• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2011

Еңсерілген істер бар, еңсерілмегені де аз емес

314 рет
көрсетілді

Өткен сенбі, 3 қыркүйек күні Тәжікстан Республи­ка­сы­ның астанасы Душанбе қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті оты­ры­сы болды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Отырыс ұйымның құрыл­ға­нына 20 жыл толатын мерейтойы қарсаңында өтіп отырғандықтан, оған деген қызығушылық үлкен болды және осы жылдарда қол жеткізілген табыстар мен алдағы перспективалар туралы көп ай­тыл­ды. Отырыс жұмысына Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтан басқа Армения Президенті С.Саргсян, Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев, Түркіменстан Президенті Г.Бердымұхамедов, Украина Президенті В.Янукович, Қыр­ғызстанның өтпелі кезеңінің Президенті Р.Отунбаева, Молдавия пар­ламентінің төрағасы – Пре­зи­денттің міндетін атқарушы М.Лупу, Белоруссия Премьер-министрі М.Мясникович, Өзбекстан Премьер-министрі Ш.Мирзиеев, ТМД Атқару комитетінің төраға­сы – Атқарушы хатшысы С.Лебедев қа­тыс­ты. Тәжікстан Респуб­ли­касы Пре­зидентінің «Кохи Сомон» атты мемлекеттік рези­ден­ция­сында бол­ған отырыс жұ­мы­сын осы елдің Президенті, ТМД Мемлекет бас­шы­лары кеңесінің қазіргі төрағасы Эмомали Рахмон жүргізіп отырды. Алдымен Мемлекет басшы­лары бірлескен суретке түсті. Одан әрі ТМД-ға мүше елдер мем­лекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуі басталды. Оны ашқан Эмомали Рахмон осы­дан 20 жыл бұрын әлемнің саяси картасында бірнеше тәуел­сіз мемлекеттер пайда болды. Олар біздің елдеріміз еді, мен сіздерді алдымен бәріміздің тәуелсіздік алуымызға 20 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын, деп бастады өзінің сөзін. Соны­мен қатар, ол біз биыл өзара ин­теграциялық байланыстарымыз бен ықпалдастығымыздың ұйыт­қы­сы болған Достастығымыздың 20 жылдығын да тойлағалы отыр­мыз, біз ұйымның алдағы уақыт­тарда да біздің елдеріміздің өзара байланысын тереңдетудегі рөлі арта түсер деген үміттеміз, деді. ТМД-ның 20 жылдығы қар­са­ңында өтіп отырған бұл саммит осы ұйым тарихын еске салып өтуді қажет етеді. КСРО атты алып империя бір күнде жалп еткенімен, орнында қалған ТМД оп-оңай құрыла салған жоқ. Ол – осы тарихи кезеңді өткеру маң­дай­ына бұйырған қайрат­кер­лер­дің саяси ерік-жігері, байсал­ды­лы­ғы мен көрегендігінің арқа­сын­да ғана бейбіт жолмен дамып, империяның ошағында қалған қо­ламтаның отқа айналуына ор­ын берген жоқ. Сол қайраткерлердің ішінде, әсіресе, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың атқарған рөлі ерекше екенін иісі ТМД жұрт­шылығы жақсы біледі. Ол өзінің әріптестерін өтпелі кезең­нің өміршең талаптарын мойын­дауға және оны мүлтіксіз орын­дауға үнемі шақырып, әрі жұ­мыл­­дырып отырды. 