• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2017

Байланыс беки түседі

233 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлігінде «Жаңа мүмкіндіктер» бағдар­ла­ма­сы аясында «Қазақстан–Қырғызстан қатынастары: тарихы, қа­з­іргі күйі және даму келешегі» тақырыбында брифинг өтті. Оған Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Айымдос Бозжігітов қатысты. Тарихи тамыры бір, мәде­ниеті мен дәстүрі ортақ Қыр­ғызстан Қазақстанның сенім­ді серіктесі әрі әріптесі. Айырқалпақты аға­йын да өз тәуелсіздігін осы­дан 25 жыл бұрын алды. Со­дан бері түбі бір қырғыз жұр­ты Қазақ­стан­мен қанаттаса жү­ріп, ты­ғыз байланыс орнатып келе­ді. Ширек ғасыр бедерінде қос мем­­­лекетте бірлескен кәсіп­орын­­­дар ашылып, жол салын­ды. Соның нәтижесінде жақын көр­ші­мен алыс-беріс те, барыс-ке­ліс те артты. Әрине, қос тарап арасындағы ынты­мақ­тас­тық­тың да­муына ең алды­мен, мемлекет басшылары дең­­­гейін­­­дегі келіс­сөз­дердің, екі­­­жақ­­ты келісім­шарт­тардың, түрлі деңгей­дегі кез­де­сулер­дің ықпал еткені анық. Мәсе­лен, бүгінгі күнге дейін Қазақ­стан Президенті қырғыз жұр­т­ына 27 мәрте сапарлапты. Мұн­­дай жоғары деңгейдегі келіс­сөз­дердің аясында екіжақты әріптестікті одан әрі дамыту және нығайту тетіктеріне ық­пал ететін негізгі құжаттар қа­был­­данып, көптеген маңызды келісімдерге қол қойылды. Егер 2016 жылы Қырғызстан әлемдік сауда қауымдастығының 138 елімен сауда-экономикалық жағынан байланыстар жасаса, олардың ішінде 131 елмен – импорт, 82 елмен экспорт бойынша әріптестікке қол жет­кізген екен. Ал бұл мемлекет­тердің қатарында Қазақстан да тұр. Бір ғана мысал. Мәселен, Қырғыз Республикасының Ұлттық статистикалық коми­теті­нің мәліметтері бойынша, Қазақ­стан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 2015 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға артып, 2016 жылы 746,6 млн долларды құраған. Оның ішінде Қазақстаннан шығарылған экспорт мөлшері 563,9 млн доллар болса, қырғыз ағайын жақтан елімізге ағылған импорт көлемі 184,7 млн дол­ларға жеткен. Брифинг барысында сөз алған Қазақстанның Қыр­ғыз Республикасындағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Айым­дос Бозжігітов екіжақты әріптес­тік­тің деңгейін айқындай түсе­тін мұндай оң көрсеткіштер мем­лекеттер арасындағы байланыс беки түсуіне негіз болатынын жет­кізді. «Қазақстан және Қыр­ғыз республикаларының ға­сыр­лардан бері жалғасып келе жатқан шынайы достығы мен тату көршілігі екі ел­дің жо­ғары деңгейдегі саяси үн­қа­ты­суының негізі болды. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым еліміздің Қыр­ғыз­станның жақын көршісі ғана емес, сенімді серіктестерінің бірі екенін айтып келеді. Демек, біздің елдеріміздің арасында күрмеуі шешілмеген ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Яғни, қазіргі таңда әлемде қалыптасып отырған күрделі саяси-экономи­калық жағдайды ескере отырып, екі елдің өзара қарым-қатынасы тек екі жаққа да тиімді болуын мақсат тұтуымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақ­­стан Президенті қазақ-қыр­­ғыз ынтымақтастығына ай­рық­ша мән беріп келеді. Бұған 25 жылдың ішіндегі жоға­ры деңгейдегі сапарлар, келі­сім­шарттар мен келіссөздер дәлел», деді А.