Техниканың дамығаны, технологияның өрістегені жақсы-ау. Бірақ осы дүниелер қазақтың әзелден қалыптасқан еске сақтау қабілетіне ерекше әсер етіп жатқандай көрінеді. Өйткені, елдің тұтас тарихы мен өмір салты дастандар мен қиссаларда таңбаланып, ол ауыздан ауызға тарап, жазу мәдениеті қалыптасқан заманға жетіп еді. Бұрын батырлар жыры мен эпостарды жатқа соғып, таңды таңға жалғастырып жырлайтын жандар көп болған. Бүгінде олардың қатары сиреп кетті. Сондай жас талаптың бірі Қызылорда қаласында тұрады. Ол – 16 жастағы Алмас Аппазов.
Алмас жыр жаттауға бала күнінен әуес болыпты. Бастауыш сыныпта оқып жүргенінде ұстазы Гүлжанат Нұрмаханова би-шешендердің шешендік сөздерін жаттатқан екен. 3 сыныпта оқып жүрген кезінің өзінде 20 өлеңді жаттап, Тұрмағамбет оқуларына қатысыпты. Содан бастап жас талаптың қазақ әдебиетіне деген ерекше ықыласы оянып, жыр жаттаумен түпкілікті шұғылдана бастаған. Мысалы, ол әдебиетіміздің алтын көмбесі іспеттес көлемді әрі күрделі «Қобыланды батыр» жырының 3000 жолын жатқа біледі. Сондай-ақ, ол қаһармандық эпостармен қатар қазақ ақындарының ұзын саны 500 өлеңін жатқа оқиды. Мәселен, ұлы хакім Абайдың – 175, Шәкәрімнің – 105, Махамбеттің – 93, Шернияз Жарылқасынұлының – 5, Мұрат Мөңкеұлының – 27, Мұқағали Мақатаевтың – 30, Фариза Оңғарсынованың 25 өлеңімен қатар, өзге де поэзия өкілдерінің туындыларын тәуліктің қай кезінде сұрасаңыз да жатқа айтып береді. Жырдың кез келген шумағынан шатаспай жалғап әкететін ерекше қасиетке ие.
– Менің кіндік қаным тамған жерім – Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылы. Бұл өнерге деген құштарлығым сол топырақтан басталды. Өйткені, мені алғаш жыр жаттауға баулып, өнер бәйгесінде тұсауымды кескен бастауыш сыныптағы Гүлжанат есімді ұстазымның орны бөлек. Кейіннен қалаға отбасымызбен көшіп келген соң да бұл өнерден алыстамай, әрі қарай жалғастыруда қазіргі ұстазым Мереке Оразәлиева айырықша еңбек сіңірді, – дейді ол. Бүгінде қаладағы №3 мектеп-лицейдің 10 сыныбында білім алып жатқан Алмас зейінділігімен ғана емес, үлгілі тәртібімен де мектебінің мақтанышына айналған. Ол – сыныбының топ басшысы, оқушылар кеңесінің президенті. Өлең-жырларды жатқа оқумен қатар ол математикалық есептерді де шемішкеше шағады.
Білім мен өнерді бір бойына тоғыстырған жас өреннің тағы бір ерекше қасиеті – «Батырлар жырын» өзіндік мақамға салып оқиды. Бұл мақамды үйренуде өнерде жүрген жергілікті термеші ағаларынан дәріс алған көрінеді. Бүгінде ол республикалық байқауларда Сыр елінің намысын қорғап, мерейін үстем етіп жүр. Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне республика көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған батырлық эпос жыршылары байқауында Алмас оза шауып, бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Одан кейін «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қоғамдық қорының бастамасымен өткен «Тәуелсіздігім – тірегім, теберігім» атты облыстық балалар фестивалінде жүлделі II орынды иеленді. Семейде өткен республикалық Абай және Шәкәрім оқуларында III орынға лайық деп танылды.
– Мен үйдің үлкені болғандықтан атам мен әжемнің бауырында өстім. Бір қызығы, 6 жарым айымда дүниеге келген маған, үйдің үлкендері қатты алаңдаушылық білдіріпті. Әлемге әйгілі тұлғалардың көбінің шала туылғандығын ескерсек, бұл да кездейсоқ дүние емес шығар деп ойлаймын. Ал әжем – үйдегі менің басты бапкерім. Ол менің қате кеткен тұстарымды жөндеп, ақыл-кеңесін айтудан ешқашан шаршаған емес. Жыр жаттауыма осылай әркез қол ұшын беріп отырады, – дейді Алмас.
Текті өнерді өзіне серік еткен талапты жастың алдына қойған арман-мақсаты мен жоспары өте көп. Солардың бірі – «Қобыланды батыр» жырының алты мың жолын толығымен жаттап алу. Сондай-ақ, айтыс өнерінің алтын діңгегі мен көлемі жағынан қомақты туынды саналатын Сүйінбай мен Қатаған айтысын жатқа оқу да негізгі мақсатының бірі.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА