Бүгінде барлық салада әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті мамандардың болуы маңызды. Экономиканың жаңа үлгісіне көше бастаған елімізде ғылым мен инновация әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономиканың басты тірегі болуға тиіс. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IT мен биотехнология саласындағы революция адамзатты өзгертіп жатқандықтан білім жүйесі жаңа реалияларға тез бейімделуді қажет ететінін айтқан болатын.
«Әлемдегі жетекші мектептер балалардың креативтік потенциалын дамытумен айналысады, цифрлық технологиялар мен нақты ғылымдарды оқытады. Педагогтер оқыту әдістемесін ойын форматына ауыстырып, үнемі жаңа мамандықтар мен дағдыларды үйренеді. Бәріміз Қазақстанды гүлденген, дамыған елге айналдыруға ұмтыламыз. Бұған жетудің кілті – сапалы және қолжетімді, қазіргі заманғы білім. Осы салаға қуатты күш беру маңызды болып отыр», деді Мемлекет басшысы өткен жылы тамыз конференциясында. Президенттің игі бастамаларын негізге алған жастар бүгінде тың идеяларын іске асырып, инновациялық технологияларын ұсынып отыр. Нақтылай айтсақ, отандық «Q-Vision» IT компаниясы негізгі қызметі білім саласында оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға және білім ресурстарын цифрландыруға бағытталған инновациялық стендтер жасап шығарды. «Егеменнің» Түркістан облысындағы тілшілер қосынына арнайы келген жаңашыл жастардың мақсаты – инновациялық стендтерін елге кеңінен таныстыру, білім саласындағы басшылардың назарына салу, мұғалімдердің, оқушылардың пікірін білу.
– Шетелде өз қаражатымен білім алған бизнес серіктесім Дархан Есмағұлов елге келгенінде білім беру саласындағы жаңашыл, заманауи әдіс-тәсілдер туралы айтып, біздің елімізде де сондай инновациялық технологияларды енгізу қажеттігі жөнінде ой тастаған еді. Сол мақсатта біз әлемдік және отандық білім саласын толық зерттедік. Бір жарым жылдық ізденістің нәтижесінде осындай жобаны жасап шықтық. Біз жасап шыққан инновациялық стендтер мектептердің ішкі көрінісін сәндеп қана қоймай, заманауи технологиялардың көмегімен оқу сапасын жаңа деңгейге көтереді. Оқу үдерісін жетілдіру бағытында интерактивті 3D модель, өзекті ҰБТ тестілері және көптеген бейне-контент мектеп бағдарламасын тереңірек түсінуге, меңгеруге ықпал етеді, яғни оқушылардың жалпы білім деңгейін арттырады. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгінің баласы смартфон, гаджеттерге қызығады, көп уақытын бөледі. Жобаны жасау барысында бұл жәйт те ескерілді, яғни стендтер олардың оқуға қызығушылығын арттырады, заманауи технологияларды қолдану оқу үдерісін тартымды етіп, пәндерді тереңірек меңгеруге ынталандырады. Әрбір «Q-Vision» стенді QR-кодтар арқылы қолжетімді көптеген мәліметті қамтиды, бұл пайдаланушыларға ауқымды білім базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қолдануға ыңғайлы, яғни ақпарат смартфондар арқылы қолжетімді және сыныптағы үлкен экрандарда көрсетіледі. Ақпараттар үздіксіз жаңартылып отырады. Стендтерді ауыстырмай-ақ материалдарды тұрақты түрде жаңартып, ақпараттың әрдайым өзекті және заманауи болуы қамтамасыз етіледі. «Q-Vision» стендтері жоғары сапалы акрилден жасалған және күн сәулесі мен ылғал сияқты әсерлерден қорғалған. Дайын материалдар мұғалімдерге уақытты тиімді пайдалануға әрі оқушылармен жеке жұмысқа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ интерактивті стендтер көптеген дәстүрлі оқу материалдарын алмастырып, мемлекеттік қаражатты едәуір үнемдейді. Ауылдағы оқушылар ҰБТ-ға дайындық кезінде қалаға келіп, курстарға жазылатыны жасырын емес. Біздің жоба бойынша қалаға барып әуре болмай, мектепте дайындала алады, – дейді «Q-Vision» компаниясының бас директоры Ілесбек Жақыпбекұлы.
