• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2016

Сыр елі жұртшылығы ризашылығын білдіреді

292 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Қызылорда облысы жұртшылығы өкілдерінен құттықтау хат келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ардагерлер кеңесі, азаматтық қоғам институттары мен жастар ұйымдары атынан жолданған хатта тәуелсіздіктің ширек ғасырында еліміз қол жеткізген жетістіктердің бірі ретінде Арал теңізінің Қазақстан аумағындағы бөлігінің қайтадан суға толып, тіршіліктің оралғаны ерекше атап айтылған. Сондай-ақ, хат иелері Арал өңірі халқының тынысы кеңейіп, тұрмысы түзеле бастағанына назар аударған. «Өзіңіз бастап, іске асырған Аралды қалпына келтіру жобасының нәтижесінде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Облыс ыдырап, халқы босып кетуге аз қалған киелі аймақты сақтап қалдыңыз. Ата қоныс пен өз кәсібіне оралған бір қауым ел еңсе көтерді. Аралдың балығы өзіңіз салдырған жаңа жолмен Еуропаға мың тонналап экспортқа шықты. Ауыл шаруашылығына көрсетілген көмектің арқасында малшылар мал басынан, күрішшілер алқаптарынан жылдан жылға рекордтық өсім мен өнім алуда», – делінген хатта. Бұдан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында аймақтағы құрылыс қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгені айтылған. «Қаламыз құлпырып, мыңдаған отбасы жаңа үйден баспана алып жатыр. Тек өткен үш жылда облыс орталығында 11 жаңа шағын аудан бой көтерді» деп жазады хат иелері. Қызылордалықтар осындай игі іс-шаралар Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын шын мәнінде елдік мерекеге айналдыруға септігін тигізетінін сеніммен атап өткен.