• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
30 Желтоқсан, 2016

1916 жылғы көтеріліс Ресейдің мемлекеттік думасында қаралған

780 рет
көрсетілді

1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісі барша Түркістан өлкесіндегі көтерілістермен бірге Ресей империализмінің мызғымас қамалын бұзған, монархияның құлауына жол салған, патшалыққа қарсы жұмсалған аса зор, күшті де қуатты соққылардың бірі болды. Сондықтан да Он алтыншы жыл көтерілісін зерттеу, оны күллі сол кезеңдегі ауқымында, барша түркі халықтары ішінде орын алған үдерістер ауқымында, Ресейдегі революциялық-демократиялық қозғалыс ауқымында қарастыру ешқашан маңызын жоймайды. Бұлардың ішінде орыс парламенті материалдары да болуға тиіс. Өйткені Ресей империясының Төртінші шақырылған Мемлекеттік думасы көтерілістің себеп-салдарларын талқылап, үкіметке, министрлікке, жергілікті әкімшіліктерге жолданбақ депутаттық сауалдарды бекіткен еді. IV Думаның 4-ші сессиясы 1916 жылғы 20 маусымда аяқталған болатын. Артынша, 25 маусымда, майданның қорғаныс жұмыстарына Азиядағы өзге тектілерді алу жайындағы патшаның әйгілі пәрмені шықты. Пәрмен, баршамыз білетіндей, Қазақ өлкесінде де, Түркістан өлкесінде де, әрине, ондағы қазақ аймақтарында да зор дүрбелең туғызды. Көтерілістерді басуға барлық жаққа жазалаушы жасақтар аттандырылды. Олардың қанды сойқандары жайындағы хабарлар түрлі жолмен империя астанасына да жетіп жатты. Сол ақпараттар нәтижесінде Мемдума Түркістан мен Дала өлкелеріндегі жергілікті жұртты «майданның қара жұмыстарына реквизициялау» туралы император пәрменіне байланысты тұтанған көтеріліс жайын және оны басу барысында орын алған келеңсіздіктерді тікелей біліп қайту үшін арнайы делегация жасақтайды. Дума делегациясының басшылығына думалық оппозиция лидерлерінің бірі, «еңбекшілдер» («трудовиктер») тобының серкесі Александр Федорович Керенский мен Думаның төрт шақырылымында да депутат болып сайланған қарт қайраткер, мұсылмандар фракциясының төрағасы Құтлы-Мұхаммед Батыргерейұлы Тевкелев енді. Делегацияға тілмәштық әрі көмекшілік жасау мақсатымен фракция бюросындағы жас қайраткерлер Шәкір Мұхамедияров пен Мұстафа Шоқаев ілесті. Делегация өлкені тамыздың ортасынан қыркүйектің басына дейін аралап, Жизақ, Әндижан, Самарқан, Қоқанда болды. Делегация өлкеде көптеген адамдармен кездесті. Керенский делегациямен өлкені аралаған жарты ай ішінде халық толқуының себептерін анықтайтын және жазалаушылардың қатыгездіктерін дәлелдейтін көптеген куәліктерге қанықты. Делегация Петроградқа оралған соң, қыркүйектің 10-шы жұлдызында, Керенский сапарларының нәтижесін депутаттардың жеке жиналысына хабарлаған болатын. Сол шамада қоғам қайраткерлері Бақытжан Қаратаев пен Жиһанша Сейдалин дала көшпенділерінің 25 маусым пәрменіне қарсы ереуілдеуінің себеп-салдарларын баян еткен «Қазақтар туралы естелік жазбасын» Думаға және үкіметке тапсырған. 