1991 жыл­дың 8 желтоқсанында КСРО-ға ене­тін үш славян респуб­ли­ка­лары­ның басшылары Беловеж ор­манында басқа ешкімге айтпай «халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде КСРО өзінің қызметін тоқтататыны» және үш республика Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құратыны ту­ра­лы құжатқа қол қойғаны жария етілгенде бүкіл әлем аңтарылып қалған еді. Қанды империяның тарағаны қанша қуанышты хабар болса да әрі қарай не болатыны жұрттың бәрінің жүректерінде белгісіздік сезімін тудырды. Журналистер жанталасып белгілі адамдардың пікірлерін беріп жат­ты. Нұрсұлтан Назарбаев сол кез­дің өзінде-ақ КСРО қол астын­дағы барынша танымал, ықпал­ды, ұсыныс-пікірлері өтімді, со­нымен бірге, байсалды саясаткер болатын. Енді не болады деген барша жур­налистердің сұрақ­та­ры­на ол бұл ұйымда Горбачевке орын бол­май­ды деген сөзімен КСРО-ның келмеске кеткенін паш етті. Дүдәмал болып жүрген көпшілік Н.На­зар­баевтың дуалы аузынан шыққан сөзден кейін КСРО-ның шынымен құлағанына көздері жетті. Ал 13 желтоқсанда Орталық Азия республикаларының бас­шы­лары Ашғабадқа жиналып, өз­дерінің әрі қарай қандай әре­кет­тер жасайтындығы туралы пікір алмасты. Бұл кездесуді алып-жұ­лып, мұсылман республикалары да өз одағын құрғалы жатыр деп жалаулатушылар көп болды. Бір­ақ кездесу қорытындысында қа­был­данған құжат тең құқықтық негізде ТМД қатарына енуді көз­деген еді. Осы кездесуден кейін Н.Назарбаев КСРО-дан тараған барлық республикалар басшыла­рын 21 желтоқсанға Алматыға ша­қырып, онда ТМД-ны елдің барлық аумағына тарату туралы келісімге қол қоюға шақырды. Сөй­тіп, КСРО іс жүзінде Н.На­зарбаевтың бастамасымен жи­нал­ған республикалар басшы­ла­ры­ның «Алматы декларация­сы­на» қол қоюымен ыдыраған еді. Бұл құжатқа қол қоюға тек Бал­тық бойының елдері ғана келген жоқ. Олар КСРО-ға байланысты дүниелермен шу дегеннен-ақ ат құйрығын шорт кесіскен-тін. Міне, сол оқиғаға да биыл 20 жыл толғалы отыр. ТМД өз да­муы мен қалыптасуы жолында Н.Назарбаевтай көреген қай­рат­кер­лердің айтқанымен ғана жүр­се, біздің елдеріміздің арасында берік экономикалық интеграция орнап, халықтарымыздың қазіргі тұрмыстық әл-қуаты әлдеқайда жақсы болатын еді. Бірақ толып жатқан мүдделер қайшылығы және оны шешу үшін компромистік қадам жасауға қайрат­кер­лер­дің саяси ерік-жігерінің жетіспеушілігі басқа елдер қолын жеткізе алмай жүрген интеграциялық құ­рылымның еркін дамуын тежей берді. Соның ішінде ТМД аума­ғындағы Әзербайжан мен Армения, Ресей мен Молдова, Украина, артынан Ресей мен Грузия ара­сында тұтанған кикілжіңдер Дос­тастық ішіндегі интеграциялық үдерістердің тереңдей түсуіне кедергі келтірді. ТМД-дағы барлық қуаты жағынан жетекші ел болып саналатын Ресей Федерациясы көр­шілеріне өз мүддесін мойын­дату үшін экономикалық қысым­дық­тар жасап отырғаны да ұйым ішіндегі өзара байланыстардың тығыздығына салқынын тигізуде. Мәселен, Ресейдің «Газпром» компаниясы газдың бір текше мет­рін Грузияға 2006 жылға дейін 110 доллардан сатып келсе, 2007 жылдан – 235, Арменияға 54 дол­лардан сатып келсе, 2007 жыл­дан – 110, Молдоваға 80 дол­лардан сатып келсе, 2007 жылдан – 170, Әзербайжанға 110 долларға сатып келсе, кейін 235 долларға дейін көтеріп жіберді. Мұндай бағаға газ сатып алуға құдіреті жет­пегендерге жылжы­майтын мү­ліктердің акциясын беруді талап етуде. Ал Украинамен ара­да­ғы газға байланысты кикіл­жің­дер бүгінгі күні жаңа айна­лым­ға шығып, артының қандай шешім табары белгісіз болып отыр. ТМД-ның өзге салалардағы да өзара байланыстары мен ын­ты­мақтастықтары өрістей қоймай­ты­нын көрген Қазақстан Президенті 2006 жылы оны көші-қон саясаты, көлік-коммуникация са­ла­сын дамыту, ғылыми-техни­ка­лық, мә­де­ни-гуманитарлық сала­лар­дағы өзара ықпалдастық және транс­ше­каралық қылмыспен кү­ре­су салаларындағы ынтымақ­тас­тық жасау ұйымына айнал­дырып, реформалау қажеттігін ұсы­нған болатын. Қазір сол ұсы­ныс біртіндеп жүзеге асып келеді. Со­ны­мен бірге, ТМД шең­берінде пайда болған ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және т.