• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2016

Білім беруде жаңашылдық қажет

285 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде жаңашыл мұғалім ретінде даму – уақыт талабы. Жаңашыл ұстаз ретінде көрініп, заман ағымына сай шәкірттерге мемлекеттік тілді меңгертетін тіл маманы болу үшін жаңа әдістер қолданудың тиімділігі өте зор. XXI ғасыр ұстазы бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, терең біліммен қаруланған оқушы тұлғасын сомдау үшін өзі де шеберліктің шыңынан көрінуі тиіс. Қазіргі таңда оқу үрдісінде қазақ тілін оқытуда сан алуан жаңа әдіс-тәсілдер сапалы білім беруде үлкен рөл атқарады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, Қарағанды қаласының №40 негізгі мектебінде «Тәуелсіз Қазақстанның танымал көшбасшысы» атты ХХІ ғасыр көшбасшысы зияткерлік ойынын ұйымдастырдық. Оған мекте­біміздің Адина Левен, Дамир Түсіпов, Татьяна Никандрова, Мәдина Омарова, Абылай Жұмажанов, Мерей Әбдімомынова, Бекжан Оңдасын, Шырын Дидарбекова, Нұргүл Ахмет, Наталья Метелица, Седа Юнусова, Вальтер Леткиман тәрізді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мейлінше жүйрік шәкірттері қатысты. Олар «Мұрагер» және «Арман» атты екі топқа бөлінді. «Бәйге», «Полиглот», «Тіл өнері», «Ойлан, тап!», «Жорға» деп аталған кезеңдер­ден құрал­ған сайыс аса қызықты өтті. Мектеп әкім­шілігінен құралған қазылар алқасы сайыс соңында «Арман» тобын жеңімпаз деп танығанмен, екі топ та осал көрінген жоқ. Оқушыларға заман талабына сай сапалы, тиянақты білім беру – мұғалім алдындағы үлкен міндет. Оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын сабаққа енгізу бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы шарт. Себебі, елімізге заман талабына сай ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл азаматтар қажет. Сабақта тек білімділік мақсаттарды шешіп қоймай, балалардың жеке бастарының қасиеттерін, қабілеттерін дамы­тудың жолдарын қарастыруда дәстүрлі оқыту мен дамыта оқытудың айырмашылығын салыстыру кестесі арқылы көрсетуге болады. Мұғалім бұл жүйемен жұмыс жасағанда, үнемі оқушы санасында болып жатқан өзгерістерді бақылап, оның дамуын жан-жақты зерттей отырып, өз сабақтарын соған сай өзгертіп отыруы тиіс. Меніңше, жаңа заман мұғалімі өз бойындағы барлық жақсы қасиеттерді оқушыларға білім беру мен тәрбиелеуде үйлестіре отырып дарытуы керек. Өз ойларын еркін жеткізе алатын, алған білімдерін өмірде қолдана алатын оқушыларды жетілдіру – ұстаз қолында. Осы мақсаттарға жету үшін әрі қарай жұмыс істеу, шебер мұғалім болу әр педагогтың өзіне байланысты. Сәуле БҮРЛЕНОВА, №40 негізгі мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі ҚАРАҒАНДЫ