Елордада «Астана: кеше, бүгін, ертең» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жастар арасында мәдени мұраны зерттеуге деген қызығушылықты арттыру мақсатында бұл жиынды Президент орталығы мен «Астана дарыны» талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы бірлесіп ұйымдастырған.
Секциялық отырыстарда Астана қаласы мен Ақмола облысының 7-9 сынып оқушылары өз жобаларын ұсынды. Айта кетейік, конференцияға қатысуға 80-нен аса баяндама жіберіліп, оның 55-і екінші кезеңге өткен.
«Бүгінде бас шаһарымыз республиканың ірі саяси, экономикалық, мәдени және ғылыми орталығына айналды. Астананың тарихын, экологиялық жағдайын, туристік мәселелерін балалар осы бастан білуі қажет. Сондықтан біз бұл жиынға осы саланың алдыңғы қатарлы мамандарын шақырдық. Олар елорданың өркендеу жолын, қазіргі түйткілдерін, болашақтағы жай-күйін ортаға салды. Оқушылар да ойын бүкпей, ұсыныстарын ашық айтты», деді Президент орталығы директорының міндетін атқарушы Серік Сыдықов.
Қазақстанның құрметті сәулетшісі, сәулет ғылымының кандидаты Аманжол Чиканаевтың айтуынша, Астананың бас жоспарына арналған халықаралық байқауға әлемдік сәулет өнерінің шеберлері ұсынған бірнеше жоба сараптаудан өткізілген.
«Нақтырақ айтсақ, байқауға 47 шығармашылық ұжым қатысты. Мен ұйымдастыру комитетінің құрамында болдым. Байқаудың финалында 3 үздік жоба таңдалды. Бірінші эскиздің авторы – әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, екінші жоба – отандық сәулетшілердікі, үшінші жобаның авторлары – ресейлік мамандар еді. Астана сәулеттік қиялға шексіз еркіндік берді, ең батыл сәулеттік ұсыныстарды шешуге мүмкіндік берді», деді ол.
Аталған конференцияның ерекшелігі – бұрын мұндай жиындарға елорданың құрдастары шақырылатын, ал бұл жолы мектеп оқушылары мінбеге шығып, ұтымды ұсыныстарын айтты.
«2010 жылы Астанада «Жабық қала» кешенін салу жоспарланған. Шұғыл континентальді суық ауа райына төтеп беретін жоба 10 мың тұрғынға есептелген. Жергілікті сәулетшілер киіз үй сияқты жасауды ұсыныпты. Бірақ кейін бұл жоба аяқсыз қалды. Біз осы кешеннің келешекте де маңызды екенін зерттедік, ғалымдармен сұхбаттастық. Жалпы ұзындығы бір шақырымды қамтиды. Күмбез астында дамыған әлеуметтік инфрақұрылымдар, атап айтсақ, мәдени орталықтар, ғылыми зертханалар, ботаникалық бақтар мен ойын-сауық орталықтары бой көтереді. Қысы-жазы қалыпты ауа райын сақтап, жүз пайыз экологиялық тазалық кепілдігін береді. Қаланың аумағы шағын болғандықтан, экономикалық жағынан тиімді. Ең бастысы, туристердің көптеп келуін қамтамасыз етеді. Жобаның ресми атауы – Батығай. Өйткені Астана маңында бұрын осы аттас қала болғанын бірнеше тарихи деректер дәлелдейді», деді Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 «Е» сыныбының оқушылары Омар Нұрланұлы мен Рысбай Бекзат.
«Білім саласындағы статистикаға көз жүгіртсек, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру уақытында мұндағы мектепте бар-жоғы 45 мың оқушы болса, қазір 300 мыңнан аса бала білім алып жатыр. 1997 жылы қалада 46 мектеп қана болса, қазір 200-ге жуық білім ошағы бар екенін атап өткім келеді», деді Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Конференция нәтижесінде, Ерболат Қарақат «Астана қаласының тарихы және мәдени мұрасы (қала және аймақтың 1991 жылға дейінгі тарихы)» секциясында жеңімпаз атанды. Ал «Астана – тәуелсіз Қазақстанның елордасы» бағытында Камила Жүсіпова 1-орын алса, «Болашақтағы Астана» секциясында Жанерке Рысқұл көш бастады.