Қазіргі таңда инновациялық стендтер Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Түркістанның 1-2 мектебінде опробациядан, яғни тәжірибе жүзінде зерттеулерден өтіп жатыр екен. Алдағы уақытта еліміздің барлық мектебіндегі сынып қабырғаларында осы стендтерді көреміз деген ниеттегі жастар инновациялық өнім мұғалімдер мен оқушыларға ең ыңғайлы және қолжетімді форматта – ерекше авторлық дизайндағы стендтер түрінде ұсынылғанын айтады. Әрбір «Q-Vision» стенді AR/QR-кодтар арқылы терабайттар көлеміндегі мәліметтерге қолжетімділік, пайдаланушыларға ауқымды білім қорын бір жерден алуға мүмкіндік береді екен. «Мысалы, инновациялық «Эволюция» стенді Жердегі өмірдің эволюциясына арналған және біздің планетамыздың тарихын 635 000 000 жыл бұрын өмірдің пайда болуынан бастап «Homo sapiens»-ке дейінгі әсерлі көрнекі нұсқаулық ретінде ұсынады. Стендте әртүрлі организмдердің, жануарлар мен өсімдіктердің шамамен 200 иллюстрациясы, сондай-ақ әрбір эволюциялық кезеңдерін және біздің планетамыздағы биологиялық әртүрліліктің дамуын көрнекті түрде көрсетеді. Менделеевтің 118 элементін негізгі пән тақырыптары бойынша өзіміз тәжірибе жасап, видеоға толықтай түсіндіріп, оқушыларға қарапайым түсінікті тілмен жеткіздік. Ол жердегі, яғни біздің контенттегідей ақпарат интернетте, YouTube немесе басқа әлеуметтік желілерде жоқ. Тіпті жасанды интеллектіге салса да ондай ақпарат шықпайды. Өйткені оны өз мамандарымыз жасап шықты. Командамызда 40-қа жуық қызметкер бар. Жобаны жасау барысында ІТ-мамандарын, НЗМ мұғалімдерін, ғалымдарды тарттық. Еліміздің әйгілі профессорлары, білімін жетілдіру мақсатында шетелде жүрген отандастарымыз көмекке келді. Химия, биология, физика бойынша зертханалық жұмыстар жүргізілді. Оқушыларға үдерістерді көрсету мақсатында зертханалық зерттеулер жасалды. Кітаптан оқыған бөлек, әрине көзбен көргеннің жөні басқа. Инновациялық стендтердегі барлық ақпарат мемстандартқа сәйкес, сырттан алынған жоқ. Барлығы мектеп бағдарламалары шеңберінде. Біз оны 3D форматында өзгерттік, дамытып, жан бердік десек те болады. Отандық өнім, барлық ақпарат қорғалған, баламасы жоқ, басқа жаққа көшіре алмайды. Бейнематериалдардың сертификаты, өзіміз түсірдік деген құжаты бар», дейді бас директор.
«Q-Vision» компаниясы 6 пән бойынша стендтердің 18 түрін жасап шығарған. Олардың ішінде 200-ден астам жоғары сапалы бейне-лабораториялық жұмыстар, қазақ әдебиеті және орыс әдебиеті бойынша анимацияланған бейнешығармалар, жыл сайын жаңартылып отыратын ҰБТ-ға дайындалуға арналған 30 000 өзекті тест бар. Барлық ақпарат үш тілде, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілінде дайындалған. Кері байланыс та қамтылған. Яғни мектеп директорынан бастап оқушыға дейін компанияның «қолдау қызметіне» хабарласып, ұсыныс-пікірін айта алады. Ол қызмет тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын жақсартуға қатысты айтқан бастамалары жобаны жүзеге асыруымызға ықпал етті, жігер беріп ынталандырды. Президент Алматыдағы Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көптігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналатынын, ал ол жастардың, өзгерістерден қорықпайтын табанды әрі батыл адамдардың, соның ішінде ғалымдардың қолынан келетінін айтты. «Әлемдегі «Google», «Microsoft», «Apple» сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін. Өз мүмкіндігімізді мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициямызды нықтай түсу қажет», деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі, жергілікті жерлердегі білім басқармалары біздің жобамызды қолдайтынынан үміттіміз. Егер қаржылай қолдау көрсетілсе, еліміздің бүкіл мектебін қамту ниетіміз бар. Осы тарапта біз жасаған отандық өнім жан-жақты қолдауды қажет етеді», дейді компанияның бас директоры Ілесбек Жақыпбекұлы.
Жоба авторлары бүгінгі деңгейде тоқтап қалмай, заман талабына сай инновациялық стендтерді жаңартып, оқушыларды қызықтыру мақсатында технологияны дамытуды көздеп отыр. Мамандар оқытудың басымдығы оқушылардың белгілі бір білім, білік және дағдыларды игеруі емес, олардың өз бетінше білім алып, оны өңдей алу, қажет нәрсені таңдау, оны мықты есте сақтау және басқалармен байланыстыру қабілеті болуы керектігін айтады. Бұл орайда жобаны жүзеге асырушы жастар ұсынылып отырған инновациялық технологияларды кеңінен енгізу мектеп оқушыларының білім сапасын, танымдық белсенділігі мен оқу ынтасын жақсартуға жағдай жасайтынына сенімді.
Түркістан облысы