• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Табыс тасқыны толастамайды

139 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігі экономикалық табыстардың мұрындығына  айналды. Көрсеткіштер көңілді шалқытады. Осы мерзім ішінде Қостанай облысының өңірлік жалпы өнімі  363 есе өсті, ал оны жан басына шаққандағы көрсеткіш бұрынғыдан 504 есе көп! Негізгі қаржыға қосылған инвестициялар көлемі бүгінде  1,6 триллион теңгені құрайды екен. 25 жыл ішінде Қостанай облысы  аграрлы-индустриялы өңірге айналды. Ауылшаруашылық өнімдерін  өңдеу саласын қосқанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1991 жылы 10 миллион теңге шамасында болса, 2015 жылы 443 миллиард теңгеге жетті. Соңғы жылдары кен, яғни шикізат өндірісін өңдеу саласы қарқын алды. Өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторы 54 пайызды құрайды, ол осыдан 10 жыл бұрын өндірістің төрттен бірі  ғана болатын. Бұл Қазақстанды индустрияландыру бағдарламасының  тамаша нәтижесі екені анық. Соңғы алты жылда облыста 125 миллиард теңгені құрайтын 84 инвестициялық жоба жүзеге асты. Соның арқасында 5 мың қостанайлыққа жаңа жұмыс орындары ұсынылды. Облыста кәсіпорындардың сыртқы экономикалық-сауда байланыстарының өрісі кеңейіп келеді. Өңірде өндірілген өнімдер бүгінде әлемнің 80 мемлекетіне экспортталады. 2000 жылдан бері мұнда ауылшаруашылық техникалары, жеңіл, жүк машиналары, сэндвич-панель, картон, өсімдік майы секілді өнімнің көптеген жаңа түрлері өндіріледі. Қостанай облысы елімізде машина жасау орталығына айналып келеді. Бүгінге дейін машина жасау зауыттарында 30 мың жеңіл автомобиль сапқа қойылды. Алдағы уақытта да табыс тасқыны толастамайды. Қостанайда Қазақстандағы алғашқы электромобиль құрастырылды. Қостанайда құрастырылған JAC элек­тро­мобилінің 12 данасы алдымыздағы жылы ЭКСПО-2017 көрмесінде облыстың бренді ретінде көрсетіледі. Қостанай қаласынан орын тебетін индустриялық аймақ та табыстың кепілі боларына сенім мол. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