• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2017

Өрлеу негізі – білімді де белсенді қоғам

218 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 31 қаң­тарын­да жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің даму кезеңдерін және қазіргі уақытта елдің алдында тұрған экономикалық мәселелерді атап көрсетті. Қазақстан Бірінші жаңғыру кезеңін­де жоспарлы экономикадан нарық­­тық экономикаға көшті. Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» Стратегия­сының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Екінші кезеңнің нәтижесінде еліміз әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мем­лекеттің қатарына кірді. Өз Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанның Үшінші жаңғыру міндеттерін атап өтті. Бірі­н­ші басым­дықта елдің үдемелі техноло­гиялық жаңғыру мәселелері көрсетіл­ген. Ол, ең алдымен, өмірдің барлық сала­ларына ақпараттық (IT) технология­лар енгізу қажеттігін білдіреді. Еліміздің дамуы жаңа инновациялар IT-технологиясымен байланысты. Қазақстан тек тұтынушы емес, сондай-ақ, IT өнімдерін өндіруші елге айналуға тиіс. Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту болып табылады. Қазақстанның Үшінші жаңғыруында бизнес шешуші рөл атқаруға міндетті болады. Президент айтқандай, бизнес үшін шығындардың барлық түрлерін қысқарту ең маңызды шаралардың бірі болуы керек және бұл тек электр энергиясына, байланыс­қа, логистикаға, коммуналдық шығын­дарға ғана емес, сонымен қатар, әкімші­лік шығындарға қатысты дейміз. Эконо­мика­дағы мемлекеттік сектордың функциялары барынша жеке бизнеске өтуі тиіс. Үшінші басымдықта Президент макроэкономикалық тұрақтылықты белгіледі. Бұл салада, ақша-несие сая­сатында және экономиканы қаржы­ландыруда жеке капиталды тартуды ынталандыру рөлін қалпына келтіру керек. Біздің ойымызша, Ұлттық банк туралы Президент өте маңызды мәселе көтерді. Ұлттық банк тек қана инфляция ғана емес, сонымен қатар, экономиканың өсуіне жауапты болуы тиіс. Бұл Ұлттық банк миссиясының түбегейлі жаңа анықтамасы болып табылады. Президент экономиканы қолжетімді және ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету үшiн Ұлттық банк пен Үкіметке нақты тапсырма берді. Мұндай қаржыландырусыз экономиканың қайта өсуі мүмкін емес. Төртінші басымдық – адами ка­пи­талдың сапасын жақсарту. Осы ба­сымдықтың маңыздылығы, яғни ХХІ ғасыр­дағы жаңғыру барысы тек білімді, бел­сенді қоғамға ғана сүйенгенде жүзе­ге асатыны ешқандай талас тудырмайды. Бесінші басымдықта Президент институттық реформалар мен қауіп­сіздік мәселесі және сыбайлас жем­қорлық­қа қарсы күресті атап көрсетті. Мен­шік құқығын қорғау және сыбай­лас жемқорлықты азайту ел­дің жаң­ғыруы кезеңінде стратегиялық маңызы зор қадам болып табылады. Осы­лайша, Президенттің бұл Жолдауы Қазақстан­ның қазіргі замандағы рөлін және орнын анықтауда тағы бір ірі қадам болды. Қанат ОСПАНОВ, «Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының бөлім меңгерушісі