1916 жылғы 1 қарашада Думаның бесінші сессиясы жұмысын бастады. Айдың аяғына қарай империяның Азия аймағындағы көтеріліс мәселесі Думаның соғыс комиссиясында талқыланды. Желтоқсанның басында Думаның қарауына депутаттық топтар тараптарынан үкіметке жолдануға тиіс үш сұрау салу мәтіні түсірілді. Ақыры, қойылған мәселе 13-ші және 15-ші желтоқсанда Думаның жабық өткізілген отырыстарында қаралды. Алғашқы баяндаманы 4-ші Мемдума мүшесі Александр Керенский жасады. Сөзін: «Біз бүгін талқылауға тиіс оқиғалар бұдан едәуір көп уақыт бұрын өтті, бірақ олардың салдарлары әлі сезіліп тұр, олардың салдарлары тек Түркістан мен Дала облыстарының ғана емес, бүкіл Россияның өмірінде әлі көп уақытқа дейін сезіліп тұратын болады», – деп бастады. Сосын «алыс Азиядағы өзге тектілерге қатысты біздің мемлекетіміздің саясаты» қилы көзқарастағы депутаттардың алауыздығын ұмыттыратынына сенім білдірді де, оқиғадағы оғаштықтарды көрсететін жағдайларды құжаттарға негіздеп, сөзін сабақтай берді. Баяндамашының көзі мынаған анық жетті: экономикалық күйзеліс, тыныш өмірдің бұзылуы орыстар жағынан да, түземдік халықтан да құрбандардың көбеюімен астасып жатты. «Бірнеше мың орыс тұрғындары және көптеген ондаған мың түземдік қаза тапты. Осы масқара трагедиялық оқиғалардың себептерін ашу, оны болдырған айыпкерді табу, Түркістандағы оқиғаларды туғызған тамырларды анықтап, олардың болашақта қайталануының алдын алу, – міне, менің алдыма қойып отырған мақсатым», – деді ол. Содан соң делегацияның көтеріліс орындарында тікелей жүргізген зерттеулерінің нәтижесін баяндауға көшті. Оқиғаны мол да нақты деректермен сөйлетті. Соғыс басталғалы жергілікті халықтан үздіксіз түрлі алым-салық алынып тұрғанын, майданға шақырылған орыстардың қожалықтарына көмектесу де түземдіктерге міндеттелгенін, олардың қожалықтарынан аса көп мөлшерде жылқы, түйе, киіз үйлер жинап әкетілгенін айтты. Халықты көтеріп, қырғынға ұшыратқан қанды тәртіпсіздіктер үшін басты айыпкер патша үкіметі боп табылатынын дәлелдеді. Заңға сыймайтын пәрмен жариялатып, оны дөрекі де озбыр түрде жүзеге асырған орталық биліктің болған тәртіпсіздіктер үшін айыпты екенін тұжырымдады. «Оқиға үшін бар кінә тек қана билікке – жол беруге болмайтын, адам айтқысыз заңсыздық жасаған орыс өкіметіне артылатынын біз атап айтуымыз керек, – деді ол сөзін аяқтай келе. – Ондаған мың жазықсыз өлтірілген адам қаны мойнында тұрған қылмыскерлердің жазасын беруден басқа, біз Түркістанды және басқа да шет аймақтарымызды басқарудың жаңа түрлерін енгізуді шұғыл түрде талап етіп, орындау кезегіне қоюға тиіспіз». Керенскийден кейін Дума мінберіне көтерілген Мәмед Жафаров мұсылман фракциясы атынан сөйлеп, осы оқиғаларға деген көзқарасын және оларды туғызған себептер мен жағдайларды атамақ ниетін аян етті. «Аса жоғары мәртебелі пәрмен Ресейдің шығыс шет аймақтарында – Кавказда, Түркістанда, Сібірде және дала облыстарында тұратын өзге текті халықтардың өмірінде тұтас бір дәуірді ашты, – деді ол. – Дүниежүзілік ұлы соғыс үдерісіне соған дейін ерекше экономикалық бітімімен өмір сүріп жатқан, жалпымемлекеттік құрылымда құқтары шектеулі азаматтардың айрықша