• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2011

Маңғыстау мұнайының мерекесі

1510 рет
көрсетілді

  Маңғыстау мұнайының мерекесі осы саланың ардагерлерін ардақтап, аймақтың әлеуметтік   жағдайының  әлеуеттілігін арттыра түскен игі іс-шараларға толы болды 1961 жыл Маңғыстау аймағы үшін «ақ түйенің қарны жары­лып», атағы әлемге жайылған жыл болды. Сол жылы 5 шілдеде Жетібай жеріндегі бұрғылау шебері Николай Петровтың брига­да­сы қазу үстіндегі №6 ұңғыдан түбектегі тұңғыш қуатты мұнай бұр­қағы атқылады. 1961 жылы 5 қаңтарда Өзен алаңында атақты бұрғылау шебері Ғазиз Әбдіра­за­қовтың бригадасы қазған К-18 ұңғысынан Маңғыстауда тұңғыш табиғи газ алынды. Сол жылы 1 жел­тоқ­санда, бұл күндері халық «Маңғыс­тау­дың өзені – қара ал­тын­ның өзегі» деп орынды атап жүрген Өзен кен орнынан бұр­ғылау шебері Михаил Куле­бя­кин­нің бригадасы бұрғылап жатқан №1 ұңғыдан күшті мұнай бұр­қа­ғы атқылады. Міне, содан бері 50 жыл. Ал 1964 жылдан бастап Тасболат, Теңге, Қансу, Қараман­ды­бас, Жалғыз­төбе, Шығыс Қара­тұ­ран, 1974-1976 жыл­дары Қара­жам­бас, Қаламқас, Сол­түстік Бо­зашы кен орындары ашылды. Бұл күндері облыс аумағында 70-тен астам мұнай-газ кен орындары ашы­лып, халық қазынасын молайта түсуде. Жалпы, қазіргі таң­да Маңғыстауда Қазақстан мұ­найы­ның 24,8 пайызы, табиғи газ­дың 8,4 пайызы өндіріліп отыр. Егемен қазақ елінің ырысын еселеп, атағын әлемге паш еткен Маңғыстау мұнайының 50 жыл­ды­ғының Қазақстан Тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдық торқалы тойы ая­сында аталып өтуі мереке кө­рігін қыздыра түсіп, халықты елең еткізетіндей игі шараларға толы болды. Олай дейтініміз, осы мереке аясында Маңғыстаудағы кереметтей көрікті «Кендірлі» демалыс аймағында дәрі­герлік оңалту орталығы мен мұнай­шы­лар балаларының 250 орындық сауық­тыру демалыс орны, Жа­ңа­өзен қала­сындағы «Жұлдыз» ша­ғын ауданында 1200 орындық орта мектеп, 140 орын­дық «Шы­нар» атты балалар бақшасы сал­та­натты түрде ашылды. Осынау сәттерде алғашқы жылдары халық игілігі үшін тынымсыз ең­бектеніп, тер төк­кен бұрғышылар есімін есте сақ­тау да назардан тыс қалмапты. Соның бір дәлелі Жаңаөзенде бұр­ғышылар аллея­сы­ның салтанатты ашылуы және де кіреберістегі тұ­ғыр тасқа атақ­ты мұнайшы, белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, Маң­ғыстау мұ­найы­ның келешегі үшін ерекше еңбек сіңірген Нәсіпқали Мара­баев­тың «Әке­лердің ерен еңбегі – жастарға мұра» деген аманат сөзінің жазылуы да көпшілік көңілінен шықты. Тағы бір айта кетерлігі, осын­дай салтанатты сәттердің барлық мұнайлы аудан-қалаларда өтуі деу­ге болады. Жоғарыда айтқа­ны­мыздай, Маңғыстау мұнайы­ның бастау алған жері Жетібай алаңы. Сондағы алғашқы мұнай бұр­қа­ғы атқылаған № 6 ұңғы. Бұл күндері ол көпшіліктің көп келетін, тарихқа терең бойлап келешекке көз жіберетін жеріне айналған. Осы жолы да солай болды. Мұнай және газ министрі С.Мыңбаев, облыс әкімі Қ.Кө­шер­баев бастаған құр­метті меймандар, ардагер-мұнайшылар сол жерде тоқтады. Жиналғандарға сол бір қуанышты сәттің куәгері ардагер-мұнайшы Қ.Азанбаев әсер­лі әңгімеледі. Ол күн Жетібай жері мен елі үшін қуанышқа толы еді десек болады. Сол күні аймақтағы мұнай алыбы «Маң­ғыс­таумұнайгаз» АҚ қолдауымен шағын ауылдың өнерлі балалары үшін са­лын­ған 250 орындық Өс­кінбай Қалма­ған­бетұлы атын­да­ғы саз мектебі пайда­лануға берілді. «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ бас­қару­шы директоры А.