кең ауқымды қайырымдылық шараларына дейін қамтылды. Мысалы, «Ақ желкен» жастар лигасы аға ұрпаққа құрмет көрсетумен бірге бүгінгі жас ұрпақты патриоттылыққа тәрбиелеп, баулыса, «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық компаниясы аудандарға арнайы сапарлар ұйымдастырып, көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуда. Қалай айтсақ та, күллі адамзаттың тарихындағы талай-талай ұлы оқиғалардың куәсі болған Қазақстан жыл өткен сайын дамып, барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Маржан ҚОЖАЕВА, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі ТАРАЗ