б. аймақтық ұйымдар өзінің өмір­шеңдігін көр­сетіп, өзара тиімді жолмен дамып келе жатыр. ТМД мүшелігіне өткісі келген елдер де жоқ емес. Соның ішінде Моңғолия мен Ауғанстан ТМД-ның кейбір құрылымдарының байқаушылары болып табылады. Сондай-ақ Грузия, Әзербайжан, Молдова, Ресей және Хорватия аумағындағы халықаралық қаты­нас­тардың субъектісі ретінде та­нылмаған кейбір республикалар да ТМД қатарына енгісі келетіндіктері туралы өтініш білдірген. Бірақ олар сепаратистік күштерге құрық беруі ықтималдығынан, қабылданған жоқ. Қысқаша айтқанда, осындай ахуалдарды бастан кешіп келе жат­қан Достастықтың құрылғ­а­ны­на енді 20 жыл толып отыр. Ду­шанбедегі отырыстың күн тәр­тібі бойынша мүше мемлекет­тер­дің лидерлері алдымен шағын құрамдағы кездесу өткізді. Онда күн тәртібі бекітілді. Одан әрі отырыс кеңейтілген құрамда, бекітілген күн тәртібіне сәйкес жалғасты. Онда әрбір елдің мемлекет басшылары шағын мәлім­деме жасады. Кезек өзіне келгенде Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаев биылғы жылдың ТМД үшін айрықша екенін атап көрсетті. Өйткені, біздің елдеріміз өз тәуелсіздіктерінің және 1991 жылы қабылданған Алматы Декларациясының 20 жылдығын атап өтіп отыр. Осы декларация біздің ортақ күш-жігер жұмсауы­мыз­дың арқасында Достас­ты­ғы­мызды дамытуға мүмкіндік берді, деді Қазақстан басшысы. Дос­тастықтың маңызы туралы айт­қанда: «Ол – біздің елдеріміздің арасында халықаралық құқық пен егеменді теңдік қатынасына негізделген жаңа қарым-қатынас орнату жөніндегі аса маңызды міндетті атқарып келеді. Со­ны­мен бірге, біз Достастық шең­берінде баяғыдан қалыптасқан достығымызды бекіте түстік», дей келіп, ұйымның өз жо­лын­да­ғы көрген қиындықтарына ойыс­­ты. Бір уақыттарда біздің Дос­тастығымызды сынамаған адам қалмап еді. ТМД өзін толығымен атқарып болды, енді оны тарату керек деген пікірлер де айтылды. Бірақ біз осыдан бес жыл бұрын оны реформалауды, атқарушы органдарын жетілдіруді қолға алдық. Соның арқасында ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжы­рым­дамасы бекітілді. Қазір 2020 жылғы дейінгі аралықта эконо­ми­калық даму стратегиясының орындалуы қамтамасыз етіліп жатыр. Соның арқасында және дер кезінде қабылданған шара­лар­дың нәтижесінде біздің ел­де­ріміздің шеңберінде әлемдік эко­номикалық дағдарыстың ауыр салдары жеңілдетіліп, ұлттық эко­номикаларымыз тұрақтылық­қа қол жеткізді. Қазір еркін сауда аймағы туралы келісім-шарттың жобасын әзірлеу аяқталып келеді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. ТМД-ны одан әрі дамытудың жолдары қатарында Қазақстан Президенті өзара пікір алысудың жиілігі және өзекті мәселелерді үнемі бірлесе шешудің маңызы зор екенін, тек осылар ғана біздің мақсаттарымызға қол жеткізетін тиімді және баламасыз жолдар болып табылатынын атады. Қа­зір­гі замандағы тұрақтылықты ны­ғайтып, қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету жолында біздің елдері­міз­дің өзара бірлескен іс-қи­мылдарының маңызы зор. Осы­лар арқылы ғана біз заманауи қа­терлерге қарсы тұра аламыз, деді. Сөзінің соңында Н.Назарбаев ТМД-ның мерекелік саммиті үс­ті­міздегі жылдың желтоқсан айын­да Мәскеудегі бейресми кездесуде болатынын жеткізді. Мен сол кездесуде ТМД-ның жасаған істерінің қорытындылары шыға­рылып, оның тарихи маңызын анықтайтын шығармыз деген үміттемін, дей келіп, ұйым Мемлекет басшылары кеңесінің 2012 жылға сайланған төрағасы Түркі­мен­стан Президенті Г.Бердымұ­ха­медовке жаңа істе табыс тіледі. ТМД мемлекет басшы­лары­ның 20 жылдық қарсаңындағы мәлімдемелері қысқа айтылса да мазмұнды болды. Олар ұйымның жетістіктерімен қатар, кемшіліктерін де шолып өтті. Әзер­бай­жан, Армения, Молдова басшы­лары ұйым аумағындағы созыл­малы сырқаттардың емі әлі күнге табылмай келе жатқанына өкініш білдірді. Соның ішінде Армения Президенті С.Саргсян талай тұл­ғалардың бұл істі еңсеруге белсене араласқан еңбектерін атай келіп, солардың қатарында болған Нұрсұлтан Назарбаевқа да ри­за­шылығын білдіріп өтті. Ресей Федерациясының Президенті Д.Мед­ведев өзінің сөзінде ТМД-ға байланысты Н.Назарбаевтың берген бағасы өте орынды екенін атап көрсетті. Мәлімдемелер жасалып бол­ған соң, мемлекет басшылары қа­ралған құжаттарға қол қойды. Соның ішінде Мемлекет бас­шы­ларының мәлімдемелері мен ТМД-ның 20 жылдық іс-әре­кет­те­рінің қорытындылары және ал­дағы перспективалары туралы сараптамалық баяндама жөнін­дегі шешімге, 1941-1945 жыл­дар­дағы Ұлы Отан соғысының ерлерін ұлықтау туралы келісімге, 2012-2014 жылдардағы заңсыз миграцияға қарсы тұру бағдар­ла­масына, әуе кемелерінің басып алынғаны туралы ақпарат түскен­де ТМД әуе қорғанысының іс-әрекетін ұйымдастыру туралы шартқа және т.б. қол қойылды. Қол қойылып болған соң журналистерге арналған шағын бас­па­сөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Оны ашқан Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон отырыста атқарылған жұмыстарға тоқтал­ды. Біз барлық тараптардың мүд­делері мен тілектерін ескере оты­рып, ұйымның одан әрі барлық сала бойынша, соның ішінде, әсіресе, сауда-экономикалық ын­ты­мақтастықты дамыту бойынша оның жолдарын қарастырдық. Біз ұйымның құқықтық мәртебесін жетілдіру, қабылданған міндеттемелерді орындау жауапкершілігі мен оның орындалуына мониторинг жасау қажеттілігін атап өттік. Бүгінгі күні еркін сауда ай­мағы жөніндегі келісім-шарттың жобасын әзірлеу жұмысы аяқ­та­лып келеді. ТМД бойынша соңғы уақыттарда қабылданған құжат­тарда ұлттық экономиканы жаң­ғырту мәселесі үнемі қамтылып келе жатқанын біз ризашы­лық­пен атап өттік, деді ол өзінің сөзінде. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеге келген бетінде, ТМД Мемлекет басшыларының отырысы басталмас бұрын, Молдова Президентінің міндетін атқарушы Мариан Лупумен кездесіп, екіжақты келіссөз жүргізді. Онда біздің елдеріміздің сауда-экономикалық, гуманитарлық бай­ланыстарын жандандырудың кейбір мәселелері талқыланды. Жақсыбай САМРАТ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.