жағдайында тұрған жүздеген мың өзге текті халық тартылды. Осының өзінен үкімет оларды жаппай шақыруға абайлап, ойланып кірісу қажет екенін ұғуы тиіс еді. Алайда, бәрі керісінше жасалды: өзге тектілерді шақыру Империяның Негізгі Заңдарын бұза отырып жүзеге асырылды, олардың шаруашылық жағдайларын ештеңемен ақтауға болмайтын сілкініске ұшыратты». Осылай дей келе, жоғарғы билік агенттерінің заңсыз әрекеттері жергілікті өкіметтің шексіз озбырлықтарына жалғасқанын нақты мысалдармен аян етті. 1-ші және 2-ші шақырылған Мемлекеттік думалардың мүшесі Бақтыгерей Құлманов Астрахан губернаторына Хан Ордасында майданның қара жұмысына шақырылғандарға қазақтар атынан жеңілдік сұрағаны үшін жер аударылып жіберді. Облыстағы сегіз болыс атынан шақыруды астық орылып, шөп шабылып біткенше кейінге шегеруді, әр отбасына бір-бірден жұмысшы қалдыруды, тізімді түзетуді қоғамның өзіне тапсыруды, медициналық куәландыру мәселесін дұрыс жолға қоюды сұраған құрметті қазақтарға Торғай губернаторы: «Сендер бүлік шығаруды ойға алдыңдар, байқаңдар – әйел, бала, шал мен кемпір демей, бәріңді қырамын, ешкімді тірі қалдырмаймын» деп жауап берген. Өз қоқан-лоққысын жүзеге асыру үшін губернияның түрлі аудандарына жазалағыш жасақтар жіберген. Оның үлгісімен Дала өлкесінің басқа облыстарына да жазалаушы отрядтар шығып, ойран салған. Баяндамашы жасақтардың масқара қылмыстарын әшкерелейтін көптеген мысалдар келтіріп, соның бәрі үкіметтің ғасырлар бойы өзге тектілерге бағытталған, олардың ой-пікірін де, тіршілігінің мүдделерін де елемейтін саяси дәстүрлерінің тікелей салдары екенін айтты. «Билікті асыра пайдалану – орыс өкіметінің өзге тектілерге арналған саясатының басты принципі» деп тұжырды шешен. Өкіметтің іс-дағдысын: «Қайдағы бір киргиз, сарт, түркмен үшін заң талаптарымен санасу не керек?» деп әшкереледі. Түркістан аймақтарындағы, Жетісу, Зайсан, Астрахан, Торғай, Қостанай жақтарындағы ахуалды әңгімеледі. Соғыстың қара жұмыстарына алынған жұмысшылардың жағдайына тоқталды. «Жұмысқа алынған киргиздарға түрме режимін қолдануда, оларды ұрып-соғу, дүрелеу, жұмысқа конвоймен апару – әдеттегі іс, тіпті, табиғи мұқтаждықтарын атқару кезінде де жұмысшылар соққыдан көз ашпайды» деп түйді. Әскери министр Шуваловтың соғыс-теңіз комиссиясында: «Бәлкім, мен билігімді асырыңқырап жіберген болармын, егер қажет деп тапсам, келешекте де тап солай әрекет етемін», – деп мәлімдегенін депутаттардың есіне салды. «Егер жоғары билік өкілдерінің заңдылық туралы түсінігі осындай болса, онда биліктің жер-жердегі агенттерінен не күтуге болады», – деп ашына сөз саптады 4-ші Мемдума мүшесі Мәмед Жафаров. Әйтсе де күндерде бір күн ондайларға билікті асыра пайдаланғандары үшін Жазалар жөніндегі ережелердің 311-бабында ескерілген заңды шараны – мүліктік құқтарынан айырып, арестанттық бөлімдерге айдау жазасын қолдану сәті туар деп үміттенетінін жария етті. Араға бір күн салып, 15 желтоқсан күнгі жабық мәжілісте жарыссөз болды. ІV Мемлекеттік думаның Ригадан сайланған мүшесі князь Серафим