Бозжігітов. Со­ны­­мен қатар, ол бүгінде ха­лық­­аралық және өңірлік мәсе­ле­лерге қатысты саяси үнқа­тысу бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасында ешқандай да келіспеушілік пен қарама-қайшы көзқарас жоқ екеніне айрықша тоқталып өтті. «Біз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ секілді бедел­ді ұйымдар аясында көп­жақты ықпалдастық байланыс орнатып келеміз. Яғни, қос тарап­­тың ұстанымы да, бағы­ты да ортақ және ұқсас. Мәсе­лен, Қырғызстан 2009 жы­лы Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуіне, ал былтыр БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына орай қолдау көрсетті», деді Төтенше және өкілетті елші. Бұдан кейінгі кезекте Айым­дос Бозжігітов Қазақстан­ның Қырғыз Республикасының жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі екеніне тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, тәуелсіздік алған жылдардан бері Қырғыз­стан­ның сыртқы тауар айна­лымында Қазақстан тұрақты түрде үшінші орынды иеленіп қана қоймай, қазіргі таңда қыр­ғыз ағайынның лидер­лік пози­цияда тұрған шетел­дік инвесторларының бестігі қатарында да тұр екен. Мәселен, бүгін­де қырғыз экономикасына қазақ­стандық тараптан құйыл­ған инвестицияның жал­пы көлемі 1,5 миллиард АҚШ дол­ларынан асып түсетін көрі­неді. Қазақстаннан көрші елге ағылатын инвестиция көле­мі түрлі салаларға па­йыздық өл­шем­мен алғанда бы­лай­ша бөлінеді: инвес­тиция­ның 60 пайызы – қаржы секторына, 12 пайызы – ауыл шаруашылығына, 10 пайызы – тау-кен өндірісіне, 8 пайызы – су-энергетикалық секторға, 5 пайызы – туризм саласына, 3 пайызы – құрылысқа, 2 пайызы сауда-саттыққа ба­ғыт­талған. Бұған қоса, бүгінде қырғыз жерінде 300-ге тарта бірлескен кәсіпорын жемісті еңбек етіп жатса, олардың арасындағы кейбір компаниялар 100 пайыз қазақстандық капитал есебінен өз қызметтерін жандандырып келеді. «2016 жылы екі ел компаниялары 300 млн теңгені құрайтын келісімшарттарға қол қойды. Өткен жылы сон­дай-ақ, Қазақстаннан Қырғыз­станға негізінен астық және астық өнімдері, локо­мо­тив­тер мен вагондар, құры­лыс материалдары, азық-түлік, тұр­мыс­тық химия, теле­ком­муни­кациялық құрылғылар секілді тауарлар экспортқа шыға­рылса, ал Қырғызстан Қазақ­станға сүт өнімдері, көкөніс және жеміс-жидек, сондай-ақ қағаздан және картоннан жасалған бұйы­м­дарды экспорт­тады», – деді өз сөзінде елші. Әрине, қазақ-қырғыз арасын­дағы әріптестік байланыс тек мұнымен түгесілмейді. Қос тарап әріптестігі көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен әдебиет, туризм, су-энер­гетика салалары бойынша да біте қайнасқан. Мәселен, транс­шекаралық өзендер – Шу мен Талас ауыл шаруашылығы­на қажетті су ресурстары­ның негізгі қайнар көзі болып тұр. «Ор­талық Азияның әлеуметтік-эконо­микалық жағынан дамуы ең алдымен, су ресурстарына тікелей байланысты екенін білеміз. Шу мен Талас өзендері бассейндерінің маңайында 3 миллионнан астам тұрғын қоныстанған. Сондықтан, су ресурстары бассейнін басқару бойынша екі ел алдына қойыл­ған тиісті талап-міндеттерге сәй­кес, трансшекаралық өзендер­ ресурстарының теңгерімді бөлінуін қамтамасыз ету керек», деді Төтенше және өкілетті елші. Брифинг соңында Айымдос Бозжігітов мемлекеттер ара­сындағы екіжақты ынты­мақтас­тықты одан әрі жандандыру үшін мүмкіндіктер жеткілікті екенін айтты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»