Айдарбаев сим­волдық кілтті саз мектебінің дирек­торы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өлке өнерпаз­дары­ның ағасы Орын Құлсариевке салтанатты түрде табыс етті. Сол күні Жетібай кентінде 280 орындық балалар бақшасы да пайдалануға тапсырылды. Сондай-ақ, осы мереке аясында Жаңа­өзен мен Жетібай мұнайшыларының әлеу­мет­тік-тұрмыстық жағдайларын жақ­сар­та түсу мақсатында жаңа үл­гі­дегі асхана мен ауысыммен жұ­мыс істейтін мұнайшылар үшін жатақхана пайдалануға берілді. Маңғыстау мұнайының 50 жыл­дығына орай үш күнге со­зыл­ған мерекелік бағдарлама об­лыстық тарихи-өл­кетану мұра­жайында мұнай-газ өнер­кәсібіне арналған экспозициялық зал­дың ашылуынан соң Ақтау қаласында салтанатты жиынға ұласты. Оны облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев кіріспе сөзбен ашты. Мұнай және газ министрі Сауат Мың­баев Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың мұнай және газ саласы­ның ардагерлері мен қызметкер­лері­не жолдаған құттықтау хатын оқып, өз тарапынан да игі тілектер айтты. Елбасы құттық­тау­ын­да былай делінген: «Сіздерді Маң­ғыстау мұнайының 50 жыл­дық мерейтойымен және кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Биыл Тәуелсіз еліміздің 20 жыл­дығының аясында аталып отыр­ған Маңғыстау түбегінің ал­ғаш мұнайының ашылғанына 50 жыл толуы ерекше оқиға. Өйт­кені, облыстың құрылуы да, кәрі Кас­пийдің жағасындағы Ақтау­дай ша­ға­ла түстес шаһардың са­лынуы да 1961 жылы майлы қиян­да атқы­ла­ған алғашқы мұнай бұрқағымен байланысты. Сон­дық­тан да бұл өлкенің өткені, бү­гіні мен ертеңі де негізінен мұнай және газ өндіру, оны өңдеумен тікелей байланысты. Біз жер байлығын игеріп, оны ел қажетіне жұмсауда ерен еңбек еткен мұнайшы ардагерлерімізді мақтаныш етеміз, олар әрқашан құрметке лайық. Тәуелсіздіктің өткен 20 жылы ішінде қазақстандық мұнайшы­лар қыруар жұ­мыстар атқарды. Алайда алда тұрған міндеттер одан да зор. Салаға тың технологиялар әкеліп, жаңа кен орын­да­рын игеру қажет. Мұнайды сырт­қа шығару жолда­рын кеңейту міндеті де біз үшін ерекше өзекті. Еліміздің мұнай-газ саласында еңбек ететін азаматтар алда тұр­ған міндеттерді абырой­мен атқа­рып, индус­триялық-ин­новация­лық дамуымызға үлес қосатыны­на сенімім мол. Еліміз үшін маңызы аса зор еңбектеріңізге табыс, отбасыла­ры­ңызға береке мен бірлік, аман­дық пен саулық тілеймін!». Сондай-ақ салтанатты жиын­да ардагерлер мен озаттарға Үкі­мет басшысы Кәрім Мәсімовтің алғыс хаттары мен «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлы­баевтың құттықтауын «Қаз­мұ­най­газ» ҰК» АҚ басшысы Қ.Қа­был­дин жеткізді. Сөз кезегін ал­ған облыс әкімі Қ.Көшербаев Маң­ғыстау мұнайының терең та­рихы абзал ардагерлер мен өн­ді­рісті өлкенің әлеуметтік-эконо­ми­калық қарқынды дамуы жайлы әсерлі әңгімеледі. Жиналған жұрт­шылық 1961 жылдың 5 шілдесінде Жетібай жеріндегі ал­ғаш­қы мұнай бұрқағының басы-қа­сын­да болған әйгілі ардагер-мұ­найшы Жолдас Тоқжановтың әң­гі­месін қызыға тыңдап, қол соқты. Жиын барысында бір топ ардагерлер мен озаттарға ҚР Жер қойнауының құрметті барлау­шы­сы атақтары, Мұнай және газ министр­лігі­нің, облыстың құрмет грамоталары мен «Маңғыстау мұ­найының 50 жылдық» мерекесіне орай шығарылған төсбелгі­лер салтанатты түрде табыс етілді. «Қа­зақстан-Ақтау» телеарна­сы­нан «Қазы­на­лы түбектің қаді­рі» атты деректі фильм көрсе­тіл­ді. Облыс әкімінің бірінші орын­басары, техника ғылым­дары­ның докторы Амангелді Айтқұловтың төрағалығымен редакциялық ал­қа шығарған «Мұнайы мол Маң­ғыстау» атты алғашқы барлау­шы-бұрғышылар, қазыналы өлкенің 50 жылдағы өсіп-өркендеу жол­да­ры жайлы шежірелі сыр шертетін көлемді де көркем кітаптың таныстырылымы да сәтті өтіп, көпшілік қолына тиді. Маңғыстау мұнайының 50 жылдық мерекесі күндері аймақ адамдары мен қадірлі қонақтарға еліміздің айтулы өнер жұл­дыз­дары Н.Нүсіпжанов, Н.Өнербаев, А.Қосанова, Т.Асар және басқа­лар өнер көрсетіп, түрлі ұлттық спорт жарыстары мен аламан ат бәйгесі болды. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.