Кеше Катар әмірі Хамад Бен Халифа ат-Таниге қастандық жасалды. Ел астанасы Дохада болған осы шабуылдан ол жарақат алған. Сарайына барар жолда әмір Ресей елшісімен кездесуі керек екен. Сол сәтте кортежге белгісіз біреу жақындап келіп, оның мәшинесіне оқ жаудырған.
Шабуыл салдарынан кем дегенде 8 адам қаза тауыпты. Жараланғандар саны одан да көп болса керек. Ал ат-Танидің жарақаты қаншалықты екені әзірге белгісіз. Қастандықтың себебі оның отбасының иелігіндегі атақты «Әл-Жазира» телеарнасының қызметімен тікелей байланыстырылып отыр. Өйткені, телеарна көрсететін кейбір эпизодтар бәзбіреулерге ұнай бермейді.
Дамаск түбіндегі қарулы қақтығыс
Сирия астанасы Дамаск қаласының тұрғындары кеше ертеңгісін авиабаза төңірегінде орын алған атыс пен қуатты жарылыстарды анық естіді. Төбеде әскери тікұшақтар қалықтаса, олар жерге зымырандар тастаған. Қару демонстранттарды қуып таратудан бас тартқан солдаттар мен офицерлерге бағытталған секілді.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, кейбір әскерилер орталық командованиенің бағынысынан шығып, көтерілісшілер жағына өтіп жатқан көрінеді. Бірақ Сирия президенті Башар Асад жағындағы әскерилер де жеткілікті екені байқалады. Мәселен, Хама және Хомс қалалары көшелерінде бронды техника мен үкімет әскерлері қайта-қайта бой көрсетіп келеді.
Әскери база мерзімі 49 жылға ұзартылады
Ресейдің Тәжікстандағы әскери базасын орналастыру мерзімі тағы 49 жылға ұзартылатын болды. Бұл уағдаластыққа Ресей президенті Дмитрий Медведев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның кездесуі кезінде қол жеткізілген.
Тараптардың сөздеріне қарағанда, базаны орналастыру мерзімін ұзарту туралы келісімге 2012 жылдың алғашқы тоқсанында қол қойылмақ. Ресейдің Тәжікстандағы әскери базасы осы елге өзара көмек туралы келісімге сәйкес 1993 жылы жіберіліп, содан бері қалдырылып келе жатқан 201-ші мотоатқыштар дивизиясы негізінде 2005 жылы құрылған болатын.
НАТО Үндістанмен ынтымақтаспақшы
НАТО Үндістанға зымыранға қарсы қорғаныс саласында ынтымақтасуды ұсынды. НАТО өкілінің айтуынша, мұндай ынтымақтастық альянс елдері мен Үндістанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Табысты ынтымақтастық жағдайында НАТО тарабы Үндістанға қорғаныс технологияларымен де жәрдемдесуге уәде беріп отыр. Бұл жерде Үндістанның негізгі әріптесі АҚШ болуы тиістігі түсінікті. Ал қазіргі кезде Үндістанда орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жоюға қабілетті ғана технологиялар бар.
Жақтасы мен қарсыласы қақтығысты
Египеттің экс-президенті Хосни Мүбәрактің соты қайта жалғасты. Сот процесі жабық жүруде. Сот ғимаратының алдында экс-президенттің жақтастары мен қарсыластары өзара қақтығысып қалды. Жанжалға екі жақтан ондаған адам қатысқан.
Біреулері «біз сені жалғыз қалдырмаймыз!» деп айқайласа, екіншілері «олар біздің балаларымызға оқ жұмсады, сондықтан тек қана жаза!» деп дауыс көтерген. Қазір Х.Мүбәрактің денсаулығы ауыр күйінде қалып отыр. Сондықтан оны сот ғимаратына тақтай төсекке жатқызып әкелген. Сотқа қатысты айтатын болсақ, кеше әуелі куәлардан жауап алынды.
«Рухнама» мерейтойы кеңінен аталады
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов бұрынғы ел басшысы Сапармұрат Ниязов жазған «Рухнама» кітабының онжылдығын кең және салтанатты түрде атап өту жөнінде тапсырма берді. Оның айтуынша, «Рухнама» түркімен халқының рухани кодексіне айналған.
С.Ниязовтың кітабында түркімен халқының тарихы мен маңызы және адамгершілік ережелерінің жиынтығы көрініс тапқан. Ол билік құрған кезде еңбекті оқу әр азамат үшін міндетті болатын. Бұрынғы президент кітабын жазып біткен күн – 12 қыркүйек мемлекеттік мереке деп жарияланған еді. Сондай-ақ қыркүйек айы мен аптаның бір күні аталған кітаптың атымен аталса, Ашғабадта ескерткіші орнатылған еді.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Иордан өзенінің батыс жағалауындағы еврей қоныстанушылары арабтың Кусра елді мекеніндегі мешітті өртеп жіберген. Израиль полициясы оқиғаны тексеруге кіріссе, мешітке Израиль қорғаныс армиясының күштері тартыла бастаған.
*Ингушетия жоғарғы сотының судьясы Тагир Оздоевтың ауласына белгісіз біреу әскери граната лақтырған. Оқиға 5 қыркүйекке қараған түні орын алған. Жарылыстан зардап шеккен ешкім жоқ. Тек ауладағы қосымша құрылыстар аз-маз қираған.
Еуропаның Украинадағы парламенттік сайлаудың қорытындыларын мойындауы жергілікті биліктің экс-премьер, оппозициялық қозғалыстың көшбасшысы Юлия Тимошенкоға қатысты ұстанымына тікелей тәуелді болады. Бұл жөнінде ЕО-ның Украинадағы өкілдігінің басшысы мәлімдеді.
*Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасында Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бакиевтің немере інілері ұсталған. Бакиевтің туысқандарының бірі 23 жастағы Асылбек, екіншісі 11 жасар Нұрсұлтан Салиевтер екен. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер Асылбектің шекарада жалған құжаттар көрсеткенін көлденең тартып отыр.
*Ауғанстанда жоғалып кеткен ГФР-дің екі азаматы өлі күйінде табылды. Олардың мүрделерін тау шатқалдарының бірінде сол маңның тұрғыны көріпті. Өлімнің неден келгені әзірше белгісіз.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.