Мансырев өлкені Ресейге қосып алғаннан отыз жыл өткен соң, сонда барып үш жыл жұмыс істегенін айтты. Сонда көзіне түскен екі жәйтті әңгімеледі. Бірі – Түркістанда ежелден бар ирригациялық құрылыстардың қолданыстан шығып, су арналарының қаңсып қалғаны, екіншісі – орыс төресі келе жатқанда, алдында дірілдеп тұрулары үшін, базардағы саудагерлерді де, сатып алушыларды да шыбыртқымен сабау әдеті екен. Жергілікті әкімшіліктегі мырзалардың озбырлықтары түбегейлі өзгертілмейінше, осындай және бұдан да ауыр оқиғалардың бола беруі ықтимал екенін ескертті. Дондық әскер облысының депутаты, дәрігер әрі заңгер Моисей Аджемов 19 бен 43 жасқа дейінгілерді бір мезгілде соғыс жұмысына шақыру мемлекет мүддесі тұрғысынан ойлайтын адамның тірлігіне жатпайтынын айтты. Сөзін қорыта келе, Мемдума билікке: «Мұндай өкіметтің орыс атына лайық емес, ол тек қана жеркенуге лайық» екенін мәлімдеуге тиіс деді. Содан кейін жарыссөз тоқталды. Сұрау салулар дауысқа қойылды. Үшеуі де қабылданды. Келесі күні патша Думаны каникулға жіберу жайында жарлық шығарды. Желтоқсан айы бойы жергілікті әкімшіліктер сұрау салулар бойынша есептер беріп, баяндамалар әзірлеп жатты. Алайда, жұмысын 1917 жылғы ақпанның 14-де ғана жаңғыртқан Мемдуманың бұл мәселеге қайта оралуға мүмкіншілігі болған жоқ. Күркіреп революция тақалып келе жатты. Патша 25 ақпанда Думаны біржолата тарқатып жіберді. Бірнеше күннен кейін өзі де тақтан түсті... Біздің қазіргі шағын шолуымыздан айқын аңғарылатын жәйт сол, 4-ші Мемлекеттік дума өзінің жабық мәжілістеріндегі 1916 жылғы 25 маусым пәрмені түрткі болған шет аймақтардағы көтерілістердің себеп-салдарларын талқылауда құрметтеуге тұрарлықтай бірауыздылық көрсетті. Ұлт-азаттық көтерілістердің тұтануына ең басты айыпкер патша үкіметі екені ашып айтылды. Бұратаналарды соғыстың қара жұмыстарына шақырудың және оны заңдылық реттілікті белінен басып жүзеге асыруға тырысудың тыныш халықтардың шыдамын шектен шығарған шара болды деген ұйғарым жасалды. Үкіметтің ұзақ жылдар бойы әділетсіздікпен жүргізіп келе жатқан, шет аймақтардың экономикалық тыныс-тіршілігіне қиянат келтірген, бейтаныс өлкелерге орыс өмір салтын күшпен таңуға тырысқан отарлаушылық әрекеттерін Думада баяндама жасаған солшыл қайраткерлер ғана емес, жарыссөзге шыққан ең оңшыл, тек империя мүддесін ойлайтын қайраткерлер де сынады. Көтеріліс оты шарпыған өлкені басқарудың уақыт талабына жауап бере алатын жаңа тәсілі қарастырылуы қажеттігіне назар аударылды. Заңсыздықтарға жол бергендерді жауапқа тарту мәселесі де қозғалды. Әрине, Дума бекіткен депутаттық сұрау салулардың нәтижелері объективті себептерге байланысты орыс парламентінде жинақталмады, мәселе қайта талқылауға түспеді. Жергілікті әкімшіліктер мен салалық министрліктердің думалық сұрауларға әзірлеген жауаптарын, баяндамаларын, есептерін түгел жинап, ғылыми айналымға тарту және тиісті қорытындылар жасау – бүгінгі зерттеушілердің алдында тұрған зор міндет болып табылады. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы