Облыс орталығындағы Суворов көшесі бойында орналасқан ардагерлерге арналған тұрғын үйге тағы да бір майдангер келіп қоныстанды. Ол – Іргебай Жұмабеков. Ақсақалдың айтуынша, үй алуға байланысты берген өтінішіне орай құжаттары екі аптаның ішінде қаралыпты. Ал, пәтер кілтін алу үшін қала әкімі Бақытжан Жоламановтың қабылдауына келіңіз, – дегенді естігенде қатты таңқалыпты. Бала-шағасы, немерелерінің ортасында ақар-шақар өмір сүріп жатқан ақсақал қартайған шағында өзінің жеке пәтері болатынын ойламаған да шығар. Бұйырған кетпейді деген осы екен.
Иә, Іргебай ата ел тәуелсіздігінің арқасында осындай бір жақсы сыйлыққа қол жеткізді. Кеніште жүріп кен қазған қажырлы еңбегі зая кетпепті. Сонау бір жылғы 41-дің соғысында Таганрог, Дондағы Ростов қалаларын қорғауға қатысып, Сталинград шайқасында болған көрінеді. Соғыстан кейінгі жылдары «Майқайың алтын» кенішінде қарапайым жұмысшы болып еңбек етіпті. Іргебай ақсақалдың еліміздің Құрметті металлургі деген атағы да бар.
Әрине, балалары өздерін аялап өсірген әкелерінің жаңа пәтер алғанына қуанышты. Сөйтіп, енді, Іргебай ата да облыс орталығында, қалада сәнді де жайлы пәтерде тұратын болды. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен жаңадан бой көтерген арнайы «Ардагерлер үйі» аталған бұл үйде қарт кісілер үшін барлық жағдай жасалған. Төменгі қабатта дүкен, шаштараз, дәрігерлік бөлімше, басқа да әлеуметтік бөлмелер қызмет көрсетеді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.